Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

15.06.2023, 9:20 314

Ерғали  АБДУЛЛА

Далада  қалады…

Бәріміз жұмылып өз тілімізде, қазақша сөйлесіп кетсек, өзге тілде сөйлегісі келгендер ит болып далада қалады…

Таңдау

Көп қошқардың басы бір қазанға түсіп кетіпті. Нар тәуекел, қайнап-қайнап піскенін алармыз, піспегені қалар…

Қайсысы?

Бұрынғы сенатор мәжіліске ұрынып жүрсе, бұрынғы мәжілісмен мәслихатқа ұрынып жүрсе, бұл тұлғалық өсу ме, әлде өшу ме?

Пиә-пиә  дегенге…

Есекті құртқан пиә-пиә бізді де құртуға шақ қалды-ау.

Оңай  жол

Бәрі де партиялық тізімге кіргісі келеді. Алайда бұл тізімнің қысқалығы оң талабыңды теріске жібереді…

Мисыз  арақ

Арақ  тіліңді  шығарады,  аяғыңды  жүргізеді, жүрегіңді күйгізеді, сүймесіңді сүйгізеді. Батыл да қылады,  ақын  да  қылады.  Тек  бір  кемшілігі – аз  миыңды  көп  қылатын  дәрмені  жоқ…

Сасықтан  сақтан

Отырмаған креслосы, тышпаған жері қалмапты. Енді депутаттықтан дәмеленіп, мәслихатты сасытқысы келіп жүр…

Жаңа  «пОртфолио»

Күйі бар бір «қайырымшыл» кәсіпкер кедей-­кепшікке істеген қайырымдылықтарын тізіп жазып, ай-күніне дейін нақтылап, алғандардың алғыс-батасын көрсетіп, өзіндік «портфолио»  жасап  қойыпты…

Бір  команда

Әкім қалғып жүрсе, орынбасарлары есінеп, қарамағындағылары  ұйықтап  жүреді…

Менталитеттік  мін

Руына тартпаған, аталастарын айналасына алмаған, тегін түгендемеген, жерлестерін жанына жолатпаған, ауылдастарына арқасын көрсеткен, құрдастарынан қашып жүрген бұл да адам ба?!

Жат  ғұмыр

Қазақ болып туып, орыс болып өлді…

Қысқа  шақтар

Сұлулықта ұзақ ғұмыр жоқ. Қысқа-қысқа шақтар ғана бар.

«Нар тәуекел»  депті…

«Халқым» деп бір ауыз сөз айтып көрмесе де, халық қалау­лысы болуға жанын салып, кірісіп кеткендер есіктен-есікке жан екпін жүгіріп, жаман шалдарды шоқақтатып алдыға салып өріп жүр…

Міне,  кірпік!  Міне,  ерін!

Кірпігіне киім іліп қоятындай екен… Ернімен еден сүртіп алуға болады екен…

Жыл  өкініші

Шыр  айналып  тағы  бір жыл өтті. Бойдақ інілеріміз көзі аларып сүр бойдақ болып  қалды.  Отырып  қалған  қарындастарымыз  бетіне  әжім  түсіп кәрі қыз атанды…

Басқа  не  дейміз?

Ащы да болса шындық. Жақсы да болса сұмдық. Дымымыз құрып, іштен тындық…

Сенім  түрлері

Халқына қадірі барлар өзінің абырой-беделіне сеніп жүр. Ал қадірі жоқтар анда-мында жапсырған үгіт қағаздарына сеніп жүр…

Ремень – адам

Кейбір адамдар машинаның белдік ремені сияқты. Ішің жылып, өзіңе қарай тарта бастасаң, қатты қасарысып жер тістеп қалады…

Ұқсастық

Құмда да толқындар болады екен…

(Соңы. Басы  өткен  сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: