Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

11.11.2021, 9:30 355

ЕҢ  АҚЫЛДЫ

Ең ақылды адам – тілдегенге үндем­еген дегенге, ең ақылды адамдар  ғана  сенеді.

СЕРПІН  ҚАЙДА?

«Экономикамызда серпін бар» деген сөз серпіліссіз өмірімізге серпін  туғыза  алмай-ақ  келеді.

«ҮЛЕС»

Білім саласының әбден шат­қаяқтап тұралауына білім министрлері бір кісідей «үлес» қосты-ау деп іштей  еріксіз  ойлап  қаласың…

БАС  ТАРТУ

Ары таза еместермен араласқың келмейді, қолы таза еместермен дас­тарқандас  болғың  келмейді.

ҚҰБЫЛЫС

Майдаланып, уақтанып, құрт­шабақтанып барады… Ілкімді  ірілікті  ілуде  бір  рет  қана  көріп  қаласың.

ҮЛКЕН  ҚОРҚЫНЫШ

Дей алмай жүргенімізде, деп жүр­гіміз келіп жүргенде жалаңдаған жемқорлар дымымызды қалдырмай түте-түте қып жеп қойып, тісін шұқып отырмасын деген ойдан түн ұйқымыз  төрт  бөлінеді…

БҰЛАРҒА  НЕ  БОЛҒАН?!

Күліп жүретін әкімді көрмегелі көп болды. Бәрінің де қабақтары қатулы, көздері тұнжыр. Талаптары кері кеткен адамдай түрлері қапалы. Ау,  бұларға  не  болған?!

КЕРЕҒАР

Бәрі де білімді көрінуге тырысатын мына заманда кітап жазып, кітап жинағаныңа да бір сәттерде өкінетіндей  күй  кешетінің  қызық.

ЖАҢА  ЕСІМ,   КӨНЕ  ФАМИЛИЯ

Жас кадрлар шүпірлеп өріп жүр. Жаңа есімдерді көріп қуанайын десең, фамилиялары – қырық жылдан бері құлақ сарсылтқан көне фами­лиялар…

КӨРІНБЕС

Кей өңірдің халқы әкімдерін газет­тің  бірінші бетінен ғана  көре­ді…

ӘДЕБИЕТ  ӘЛЕМІНДЕ

Бір жазушы бір жазушыны мақтап жатыр. Бір ақын бір ақынды мақтап жатыр. Жазушыны тек жазушы, ақынды тек ақын оқитын заман  келген  бе?!

БӨСТЕКЕ

Көпсітіп көп әңгіме айтады – ісі жоқ. Қыршитындай көп шайнаң­дайды – тісі  жоқ.

КЕДЕЙДІҢ  КЕРБЕЗДІГІ

Кедей қоғамда кезі келгенде бір кербезденіп,  кердеңдеп  қалудың   өзі – бір  жетістік.

Ерғали  АБДУЛЛА

Арал қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: