Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектеп сахнасындағы үлкен туынды

02.02.2026, 10:10 83

HALYQLINE.KZ

Арал ауданы орталығындағы №64 орта мектебінде өнер мен тәрбиені ұштастырған тағылымды кеш өтті. «Мектеп театры» жобасы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Шерхан Мұртазаның жүрек тербейтін «Ай мен Айша» шығармасы сахна төрінде жаңаша тыныс алды. Бұл туралы аудандық білім бөлімі ақпарат таратты.

Бұл қойылым жай ғана көрініс емес, көрерменнің жан дүниесін тербеген, өткен тарихтың қасіреті мен ананың шексіз махаббатын сездірген рухани сапар болды. Шығарманың әрбір көрінісі өмір шындығын шынайы бейнелеп, зал толы көрерменді терең ойға жетеледі. Ана мен бала арасындағы сағыныш, тағдыр тауқыметі, үміт пен төзім – барлығы сахна тілімен әсерлі өрілді.

Қойылымның көркемдік деңгейін биікке көтерген – рөлдерді шебер сомдаған ұстаздар мен оқушылар. Олар тек кейіпкерді ойнап қана қойған жоқ, әр образдың жан сырын ашып, көрерменге жүрек арқылы жеткізе білді. Әсіресе, ананың бейнесін сомдаған Жанар Райханқызының тебіреніске толы ойыны залды үнсіздікке бөлеп, көпшіліктің көңілін толқытты. Қойылымның сахналық шешімдерінің мазмұнды әрі әсерлі шығуына мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі мұғалімдерінің де еңбегі зор болды.

Айта кетерлігі, «Мектеп театры» жобасы тек бір білім ордасымен шектелмей, аудан көлеміндегі барлық мектепте жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай сахналық қойылымдар тұрақты ұйымдастырылып, оқушылардың рухани дүниесін байытып, өнерге деген қызығушылығын арттыруға жол ашуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: