Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

01.12.2022, 9:00 217

Ерғали   АБДУЛЛА

Қисықтардан  құтылмадық

Біздің бордюрлер неге қисық-қисық? Көзі қисық құрылысшыларды тауып алып жүрген қай қисық әкім?

Аяушылық

Әкімқаралардың ел алдында оқыған бір дәрісі үшін алатын гонарарын кедей халық естімей-ақ қойсын, ести қалса естен танып қалуы мүмкін.

Ең  ауыр  сөз

«Өй, миың жоқ екен» десең, мисыздардың қылшығы да қисаймай тұра береді. «Әй, жүрегің жоқ неме-ау» десең, жүрегі жоқтардың жүректері қарсы айырылады.

Қарабайыр  тірлік

Тар да болса үйі бар, қара қатын биі бар, жарты шеке миы бар, айлықтан айлыққа жеткен күйі бар, қалтасында қара бақыр тиын бар…

Өзара  байланыс

Қабылданған заңдар әлсіз бола бастағаннан, халықтың өмірі мәнсіз, мемлекеттің жағдайы халсіз бола бастады…

Өз  әлемі

Адамдар ананы армандап, мынаны қиялдап жүріп өз әлемін жасап алады. Сөйтіп жан-жағы шектелген сол әлемнің ішінде алдамшы аз өмірін аяқтап тынады.

Үй  ішіндегі  хал

Енесі гүмпиген, атасы сүмпиген, баласы бұлтиған, келіні тылтиған…

Сая   тапқанда

«Саясын» тапқандар саясатпен айналыспайды екен…

Басшысына  қосшысы  сай

Ананы да бейшара дейсің. Мынаны да бейшара дейсің. Ау, олардың басшысы бейшара болғандықтан, бұлар бейшара болмай қайтсін?!

Қуаныш  пен  қайғы

Жастық шақта әр күнің, әр сәтің қуанышқа толы. Жер ортасы жасқа келгенде бір қуаныштың артынан бір қайғы сығалап тұрады. Ал қалжыраған қарттық келгенде әр қайғының ізіне өзің түсіп саумалап отырасың…

Жаңа  фобия

Марапат беру мен алудың жосықсыз дендеп кеткені  сондай –  кей адамның   бойында   фобия  қалыптасқан.  Ол – жұрт жамырай алып жатқанда, санатқа ілінбей қалып, марапатсыз  қалудан  қорқу.

Отбасы  мектебінің  шарты

Әке – көрнекілік. Ана – әдіскер.  Әке көрнекіліктің  өнеге-үлгісін, әдіскер ана ұрпақтарының уыз санасына жіліктеп-жіліктеп құйып отыруы шарт.

Шектелген  тәрбие

Кей ата-ананың баласына деген тәрбие-тәлімі ауласының шығар босағасына дейін ғана жетіп жығылады, одан  әріге  бармайды.

(Жалғасы бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: