Бұл шығарманы он шақты жыл бұрын жазған екенмін. Қазір ойласам айтарлықтай өзгерістер бар Ақтөбеде…
Шынайы шымшыма
Демалыс күні бес жастағы ұлымды ертіп Ақтөбеде көшеге шықтым.
Әр нәрсені білуге құмар балақай сұрақтарды үсті-үстіне жаудырып келеді.
— Әке, мына жолдар неге тесіліп қалған?
— Балам, бұл енді үлкендерің шаруасы, жақында жөнге келтіреді.
— А, жарайды, — деді де, көшедегі ойылып қалған терең шұңқырды секіріп өтіп:
— Әке, мынау театр ма?
— Жоқ, айналайын бұл облыстық прокуратура ғой.
— Қандай тамаша, неге театр емес? Теледидарда театрлар осындай әдемі болады емес пе? Жүрші әке, ішіне кіріп көрейікші.
— Жоқ, болмайды, бұл театр емес, айттым ғой прокуратура деп.
— Прокуратура деген не?
— Мұнда заңбұзушылықты қатаң қадағалайды.
— Ақтөбеде жаңа театр неге жоқ? — деп, төтесінен қойып қалды.
— Бұйырса болатын шығар, ол үшін миллиондаған қаражат керек, — дедім
— Қаражат деген не?
— Ол көп ақша, бұл да үлкендердің шаруасы.
Ұлым үндемей қалды. Жаяулатып келеміз. Бір кезде ол тоқтай қалды.
— Әке, мынау мәдениет сарайы ма?
— Жоқ, мейрамхана ғой.
— Керемет үлкен екен. Оның ішінде не болады?
— Той болады, балам.
— Ақтөбеде неге мейрамхана көп?
— Балам бұл да енді үлкендердің шараусы, — дедім. Әйтпесе, тоқтамайды.
— Ымм, — деп, мұрнын шұқыды.
Өзі бар ғой не бір сұрақты тауып қояды. Аузы бұртиып қалды. Бірдеңені түсінгендей болды. Көшеде әлі жүріп келеміз.
— Әке, мына әдемі үлкен ғимарат мұражай ма?
— Қайдағы мұражай? Бұл – қылмыс жасағандарды жауапқа тартатын мекеме.
— Қылмыс, — деді де, тағы үнсіз қалды. Көзі жәудіреп тұр. Осы жолы көпке дейін сөйлемей тынышталып қалды. Бір кезде сұрақты тағы қойды.
— Әке, ал мынау кітапхана ма?
— Бұл – облыстық соттың ғимараты.
— Мұнда не болады?
— Мұнда бұзық болған адамдарды жауапқа тартады.
— Немене, бізде бұзақы көп пе?
— Енді солай шығар, — дедім. Не айтарымды білмедім. Баламның сұрағынан өзім қысыла бастадым.
— Әке, бұл да үлкендердің шаруасы ма?
— Иә, иә, балам…
Аялдамаға келіп автобусқа міндік. Ұлым көліктің терезесінен айналаға зер салып қарап келе жатыр. Тағы бір зәулім ғимаратты көріп қалды да, мені түртті:
— Әке, мүмкін мынау театр шығар?
— Жоқ балам, бұл алпауыт мұнай өндіретін шетелдік компанияның ғимараты ғой. Егер, олар мұнайды өндіріп облыстың бюджетін қаражатпен толтырса, қаламызда театр да, мұражай да, мәдениет сарайы да салынады, — десем, жүгірмегім ертелі жаяу жүргеннен шаршап қалғып кетіпті. Қойған сұрақтарына риза болып басынан иіскедім…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Мәдениет қайраткері.
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!