МҰҒАЛІМ
Көп темірден кеудесіне тағатын бір темір бұйырмаған…
КӨТЕРЕМ ДЕПУТАТ
Ана мәселені бір көтерем деп, мына мәселені бір көтерем деп, ақыры ештеңені көтере алмайтындығы көрініп, айнала жұртқа оның көтерем сорлылығы көрініп қалды.
КӨП БОЛСЫН
Тіріңде жақтаушың көп болсын, өлгенде жоқтаушың көп болсын.
ЖАЗАРМАНҒА ЕСКЕРТУ
Тыныс белгіні дұрыс қоя алмасаң, тынысыңды кеңейте алмайсың.
ЖАҢА ЛЕК
Бай кісілер қай заманда да бар еді… Енді бай қатындардың легі пайда болыпты…
СЕНІҢ АТЫҢ КІМ?
Артистің аты – артист. Ақынның аты – ақын. Әкімнің аты – әкім. Қатынның аты – қатын. Артистерге тамсанып, ақындарды қарсы алып, әкімдерге иіліп, қатыныңа түйіліп, құбылып жүрген сенің атың кім?
«ОЗАТ»
Грамотасы көп, миы аз.
БҮГІНГІ МАҚАЛ (өзімнен шыққан)
Жаман әйел табақ жалайды, жаман еркек табан жалайды.
ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Тұлыптай боп семірген, желкесі күдірейген жуан-жуан қыздар мен тарам еті сықырлаған сүйегіне ілінген жалаң-жалаң жігіттер екен…
КОУЧОНОМИЯ
Коучтың ақылын ауыш қана тыңдайды.
ТӨБЕЛЕС ДЕСЕ ТӨБЕЛЕС, КҮРЕС ДЕСЕ КҮРЕС
Төбелесе білмесең – бір сор: бір уақта бірсыпыра бозымбайдың төбеңде жүргенін көресің. Күресе білмесең – тағы да бір сор: итеріп-итеріп өзіңді күресінге ысырып тастайды.
МӘҢГІЛІК МҰРА
Атасынан қалған, әкесінен ауысқан ақымақтығы енді міне, ұрпағына кетіп барады.
БЕТ
Адам бастық болғанда бірінші өзгеретін – бет екен. «Жаңа» беттерді көргің келсе, жаңа бастық болғандардың алдына бар… Бұрынғы таныс беттерді таба алмай, тани алмай дәудіреп қайтасың…
ШАЛДАР, МОЛОДЕЦ!
Кеңестік қиғылық заманда қай жағынан да шыңдалған шалдар мықты-ақ. Қай жерде реті келіп тұрса, күй талғамай, алдына құйыла қалғанды кеңірдектен әрі қарай құя салуға дайын тұрады…
ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІНДЕ
Бұрынғымыз да ертегі… Бүгінгіміз де ертегі… Болашағымыз да ертегі… Айтқанымыз да ертегі… Көргеніміз де ертегі… Көрсеткеніміз де ертегі…
АХУАЛ
Заман сыр бергенде сайқымазақтар сахна төріне, ел алдына, көш басына шығады…
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
(Басы өткен санда. Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!