Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кукури

13.03.2025, 6:40 63

Нодар  ДУМБАДЗЕ,

грузин  жазушысы

Ол класқа кіргеннен кейін амандасқан жоқ, тіпті отырыңдар деп те айтқан жоқ. Тек, орындығын жанып жатқан пешке жақындатып, суықтан тоңып, ағарып кеткен қолдарын жақындатты.

– Сендер де тоңдыңдар ма? – деп сұрады  ол, бірер  минуттан  соң.

– Иә, мұғалім,  тоңдық!

– Бүгін  қаншасыңдар?

– Он  алты  оқушының сегізі келді.

– Мәз емес.

– Жарайды, сабақты бастай берейік, қалғандары  келе  жатар! – деді, Титико  Чантурия.

– Олар  қайда  жүр?

– Жолда  шығар…

– Мысалға  кім?

– Мысалға, Натела  Нижарадзе!

– Келер ме екен? Ұятқа қалдырмай  ма?

– Натела ұятқа қалдырмайтын шығар! – деді  Гури  Гогиберидзе.

– Сен тапсырманы оқып келдің бе? – деді  мұғалім  кенеттен.

– Мен  бе?  Әрине,  оқып  келдім.

– Ендеше тақтаға шық, айта бер.

Гогиберидзені есіктің сықыр етіп ашылғаны құтқарып қалды. Класқа Натела  кіріп  келе  жатты.

– О-о-о,  сен  тіпті  ерте  келдің  ғой, – деді апай дауысы  қатты шығып.

– Мұғалім, менің шешем ауырып қалды! – деді Натела, сосын айтқан өтірігінен өзі де ұялған болу керек, басын  төмен  тұқыртты.

– Жарайды, жарайды, сау адамды ауру қылмай-ақ қой!

– Енді не істейін. Менің үйімнен осы жерге дейін жеті шақырым!

– Онда ерте тұру керек.

– Сонда түн ортасында тұрайын ба?

– Жарайды, қоя ғой! Сабақты оқып па едің?

Натела басын төмен салды.

– Сенен сұрап тұрмын, Нижарадзе!

– Оқығам жоқ, мұғалім!

Кластың ішінде үнсіздік орнады. Бұл әжептәуір ұзаққа созылды, ал мұғалім Нателадан көзін айырмады.

– Сен мектепке неге келдің? Жоқ, өзің ойлап көрші: ерте тұрып, мынадай борасында, мынадай суықта соншама жерден не үшін келдің? Осы үш ауыз сөзді айту үшін бе? Ал жолда құлап қалсаң немесе орманнан қасқырлар шыға келсе ше? Онда өзің де құрисың, бізді де құртасың ғой! Одан да сабақты білмеймін деп телеграмма салып жібермейсің бе?

Кластың іші күлкіден жарылып кеткендей болды. Натела да, мұғалім апай да күліп тұрды…

– Жарайды, бері жақында, жылын!

Джоконда орнынан тұрып өз орнын Нателаға берді. Сосын үстелге жақындап кітабын алды да сабақ­ты бастады: «Жарлық». Эгнат Нинош­вилидің әңгімесі. Содан кейін мұғалім грузин шаруасының қиын-қыстау аянышты өмірін баян­дады. Оның барын салып беріле баяндағаны соншалық, көзімізден аққан жасты тыя алмадық. Әсіресе тоңып, ашыққан, шаршаған Кация Мунджадзенің пойыздан айырылып қалмау үшін басын рельске қойып ұйықтайтын жеріне жеткен кезде біздің аяушылығымыз шарықтау шегіне жетті. Оны жергілікті басқару орындары теміржол бойын қарауылдауға жіберген болатын. Әңгіменің осы жеріне жеткен кезде апай көзін жұмды да, әрі қарай жатқа жалғас­тырды.

«Кация басын рельске қойып ұйықтап қалды… Табақтай жарқыраған ай сақалы өсіп кеткен Кация­ның жүзіне сәулесін түсіріп тұрды. Бұтақта отырған бұлбұл құйқылжытып сайрап тұр. Міне, алыстан по­йыз да көрінді… Кация түс көріп жатыр, пойыз жақындап қалған екен дейді, сосын мылтығын алып көздей бастады… Пойыз жақындап келеді, вагондары таза алтыннан жасалған, ішіндегі адамдардың да киімдері алтыннан тігілген. Олар Кацияға ашулы жүзбен қарап тұр, қалайша сен қарауылда тұрып ұйықтап қаласың дейтін секілді… «Құдайым-ау, – деп ойлады Кацио, – мені енді Сібірге айдайтын шығар! Менің үй-ішім не болады!». Бірақ, пойыз Кация жатқан рельстің үстімен жүйткіп бара жатты…». Мұғалім үнсіз қалды. Біз  бәріміз  жыладық.

– Ары қарай не болды? – деді көзі жасаураған  Сосико  Гигинейшвили.

Мұғалім  жылап жібермеуге тырысып, дірілдеген дауыспен әңгіме­сін аяқтады.

«Таңертең жолды тексеріп өтетін жол бойының қызметкері (обходчик) басы жоқ мүрдені тауып алады. Бұл Кация Мунджадзе болатын…».

Кластың ішінде бес минут үнсіз­дік орнады. Содан кейін мұғалім апай пешке жақындап келді де Нателаны тұрғызды, сосын өзінің орнына отырып:

– Сұрақтарың бар ма? – деп сұрады.

Сұрақ жоқ болатын, өйткені Кация өлді, енді қандай сұрақ болсын.

Осы кезде Нателаның дауысы шықты.

– Апай, менде сұрақ бар!

– Иә, сұра!

– Егер Кацияның басы жоқ бола­тын болса, онда оның көрген түсі бізге қалай жеткен?

Класқа жай түсті де, біз бәріміз тамұқтан  бір-ақ  шықтық!

Ал, Джоконда онша таңғала қоймады. Біздің күлкімізден терезенің әйнектері сылдырлады. Натела орнына отырып, жан-жағына таңғала қарады. Оның түрінен «мен күлетіндей не айттым» деген сөзді аңғаруға болатын еді. Кластың ішіндегі дабыр басылғаннан кейін, мұғалима қызарып  кеткен  жүзін  көтеріп:

– Нижарадзе, орныңнан тұр! – деді.

Натела орнынан тұрды.

– Кітаптарыңды жина!

Натела кітаптарын жинастырды.

– Кластан шық!

Натела есікке қарай беттеді.

– Бұдан былай, мен сені менің сабағымда көрмейтін болайын!

Натела шығып кетті. Біз тым-тырс қалдық. Ешкім мұның соңы бұлай болады деп ойлаған жоқ еді.

– Мұғалім апай! – дедім мен орным­нан тұрып.

– Не айтайын деп едің, Нанадзе?

Сол сәтте не айтпақшы болғанымды өзім де білмеймін. Бірақ қазір бойымды билеген нәрсені айтпасам, жарылатын сияқты едім.

Мен енді айтатынымды аптыға айта бастадым:

– Мұғалім апай, бұл сонда қалай болғаны… Сіз біздің көңіл күйімізді таң атпай бұздыңыз?.. Бізге аштық, ажал, қасірет пен басы жоқ мүрде туралы сабақ айтасыз! Өзіміздің қайғымыз аз ба еді? Мұндай әңгімені қарны тоқ, уайымы жоқ балаларға оқымайсыз ба, солар-ақ бейшара Мунджадзені аясын… Ал, бізге өз қасіретіміз де жетеді, соғыс, аштық! Иә!.. Ал, шынына келсек, сіз Натела Нижарадзені бекер қуып жібердіңіз! Солай!

Мен орныма отырдым, әлі апты­ғым  басылған жоқ. Мұғалім орны­нан тұрды.

– Нанадзе, сен айтып болдың ба?

– Иә, мұғалім апай!

– Бәрін айттың ба?

– Бәрін айттым!

– Демек, Ниношвили саған ұнамайды  ғой?

– Жоқ, ұнамайды!

– Осыдан бірер минут бұрын жылаған кім еді? Әлде маған солай көрінді  ме?

– Сол жылатқаны үшін, ол маған ұнамайды.

– Нанадзе, кітаптарыңды жина!

Менің де күткенім осы еді, сондықтан кітаптарым жинаулы болатын.

– Кластан шық, сосын Нижарадзені қуып жет, ол онша ұзай қойған жоқ шығар.

Мен сыртқа шықтым. Кенет мен өзімді жанып жатқан пештің ішінен суырып алып, басымды біреу қарға тығып алғандай сезіндім.

Натела басын төмен салып, асықпай кетіп бара жатты. Мен оны дауыстап шақырдым. Ол артына бұрылып  қарады  да  тоқтады.

– Мені де шығарып жіберді, – дедім  мен  күліп.

– Нодар, соншама неге күлдіңдер? Мен күлетіндей не айттым? – деді Натела  мұңайып.

– Білесің бе, жазушы адамдар тура­лы ондай сұрақтар қоюға болмайды…

– Неге?

– Сол. Болмайды!

– Ал, әңгімеде шынайылық болмаса  ше?

– Мүмкін, түс туралы қойған сұра­ғың дұрыс шығар… Бірақ, жалпы  әңгіме­де  шынайылық  бар.

Натела иығын қиқаң еткізді.

– Ал, сені неге шығарып жіберді?

– Мен біреулердің мұңы туралы сабақ айтып керегі жоқ, біздің өзіміздің де қайғымыз жетеді дедім. – Мен Нателаға мақтанышпен қарадым. – Менікі дұрыс емес пе?

– Әрине, сенікі дұрыс емес. Қайта, мен осы әңгімеден соң жеңілдеп қалдым. Демек, өмірде бізден де төмен өмір сүретіндер бар екен ғой!

Мұндай жауапты күтпегенім соншалық, таңғалғаннан аузым ашылып қалды…

***

Біз қарды сықырлатып, үнсіз жеті шақырымдай жер жүрдік. Ол менің қайда бара жатқанымды сұраған жоқ, ал мен сені шығарып салып келе жатырмын деп айтқаным жоқ. Екеумізге де мұнда тұрған ештеңе жоқ еді. Бізді бүкіл село білетін. Біздің дос­тығымыз сонша нәзік, сонша таза болатын, бұл үлкен өмірдің алғашқы баспалдағы еді. Рас, бірде бір-біріне ұмтылған екі жүрекке тағдыр тос­қауыл болмақшы болған. Бірақ Алланың  өзі  біздің  жағымызда  болды.

Күздің жылы күндерінің бірі еді, күн шуағын төгіп тұрды. Губазоули өзенінің жағасында шабылған шөп­тің үстінде Натела екеуміз етпетімізден жатқан болатынбыз. Мен оған өлең оқыдым. Күн барынша жарқырап, сәулесін шашып тұрды. Бүкіл әлем ертегідегідей күйге айналып кеткендей, тіпті, екеуміз де ұйықтап қалғанымызды  сезген  жоқпыз…

Мен көзімді ашқан кезде, төбе­мізден қабағын түйіп қарап тұрған колхоздың қарауылы Михако Арбелидзені  көрдім.

– Жігітім, жетім қыздың обалына қалдың ба? – деді Михако, дауысында діріл бар.

– Сіз не айтып тұрсыз, Михако ағай!

– Не  болды  өзі?

– Біз  ұйықтадық,  Михако  ағай!

– Басқа ештеңе болған жоқ па?

– Басқа не болу керек?

– Мен, саған сенеді деп тұрсың ба?

– Анамның атымен ант етейін!

– Арыңмен ант ет!

– Арыммен ант етейін!

– Онда оятпай-ақ қояйын ба?

– Керегі жоқ, Михако ағай!

Михако ұйықтап жатқан Нате­лаға қарап тұрды, бір кезде жүзі жадыра­ды.

– Нағыз періште дерсің! – деді жай ғана.

– Иә, періште, – дедім мен.

Михако күлімсіреп, менің басымнан сипады, сосын жүріп кетті.

***

Ескі диірменнің тұсына келген кезде Натела тоқтай қалды, сосын әлденеге құлақ түрді. Сосын селоға қарай жүгіре жөнелді. Мен соңынан әрең ілесіп келе жаттым. Бұзылған шіркеудің қасына келген кезде ол тағы тоқтады. Шіркеу Тамара патшайымның атымен аталатын.

– Кукури… – деді ол  сыбырлап, сосын  тәлтіректеп  жерге  құлап  түсті.

Село жақтан аза бойыңды қаза қылатын жантүршігерлік жоқтау естілді… Натела дауыс та салған жоқ, жылаған да жоқ. Сол тас боп қатқан күйі қозғалған жоқ. Мен селоға жүгіріп кетіп, адамдарды ертіп әкелдім. Олардың қозғағанынан ештеңе өнбегеннен соң, көтеріп үйіне алып кетті. Нателаның шешесі қан-қан болған түрімен Нателаға қарап тұрды. Ол өзінің бетіне қол салып, қан жоса  қылған  еді.

– Ана қызыңа көз салып қой, бірдеңеге ұшырап қалып жүрер, – деді көршілері.

– Мейлі, өле берсін… Аспан жерге түсіп, күн неге сөніп қалмайды… Менің Кукуриім  жоқ…

Натела төсекте бір ай жатты. Содан кейін аздап оңалды, бірте-бірте тәуір болды, бірақ мектепке барған жоқ.

Содан бері мен партада жалғыз отырамын.

***

– Нодар, жүр кеттік! Балығымыз сасып  кетеді!

Митуша менің қолымнан сілкіледі. Мен стендіге тағы қарадым, сосын Митушаның соңынан ердім. Иә, балалық шақты еске түсіру мұншалықты мұңлы болады деп ойлаған жоқ  едім…

***

Таңертең менің бөлмеме немере қарындасым келіп кірді.

– Сені  бір  әйел  сұрап  тұр.

– Кірсін.

– Мен кіріңіз деп айтқанмын, бірақ кірмей тұр.

Амал жоқ, өзім сыртқа шығуға мәжбүр болдым. Шарбақтың қасында қолында түйіншегі бар, жас шамасы қырық бестерге келіп қалған бір әйел  тұрды.

– Сәлеметсіз бе, құрметті Нодар! – деді  әйел.

– Жақсымысыз! – дедім мен, сосын  оның  үйге  кіруін  өтіндім.

«Ал енді, – деп ойладым мен, – қолында сыйлығы бар, баласын жұ­мысқа орналастыру керек немесе біреуге қоңырау шалып, болмаса қат  (дефицит) бірдеңе алып беру керек…».

– Жоқ, мен бір-ақ минутқа келдім…

– Не көмек керек?

– Сіз мені танымаған секілдісіз… – деді  әйел,  мұңая  күлімсіреп.

– Шынын айтсам таныңқырамай тұрмын…

– Танымай қалады деп ойлаған жоқ  едім…

– Біз таныс адамдар емеспіз-ау…

– Мен Кукуридің қарындасы Натела­мын…

– Натела! – Менің тізем, қолым, дауысым  дірілдеп  кетті.

– Натела, – дедім мен тағы да, сосын қасымдағы бөренеге отырдым, –  Натела сен…

Ол қасыма отырды, сосын түйіншегінен  банкісін  шығарды…

– Міне, бұл – май айының балы… Өзіміздің аралардың балы… Таза бал…

– Рақмет.

– Естуімше жүрегіңіз ауыратын көрінеді. Оның нағыз емі – бал… Кукуриді, оның атын сұраған көрінесіз… Бұл жерде ұзақ боласыз ба?.. Жалғыз өзіңіз бе, әлде… – Ол үзік-үзік сөйледі, басын көтерген жоқ, дауысында  діріл  бар.

– Натела… Сенің жағдайың қалай? – дедім мен, оның сөзін бөліп.

Натела күрсінді, сосын маған көз алмай  қарады.

– Көріп тұрсыз ғой, қымбатты Нодар… Қартайдық. Сіз ше? Қазір денсаулығыңыз  қалай?

– Жаман емес, Натела. Сен өзің туралы  айтшы. Қалайсың  сен…

Мен  кідіріп  қалдым.

– Кәдімгі  село  өмірі  ғой…

– Дегенмен?

– Шай жинаймын, сиыр сауам, күйеуім  мен  балаларға  қараймын.

– Күйеуге шығып па едің?

– Мен күйеуге кеш шықтым, Нодар… Төрт балам бар. Олар оқып жүр…

– Ал…

– Күйеуім – еңбекқор, адал, жақсы  адам…

– Натела, үйге кірейік!

– Жоқ, енді сіздің мазаңызды алмай-­ақ  қояйын…

Ол қысылғаннан қозғалақтап қойды.

– Натела, сен бірдеңе айта алмай тұрсың. Айта бер!

– Иә. Сізге мынаны алып келіп ем… Сіз бөтен ойлап қалмаңыз… Сіз қазір атақты адамсыз… Сондықтан мынау сізге керек болып қалар…

Ол маған сарғайған қағазды ұсынды.

– Бұл не, Натела?

– Бұл… Бұл – өлең… Сіздің өлеңдеріңіз…

Мен тез қағазды алдым. Сосын… үнсіз  қалдым.

Ципнагваралық Натела!

Күн нұры сенің қасыңда қараңғы!

Сен менің жарығымсың

Сен менің қуанышым әрі қайғымсың!

Арманға, түпсіз батқан кезде,

Ерніңнің бал дәмін сезетінмін.

Мені шақырған сәт қандай жақсы еді,

Сен менің қуанышымсың әрі қайғымсың!

Бұл өлең менің есіме, дәл кеше болғандай есіме түсті, тіпті еш ұялмастан Галактионнан көшіріп алғаным да есіме түсті.

– Менде сіздің басқа да өлеңде­ріңіз  бар, бірақ  мынау ең жақсысы… 

– Сен бұларды ешкімге көрсеткен жоқсың ба?

– Не айтқаныңыз! – деді ол. – Өзің туралы жазылған өлеңді қалай көрсетесің!

– Балаларға ше?

– Балаларға да, тіпті тірі жанға көрсеткенім жоқ!

– Натела, сен керемет жансың! Сені танымай қалғанымды кешір… Енді… Енді бәрі кеш, Натела!.. Кешір  мені…

– Сіз  кінәлі  емессіз…

– Натела!

– Иә?

– Менің есіме бәрі түсті! Кукури де, оның аты да. Сендердің сиырды сатпақшы болып, оны сата алмағандарың да. Ал, Кация Мунджадзе ше, оның көрген түсі есіңде ме? Айт­пақшы, сол күні Кукуридің қаза болғанын естіп едік қой… Ал, ана шабылған шөптің үстінде ұйықтап қалғанымыз ше… Мен саған өлең оқыдым, сосын ұйықтап қалдық. Есіңде  ме?

Натела орнынан тұрды. Оның көзінен жас моншақтап тамып тұрды.

– Нодар, бұның бәрі менің есімде, бірақ олар терең ұйқыда. Өтінем, сен оларды  оятпа!

Мен оның бейнеттен тастай бол­ған қолын алдым, сосын еңкейіп ұзақ сүйдім. Ол абайлап қолын босатты, сосын кеудемнен, жүрек тұсымнан сүйді, содан кейін бұрылып кете  барды…

– Натела, кешір мені! – дедім мен.

Ол жауап бермеді.

Мен шарбаққа сүйеніп ұзақ тұрдым, Нателаны артына бұрылып қарайды деп үміттендім. Бірақ ол бұрылып  қарамады.

Ол өзі кетіп қана қойған жоқ, менің қызығы аз, қиыншылығы көп балалық  шағымды  да  ала  кетті…

17 қаңтар 2022 жыл.

Аударған

Бақтияр  МЫРЗАШ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қызылорда  облысы,

Сырдария  ауданы

(Соңы. Басы  өткен санда)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: