Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

13.01.2022, 10:30 421

Ерғали  АБДУЛЛА

Ұнамды  бейне

Үндемей жүр. Үндемей отыр. Үндемей жат. Үндемей күл. Біздің ортамыз  үндемегендерді  ұнатады.

Ұры  ниет

Төрде теңкиіп отырған, қызметте өскен, барлық мәселелерін алаңсыз шешкендердің мамыражай, марапатты тірлігін көрген кезде, сен де жоғарыдағыларға жағымпазданғың келіп тұрады екен.

Аты  дайын

Біраз жыл бастығым болған соң осы бір зытқыр туралы қаламым сүйректеп кітап жаза қалсам, кітап атын «Аңқылдақ алаған» деп ойлан­бастан  қояр  едім.

Жаңарған  кезең

Ел алдында елтең-селтең жүргендердің бәрі «Медаль алсам» деген үмітпен жүретін кезеңдер келіпті… Оны көріп «Медаль – өмірдің мәні  екен»  деп  түйін  жасап  қаласың…

Нәтиже

Біздегі мамандық таңдау мен маман даярлаудың жылдар бойы жүргізілген жұмысының нәтижесі сол – ешкім де қара жұмыс істегісі келмей  қалды.

Музыка  тыңдағанда

Жеңіл музыка – желпіндіреді, желіктіреді…

Халықтық музыка – қалпыңа түсіреді, қанаңа сыйдырады…

Қыжыртпа

Шатақсыз болсаң – атақсыз боласың.

Ащы  шындық

Өз ұрпағыңды өзге емес, өзің аздырғың, адастырғың, тексіздендіргің келсе, ана тілінде емес, басқа тілде оқыт. Ұзақ өміріңнің соңында «нәтижесін» көріп кетесің…

Мәні  өзгерген  мәтел

Бір ақын атақ алса, қырық өлеңші түс көреді.

Тойған  тоғышарлардың  желі

Әуелде жүздеген мыңдар желге ұшып жоқ болатын. Кейін миллиондар желге ұшып жоқ болатын болды. Қазір миллиардтар желге ұшып жатыр… Соған қарағанда алапат желді тойған тоғышарлар жіберіп жатыр-ау!

Әлем  танығанда

Әлемге танылайық деп заржақтанудан танбайтынбыз. Періштенің құлағына шалынды. Димашты әлем таныды, төбесіне көтерді. Бірақ онымен енді қазақтың жұмысы болмай қалды…

Ортасын  тапқан

Мына бір шала сауатты сабазың жоғарыдағылардың арасына қалай сыйып жүр екен деп аямай-ақ, мүсіркемей-ақ қой. Ол нағыз өз ортасында  ордаңдап  жүр.

Шыртықтың  суреті

Бойы быртық, өзі шыртық болса да, шіренгенде де шіреніп түскен суреті «Құрметтілер» кітабына сыймай шіреп тұр…

Жастықтан  қалған  әдет

Кем иектеніп кемпір боп қалса да, өзі қатар­лы шал-шауқанды көргенде, ұрлана көз тастап, майысып, бетінің ұшы қызарып қалады.

Бұзылған

Еркектің сызылғаны – келеге келмей бұзыл­ғаны…

(Басы өткен санда. Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: