Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

25.03.2022, 9:00 462

ЕКЕУІ  ЕКІ  ДАРА

Біреу жасына жетпей керіліп-созылып, аузы ырбиып, әл-әзер сөйлеп, ыңыранып-ыңырсып отыр. Біреу қартайса да, қос көзі жайнаңдап, көрінген қыпша белді көзбен ұзатып, құлдыраң-құлдыраң етіп жүр.

БӨСПЕ

Бөліп беретіні болмаса да, тап қазір бөліп беретіндей бөсіп беретіні бар.

ҚАРБАЛАС

Біреу біреудің қыл тұзағынан қаша алмай жүр. Біреу біреудің қыл тұзағына қара басын сұға алмай жүр.

ЖАЛТАҚ  пен  ТАЛТАҚ

Кедейдің баласының қайда барса да жалтағы қалмайды. Дөкейдің баласының аспандағы айға барса да талтағы қалмайды.

АШЫЛҒАН  АРАН

Түрлі-түрлі марапат, атақтардың көптігі сондай – оны алуға ұмтылғандардың аранын ашып жіберген.

ҚАТЫГЕЗДІК

Ең қатыгез ата-ана сол: туған баласын басқа тілде оқытып, қазақтықтан ажыратып, ұлы мұраты – ана тілін білуден  айырған…

ӘКІМДІКТЕ

Тым-тырыс кабинеттер… Тымсырайған адамдар…

ИІСІ  ТАНЫС

Көп кабинеттерден кешегі кеңестік бишікештік пен компартияның иісі әлі де шығып тұрады…

ШҮЛЕН

Қалтылдаған шалға да бір медаль, қаусаған кемпірге де бір медаль, қатынға да бір медаль, қаба сақалға да бір медаль, шүлдіреген шалаға да бір медаль, шөлтеңдеген «балаға» да бір медаль, алақаны астаудай парақорға да бір медаль, жаптым жала, жақтым күйе жалақорға да бір медаль, есіктен қарап су сұрағанға да бір медаль, «мен ғана қалдым» деп шу шығарғанға да бір медаль…

АМАН  ҚАЛҒАНДАРЫ  АЗ

Жалаңдаған, жантаңдаған, жортаңдаған, жұмаланған жағымпаздар талай-талай алтын бастарды ұзаққа апармай, боққа батырып тынды. Аман қалғандары аз-ақ…

НАСИХАТШЫЛДЫҚ

Кейде біреулер жақсы бір істі бастап алып, оны жабыла, жарыса, жағаласа насихаттап жүріп-жүріп, аяғында әлгі істі ұмытып, жаппай жарапазан айтып кеткенін де білмей қалады.

ӨМІР  «МАЗМҰНЫ»

Қай-қай өмірде де мазмұн бар. Алайда мазмұнның байлығы өмірдің  ұзақ-қысқалығына  байланысты  емес.

ӨТІРІКТІҢ  КӨЛЕМІ

Кішкентайлардың  кішкентай  өтіріктеріне  сенімсіздік білдіре аламыз. Ал, үлкендердің үлкен өтірігіне сенбеске басқалай  лажымыз  болмай  қалады.

ТОҒЫСҚАН  ТАҒДЫРЛАР

Әкім  халықтан  қорқады. Халық  әкімнен  қорқады. Қорқақтардың  басы  бір  қорада  тоғысып  тұр.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: