Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Молда»: молдасы көп, иманы аз заманға сай фильм

13.03.2025, 16:20 81

HALYQLINE.KZ

Алмағайып дүниеде, өзгермейтін рөлдер жоқ. Фильмдегі ауылдың аты – сол үшін «Өзгеріс»!

Қылмыскерді көпшілік сырттан күнәһар деп айыптағанымен, оның сол жолға түсуінің себебі мен сыры өзі мен бір Құдайына ғана аян! «Молда» фильмінің идеясы – соның дәлелі.

Отандық коммерциялық кино бағытының даму қарқыны белсенді. Бұл процесс – қоғамдық маңызы бар тақырыптардың экрандағы дүмпуі.

Режиссер Абдусаид Тулегеновтың «Молда» фильмі өзекті тақырыпты көтерді. Иман мен ар-ұят Құдайдың сын таразысына түскен бүгінгі заманда адамзатқа құндылықтарын қайта ой елегінен өткізудің қажеттілігі бар.

Ескілік ұғымдар құнын жойып, рухани құндылықтар жаңаша деңгейде қайта жаңғырады. Иман мешітте емес, адамның жүрегінде өз орнын табады.

Фильмдегі мешіттің бейнесі – Құдайдың үйі рөлі ретінде көрсетілгенімен, кей құндылықты қайта сыни ойлаудың сараптауынан өткізгеніміз сауаттылық болады.

Ілім – Құдайдан! Ең жоғарғы ілім – өзіңді тану! Құдайшылдық – адамшылдығыңды жоғалтпау! Дұға – өз ана тіліңде шынайы ниетіңмен Жаратушыдан қалауыңды сұрау! Құдайдың үйі мешіт – көшеде қаңғып қалған тірі пендеге тәулік бойы есігі ашық тұрып, далада қалмауына жағдай жасайтын, елдегі қиын апатты жағдайда баспанасыз қалған жандарға пана болатын орын.

Кез келген ғимарат – ең бірінші архитектура өнерінің өнімі. Құдайға деген мінәжат кез келген жерде шын ниетпен жасалса қабыл болады. Адам жанының жаратылысы туралы ағартушылық жұмысты кәсіби психология ғылымының негізіне сүйеніп, тәжірибелі мамандар адами түсінікті тілде жүргізгені абзал.

Садақа беру – әр жеке адамның өз еркінің парызы. Мешіттегі жәшікке, есебі халық алдында ашық болмаса, ешкім соңғы тиынын апарып салуға міндетті емес.

Жан – Құдайдан! Әр адам өз жанының рухани саулығына жауапты. Мешіт – жүректе! Нағыз иман – білім алу! Қараңғылықтың шырмауында қалмау! Білім – жарық! Ең жоғарғы әдеп – өзгенің тағдырын айыптамау! Әркім өз жазасын өзі көтереді. Құдай ешкімді алаламайды.

«Молда» фильмінің идеясы осы ұстанымдарды дәлдікпен нақтылап бере алмаса да, көрерменге ой салатын, драматургиясы жалықтырмайтын динамикамен авторлар өз деңгейінде жақсы өнім ұсына білді.

Фильмдегі басты рөлді сомдаған актер Мадияр Серікбаевтың шеберлігін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның актерлік мектебінің жаңа буын өкілдері қазір отандық фильмдерде өте белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысы – жеке-дара ерекше типаждағы келбеттер. Режиссерларымыз олардың потенциалдарын толық ашатын әрі халықаралық деңгейге дейін алып шығатын жобаларға белсенді қолданады деп сенемін.

Фильм идеясының концепциясы Құдайшылдық жолындағы ізденістерін қылмыс әлімінің серкелерінің төңірегінде ашуға тырысады. Бұл мәселе – біздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінде болған жағдай. Әділдікті қарақшылар орнатпайды.

Фильмде ауылдағы халық пен жастарды мешітке алдап болса да шақырып, жұмаға баруды насихаттайтын идея бар. Бұл бағытта көрерменге идея насихаттауда абай болу маңызды. Идея – дән. Қандай ойды санаға егесің, соның нәтижесін аласың! Нағыз мұсылмандық ешкімді дінге зорлық пен алдау жолымен, мешітті толтыру мақсатымен тартуды қолдамайды.

Молда статусы ғылымның тілін меңгерген, жантану ілімін кәсіби игерген, саясаттың ойындарына араласпайтын, Құдайшылдық жолынан таймайтын, минимализм философиясымен өмір сүретін, ілім жолына адал, адами-әділдік принциптеріне ісі берік маманның жауапкершілігіне беріледі.

Молдалық – хор қыздары мен жұмақ пен тозақ туралы ертегі айту миссиясы емес. Дін – ойыншық емес. Ақиқат ілімі – кез келгеннің ермегі де емес. Жаратылыс туралы ілім айту құқы кез келгенге берілмейді. Адамның жаны – ойыншық емес.

Фильмнің көрерменге қарапайым тілде сарказммен түсіндіре білген ұтымды тұсы – жаназада тойға жайғандай гүлдендіріп қойған дастарқан мен қазаға жалған қайғыру. Бұл – бүгінгі күнгі шындық. Қазадан шоу жасаудың қажеттілігі жоқ. Қаза жалған айғайсыз да ауыр!

Материалдық құндылықтар алдыңғы планға шыққан бұл заманда фильм ең басты бір ұғымды түсіндіре алды. Бұл өмірде жақсы ісіңнен басқа мұра қалмайды. Адамның жаны адами істермен ғана жақсы күйге түсе алады. Нағыз жұмақ – жаның мен арыңның тыныштығы.

Гүлзат  КӨБЕК,

киносыншы,  Өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: