Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ресейлік телеарналардың көрсетілімін шектеу туралы мәселе көтерді. Ол ұлттық өнерді насихаттап жүрген «Домбыра» арнасының аянышты күйде жүргеніне ашынды.
– Ресейлік арналарға шектеу қою керек. Осы күні көрші елдің пропагандасына тойып алған біраз отандасымыз бар. Сондықтан, Қызылжар секілді өңірлерде ара-тұра ұлтараздық мәселе туындап тұрады. Ресейлік арналар менің үйіме де рұқсатсыз қосылған. Оны көрген балаларым улануы мүмкін. Сол себепті біздің кеңістікке кіргені үшін олар ақша төлеуі тиіс. Соны саралап шектеу қою қажет, – дейді Мақсат Толықбай.
Сондай-ақ, ол 100 мың тұрғыны бар қалалармен ғана телерейтинг жасауға болмайды. Ауылдық жердің жағдайын ескеру керек дейді.
– Мұқым ел тек Андрей Малаховтың «Пусть говорят» ток-шоуын ғана көреді дегенге сенбеймін. Ауыл тұрғындарының көзқарасы ескерілу керек. Ауылдағы миллиондаған қазақтың есебі қайда? Телерейтингті зерттеуге респондент ретінде бірде-бір ауыл тұрғыны қатыспайды. Қазақша бағдарламалардың ғұмыры қысқа болатыны да осыдан.
«Домбыра» деген телеарна бар. Байғұс иесі төрт камерасын арқалап, өңірлерді аралап, дәстүрді өнерді насихаттайды. Сосын оны You Tube-тен көрсетеді. Alma TV-ға неге қосылмайсың десем, айына 600 мың теңге төлеуі керек. Бір жылға 7 миллион теңге керек.
Министрлік аталған соманы бермейді екен. Екі жыл 14 миллион теңге төлесе, әрі қарай тегін қосады екен. Неге біз осындай ұлттық арналарды қолдамаймыз? Ал «Қалаулым» сияқты бағдарламалардың тікелей эфирдегі үш сағатына 2 миллион теңге жұмсалады екен», – деді депутат.
Бұл мәселеге қатысты Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов: «Біз ресейлік телеарна көрмек түгіл, оларға ақша төлейміз. Ең алдымен төлем мәселесін шешу керек. Мысалы, кабельдік операторға айына 5 мың теңге төлейсіз. Олар соның 3 мыңын Ресейге беруі тиіс. Алдағы уақытта шетелдік арналарға ақша төлеуді тоқтатамыз. Ал отандық арналар керсінше Alma TV сияқты кабельдік операторларға өздері төлейді. Осыны жыл соңына дейін шешуіміз керек», – деп жауап берді Қанат Ысқақов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!