Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Менің сені тапқаным қандай бақыт!

25.02.2025, 9:10 52

Әрбір шығармашылық адамының өзіне тән дара, даңғыл жолы бар. Әркім өзінің шығармашылық әлеуетін әрқилы көрсетіп жатады. Бір қарағанда, кез келген ақынды айшықтап, бөлектеп тұратын өлеңдері бар болғанымен, кейде біз өмірде де, шығармашылық айдынында да қатар жүзген жұпты бір-бірінен бөліп жара алмаймыз.

Алаштың аймаңдай ақыны Қайырбек Асанов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова Таразға қоныс аударғанда, жастармен бір­ге біз де сәлем беруге, үлкендердің батасын алуға шаңы­рағына бас сұғып жүрдік. Отасқандарына жарты ғасыр болған жұптың бір-біріне деген құрметі, ізеті, мейірімі бізге де көктегі күндей шуағын шашатынын сезінетінбіз. Сонда ғой, ескірмейтін махаббат дегеніміз осы-ау сірә, деп тарқасушы едік.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Қайырбек Асанов әлі күнге дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Қасиетті поэзияға берген сертінен таймаған айтулы ақынның 2023 жылы «Абай» баспасынан жарық көрген «Ай мен күннің сәулесі» атты жыр жинағын оқып отырып, сүйегіне сөз қонған қаламгердің жазары таусылмағанына тағы да көз жеткізгендей болдық.

Бірнеше тараудан тұратын жаңа жинақтың алғашқы бөлімі «Саған ғашық жүрекпен» деп аталады. Жүрегі ғазал жыр үшін жаралған ақын бірінші бөлімінде жан-жарына деген сарқылмас махаббатты қара өлеңмен әдіптеген. Сезім пернелерін дөп басқан ақын жырлары адам жанын жылыта түседі. Төрт аяғын тең басқан тармақтар жағалауда тұрған кісі жүрегін бірде махаббат аралына, бірде махаббат айдынына тартатын магниттік күшке ие ме дерсің.

«Сен жайлы ән, жаным-ау, салатыным,

Сен жүрген жер жайқалып баратыным.

Сен болмасаң өмірде 

Білесің бе?

Жан-жарыңның қайғырып қалатынын.

Жүргенің де әдемі шәй қайнатып,

Жыр оқисың, өмірді, елді ойлантып.

Барлық байлық, мансаптың керегі жоқ,

Менің сені тапқаным қандай бақыт!», дейді ақын «Сен екеуміз» деп аталатын өлеңінде ағынан ақтарылып.

Осы өлеңдегі тармақтарға қарап отырып-ақ, ақынның аяулы жарына деген сезімінің сарқыл­­майтынын, махаббатының мәңгілік екенін бағамдау қиын емес. Сырдың суын кешіп жүріп ержеткен ақынның Талас жағалауында өскен жан-жарына деген құрметі қашан да бөлек екеніне иланасың. Жарты ғасырдан бері жүрек отының сөнбегеніне, мәңгілік музасына деген адалдығына тәнті боласың.

«Сен қуансаң,

Мен де қатты қуандым,

Сен ұялсаң,

Мен де қатты ұялдым.

Екеумізге күн де, түн де ортақ қой,

Соңындамыз екеуміз бір қиялдың.

Біреулер жүр сыртымыздан сөз етіп,

Қате басқан кезімізді күзетіп.

Бәріне де шыдаймыз-ау,

Тек қана

Кетпесе екен абайсызда көз өтіп», дейді ақын тағы бір өлеңінде жарына деген жан жылуын өлеңімен сездіріп.

Жанарынан мейірім нұры себезгілеген ақын ешкімге кінә артқысы келмейді. Жүрегіне ауыр жүк арқалауға да зауқы жоқ. Өйткені ол үшін ең ауыр жүк – қасиетті қара өлеңге деген адалдық. Поэзия­ға деген тазалық оны әлдекімдердің қисынсыз әңгі­месіне бас ауыртуына мүмкіндік бермейтінін аңғару қиын емес. Әйтсе де, сырт көздің сыпсың әңгімесі кеудеде дамылсыз соққан жүрегін әредік болса да сыздататыны ақиқат. Өйткені ақын жүрегі қылдан да нәзік емес пе?

«Бір биіктен бір биік алқындырып,

Өмір сүргің келеді халқыңды ұғып.

Ауыртпалық басса да бар еңсені,

Жайдары боп жүресің, жарқын күліп.

Айналдырып кейбіреу мазағына,

Дақ салады кіршіксіз таза арыңа.

Құрбаны боп кетейін өзім ғана,

Ауыртпалық түспесін қазағыма», деп жырлаған ақынның ұлтын, қазағын шексіз сүйетініне ешкімнің таласы жоқ.

Қайырбек Асановтың қара өлеңге, қазағына деген адалдығы қай кезде де менмұндалап тұрады. Тө­ңірегін түгендеп жүретін ақынның жанарынан төгіліп тұратын шынайы мейірім кейінгі буын­ның жанын жылыта түседі. Өлеңін өмірім деп түсін­ген қаламгердің жазбаған жыры әлі көп. Өйткені оның жүрегінде махаббат, мейірім, құрмет деген ұғымдар қатар өмір сүріп жатыр. Ғұмырын поэзия бәйтерегіне байлаған ақынның өлеңсіз өмір сүруі мүмкін емес.  

Табиғат Мұсылманқұл

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: