Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

25.08.2022, 9:20 303

СҰРҚЫЛТАЙ

«Мен айтайын» деп білегін сыбанып шығып, сөз сұрағанымен де, ол ешқашан өз сөзін айтпайды…

ӨМІРДІҢ  АТТАРЫ

Өмірдің бір аты – дүние, бір аты – жалған.

ЖАРТЫ  МИЛАР  КӨБЕЙГЕНДЕ

Жарты милардың көбейіп кеткені сондай – бір адамның жұмысын даудырап, дабырлап бірнеше адам қосыла шауып әл-әзер істейтін болып жүр.

ӨЗІНДІК  ТІРЛІК

«Айналаңдағыларға айналып қара, жаныңдағыларды жақын тұт. Үнемі қолұшын беріп көмектесіп жүр» дегенді өзінше пәруәйлап, өз кәлласында өзінше қорытқан бір бозөкпе көрінген жұртқа қолының ұшын ғана беріп амандасып, сырғақтап сырттап жүр.

ҚАЙ  ЗАМАН?

Мал-теке  жинайтын  заман  болған. Қару-жарақ жинайтын заман да болды. Кітап жинайтын да заман болған. Қағаз бен арыз-шағым жинайтын да заман болды… Енді тек білім ғана жинайтын заман келсе екен.

ЖАСТАРДЫҢ  ӨКІНІШ  СӨЗІ

Машинасыз, көліксіз,

Өмір неткен көріксіз.

ЗАҢҒАР  ЗАҢНЫҢ  АҚЫРЫ

Жосықсыз заңсыздықтарды заңдастырып қойған заңғар заң да заман өзгерісіне төтеп бере алмай жойылып тынды.

БОЛАР  БАСШЫ

Марапатты дұрыстап тарата білді, біраз жұртты өзіне қарата білді.

ДӘЛДУБАЙ

Өзі түзелмесе де, қоғамды түзегісі кеп көзі ақиып жүрген дәндірәку дәлдубай…

ТОМАҒА  МІНЕЗ

Көзім  бар,  сөзім  жоқ.

(Жалғасы бар)

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: