Нодар ДУМБАДЗЕ,
грузин жазушысы
Өткен жылдың қыркүйек айын селода өткізген болатынмын. Бірде, жексенбі күні ертелетіп бала кезгі досым Митуша Маршания соқты. Жастық шақты еске түсірейік деді. Ақыры мені өзенге барып қармақ құрып қайтуға көндірді. Бірер сағаттан соң кәрзеңкеміз балыққа толды, ал лақалар бірінен-бірі өткен дәу болатын!
Үйге қайтып келе жатып, колхоз кеңсесіне соқтық. Шағын келген алаңқайда адам көп болатын. Мен көршілеріммен амандасып, бір-екі ауыз сөйлескен соң темекі сұраған едім. Темекі ешкімде болмай шықты, кім қазір темекімен әуре болушы еді?
– Мен қазір атамнан темекі сұрап алып келем! – деп, жартылай жалаңаш киінген кішкентай бала жүгіріп кетті.
Баланы күтіп тұрып, мен Отан соғысынан оралмаған боздақтардың суреттері ілінген стендіге жақындап келдім, сосын оларды санай бастадым.
Стендіден маған күлімсіреген, сәл ойланыңқырап қалған, тұнжыраған, шаттанған бір жүз елу екі адамның жүзі қарап тұрды. Үстеріндегі киімдері де әртүрлі: біреулері жай киіммен болса, енді біреулері әскери киіммен түскен.
Бұлардың кейбіреуін отбасылық альбомнан қиып алып, үлкейтіп осы жерге іліп қойыпты.
Мен бұл қайтып оралмаған адамдардың жүздеріне зер сала, мұқият қараған болатынмын. Менің көз алдымнан өткен оқиғалар күні кешегідей тізбектеліп өте шықты.
…Даниел Басилия… Ол құрма ағашына шығып, кәрзеңкеге құрма жинап жатқан болатын. Пошташы Бакур оның кәрзеңкесіндегі құрмасын аударып, орнына әскерге шақыру қағазын салып, қоштасып кетіп қалды. Ол соғысқа еш қиналмастан, көтеріңкі көңілмен кеткен еді, бірақ оралмады…
…Важико Центерадзе… Үйленгеніне үш-ақ күн болған оны колхоздың партия ұйымының хатшысы Людвиг Квиташвили әрең дегенде соғысқа аттандырған еді. Әй, өзі де бір тынымсыз, қызба, көркем жігіт болатын!
– Тухия, төсекті жинамай-ақ қой, – деді ол, жыламсырап тұрған келіншегіне. – Мен әлгі Гитлер дегеннің тұмсығын бұзып, екі күннен кейін қайтып келемін!
Қайтып келген жоқ…
…Тамаз Джабуа… Ол сол жазда оныншы класқа көшкен болатын. Әскери комиссариатқа үш рет барды, үшеуінде де қайтарып жіберді: «Сен секілді сарыауыз балапандарды соғысқа алатындай, біздің жағдайымыз аса жаман да емес. Бар, қайқай!». Ақыры, ол соғысқа қашып кетті. Соғыста қаза болған оған кәмелеттік аттестат берілді. Осы кезде оның суреті мен аттестаты өзі оқыған класта ілулі тұр. Ал шешесі, осы уақытқа дейін үстіндегі қаралы киімін тастаған жоқ…
…Цензор Челидзе, Барнаба Магулария, Миша Гогиберидзе, Ладико Антадзе, Бучута Таландадзе, Лео Поцихишвили…
– Ал, мынау кім? – деп сұрадым мен.
– Танымайсың ба? – деді Митуша таңғалып.
– Жоқ, жоқ, танымадым!
– Қойшы?! Бұл Кукури ғой, әлгі су тасушы! – деді Митуша, сосын оның суретінің бетіндегі әйнегін жеңімен сүрте бастады.
…Құдайым-ау, мен Нателаның ағасы Кукуриді қалай ұмытқанмын!
– Ал, оның аты қайда? Оның аты суретте неге жоқ?
Кукуриді білетіндер оның аты аталса күлетін, мен де күлетінмін. Менің көз алдыма Кукуридің бейнесі келді. Жүрегімді сағыныш пен мұң қатар биледі…
Ол нағыз сұлудың өзі болатын! Шай өсіретін плантацияларға үстіне дәу бөшке салынған арбамен су таситын. Бұл жерде жұмыс істейтін қыздарға Кукуридің әрбір келгені мейрам еді. Қыздар бөшкені қоршап алып, су шашып немесе әрнәрсені бір айтып, мәре-сәре болушы еді. Ал, ол болса үнсіз күлімсіреп тұра беретін. Ол өзінің сұлу екенін де, сұлулығының салмағын да білуші еді.
– Бұл жерден тезірек кетіп қалшы, жұмыс тоқтап қалды! – деп жалынады бригадир қыз Нина.
– Тұра тұр, сенің сұлуларыңа әбден қарап алайыншы, – дейтін Кукури.
– Ал жоспар ше? Жоспарды сен орындайсың ба? Кет бұл жерден! – Нина оның арқасынан итеретін.
– Нина, оны қуатын болсаң, біз мүлдем жұмыс істемей қоямыз! – дейді қыздардың біреуі.
– Кукури, менің жүрегімнің дүрсілін естисің бе? Маған ғашық болшы! – дейді енді бір қыз.
– Сенің анаң өзің сияқты жігітті неге көп қылып тумаған? Сонда бүкіл бригадаға жететін еді!
– Кукури, мен саған ұнаймын ба? Маған дұрыстап қарашы!
– Қыздар, доғарыңдар! Жігітті көріп естеріңнен айырылып қалдыңдар ғой түге! – дейді Нина шырылдап.
Үсті-басы малмандай су болған Кукури күлімсірей арбасына мініп, келесі плантацияға кетеді.
***
1941 жылдың күзінде Кукуриді астындағы атымен қосып әскерге шақырды.
Әлі есімде, біздің селоға Филипп Махарадзе келіп мынадай сөздер айтқан болатын.
– Ағайын, аға-іні, қарындастар! Мына Гитлердің не істегенін көріп отырсыңдар. Оған қарсы тұрыңдар, окоп қазып, балталарыңды қайрап, жолын бөгеңдер! Туған Грузиямыздың маңына жолатпайық!
Содан кейін ол еденге отырып алған балаларды көзбен бір шолып өтті:
– Ал балалар, сендер үлкендерге көмектесетін болыңдар! Мемлекетіміздің келешегі сендерсіңдер, елімізді қанішер Гитлерге бермеңдер!
Содан кейін біздің жақсы түсінгенімізге көзі жете қоймаған болу керек, тағы бір-екі ауыз сөз айтты:
– Туған еліміздің бір сүйем жері үшін күресейік!
Мен сол түні-ақ, Филипп Махарадзенің айтқанын істедім: ауланың ішінен окоп қаздым, балтамды қайрап, көпірді қалай бұзудың жоспарын ойластырдым. Бірақ менің жоспарым Митушаға ұнамады.
– Аспалы көпірді бұзу – артық жұмыс. Одан да арқанды қиып жібереміз, бітті! Содан кейін мен Гитлердің Губазоулиден қалай өтетінін көріп алайын! (Губазоули – өзеннің аты. – авт.).
Ертеңіне Махарадзенің сөзінен кейін әскерге Гурияның жартысы кетті, ішінде атымен қоса Кукури де бар. (Гурия – Грузияның батыс бөлігі. – авт.).
Сіздер Кукуриді атына мініп кетті деп ойлайсыздар ма? Жоқ. Кукури ерте тұрып атын шомылдырды, құйрығын, жалын тарап, әбден тазалады. Сосын үстіне қызыл атлас жапты (Кукури бұл атласты жібек құртын жинау кезіндегі еңбегі үшін алған болатын), содан кейін оны жетектеп әскери комиссариатқа келді.
Комиссариаттың ауласында митинг өтіп жатты. Патриоттық сезімге толы жалынды сөздер айтылып, лозунгтар мен ту көтеріліп, өлеңдер оқылды. Жергілікті ақын ұлы Церетелидің өлеңдерін оқыды. Кейін бұл ақын Кукури және Кукуридің аты бәрі майданға бірге кеткен болатын. Алайда, бұлардың ешқайсысы оралған жоқ.
Ал осыдан бір ай бұрын мынадай оқиға болған еді…
Бірде, жексенбі күні Кукури қолындағы жалғыз сиырын базарға жетектеп алып келді. Келгесін атын шынар ағашына байлап, жақын тұрған тастың үстіне барып отырды. Қасында жалаңаяқ келген қарындасы Натела да бар еді. Сиырды ешкім саудаламады, бірақ сұрақ қоюшылар көп болды.
– Кукури, сиырыңды қаншаға сатпақшысың?
– Кукури, сиырың қанша сүт береді?
– Кукури, сиырыңның аты кім?
– Кукури, сиырыңның сүті қою ма?
Кукури біреуіне жауап берсе, енді біреуіне үндемейді.
Ақыры, Анания Нибладзе деген кісі келді, бұл адам қажет етсе, сиыр ғана емес, бүкіл базарды сатып ала алатын еді.
– Сатасың ба, жігіт?
Кукури орнынан тұрды.
– Сатамын, құрметті Анания!
– Қанша сұрайсың?
– Үш мың, құрметті Анания!
– Қымбаттау екен!
– Білем…
– Ендеше, түсір!
– Құрметті Анания, сіз үшін ақша деген – қағаз, ал мен үшін бұл сиыр – бар байлығым.
– Сен оны не үшін сатпақшысың? – деді Анания, сосын жиналған топты шолып өтті.
Кукури үндемеді.
– Мен сенен сұрап тұрмын ғой!
– Мына жалаңаяқ қызды көрдіңіз бе? – Кукури иегімен Нателаны нұсқады.
– Екі жарым мың!
– Бұл қыздың мектепке бармағанына бір ай болды. Оған көйлек те, аяқкиім де керек…
– Берсеңші жақсы баға ғой, – деді біреу.
– Солай ма? Ал мен әскерге кетсем, шешем мен қарындасыма сен қарайсың ба? – деді Кукури әлгі адамға.
-Екі мың сегіз жүз! – деді Анания, сөйтті де қалтасынан ақшасын шығара бастады. Кукури сиқырлап тастаған адамдай жүз сомдық ақшалардан көзін айырмады.
– Алыңыз!
Анания ақшаны тез санады да, Кукуридің қолына ұстатты. Ол оны қолына алып мұқият қарады, сосын ұзақ санады, содан кейін газетке орап қалтасына салып қойды. Анания сиырды шешіп болып, қасындағы кісіден былай деп сұрады.
– Акакий, қалай ойлайсың, бұл сиыр алпыс адамға жете ме? Үйдің төбесін жабатын едік.
– Қайдам, жете қоймайтын шығар!
– Күрке тауық бар, торайлар бар!
– Онда жетіп қалады!
– Қанша дегенмен сиыр ғой!
Анания сиырдың арқасынан қағып-қағып қойды. Кукури біресе Ананияға, біресе әлгі адамға таңғала қарады. Кенет оның демалысы жиілеп, өңі қуқыл тартты.
– Құрметті Анания, сиыр сізге неге керек?
– Негесі қалай? Союға! – деді қасындағы кісі.
– Союға?!
– Енді не деп ең?
Кукури қалтасынан ақшасын шығара бастады.
-Міне, құрметті Анания! Алыңыз! Сиырды сою деген сұмдық қой!
– Сен не, есіңнен ауыстың ба?
– Жоқ, қымбатты Анания, сиырды сойғанша мені сойыңдар!
Кукури абайлап Ананияның қолынан жіпті босатып алды, сосын оның қалтасына ақшасын салып, қарындасына бұрылды.
– Сиырды үйге қарай айда!
– Үш мың! – деді Анания.
– Үйге қарай айда деймін!
– Үш мың екі жүз!
– Қымбатты Анания, енді, бұл әңгімені қозғама!
– Үш жарым мың!
Натела тоқтады. Кукури оның жалаң аяғына қарады, содан соң ақшаға, сосын Ананияға, ақырсында сиырға қарады. Бірақ ештеңе деген жоқ. Ал, жиналған жұрт мұның немен аяқталатынын шыдамсыздана күтіп тұрды. Кенет Кукури жарылды.
– Сен немене, естімей тұрмысың? Жылдам үйге қайт! – деді ол абыржып тұрған қарындасына. Содан соң сиырды итере бастады. – Кәне, қайт үйге!
Сиыр үйге қарай аяңдап жүре берді. Кукури соңынан ерді.
– Нақұрыс! – деді Анания.
– Ол – нағыз ақымақ! – деді біреу.
***
Ал, енді баяндайтын оқиға 1943 жылдың ақпанында грузин тілі мен әдебиеті сабағы өтіп жатқан кезде болған еді.
Біз, Бондисхиди орта мектебінің сегізінші класс оқушылары мұғалима Джоконда Мелимонадзе апайымызды күтіп отырдық. Жанып жатқан пешті қоршай отырғанбыз, өйткені әжептәуір тоңып қалған едік. Бондисхиди селосы атақты Губазоули өзенінің екі жағасын жайлай орналасқан. (Халық бұл өзенді Грузияның екінші күретамыры деп атайды, бірінші күретамыры – ол Супеа өзені). Өзенге аспалы көпір жасалған, сондықтан село Бондисхиди деп аталады. (Бондисхиди – аспалы көпір деген сөз. – авт.). Көпір салынғанға дейін Джаварцма деп аталды, бірақ, Христос бұл жерде керіліп шегеленгендіктен емес, Бахморо жақтан келе жатқан татарлардың қолынан азаппен қаза тапқан монах әйел Центерадзенің есіміне байланысты еді. Егер әулие Шушаник пен патшайым Кетеванды есептемегенде, Центерадзе христиан жолында құрбан болған бірінші әйел. (Кетеван – грузин патшасы Теймураздың шешесі, 1624 жылы Иран шахы Аббастың бұйрығымен ислам дінін қабылдамағаны үшін азаппен өлтірілген болатын). Біз бұл туралы атеистер үйірмесінде Агнесса Багатурия оқыған лекциялардан білетінбіз. Біз осындай тарихымыздың болғанын мақтан тұтып жүрдік. Бондисхидиді шағын селолар қоршап жатыр – Мециети, Квирикети, Чичиети, Букшети, Цкваралети, Укунети, Какабети, Коколети және Ципнагвара. Бұл селолардағы балалар өздеріндегі бастауыш класты бітірген соң, оқуды әрі қарай осы Бондисхидидегі орта мектепте жалғастырады. Олардың бондисхидилік балалардан айырмашылығы шамалы: үздіксіз тербетіліп тұратын көпірмен жүретіндіктен бұл жердегі балалардың милары аздап шайқалған тәрізді, ал ципнагваралық балалардың көзінен мұң байқалады, бұл түсінікті де: Ципнагварадан Бондисхидиге дейін жеті шақырым. Сондықтан бұларға басқа балалардан бір сағат ерте тұруға тура келеді. Әйтпесе, Бондисхиди – Грузияның басқа селолары сияқты кәдімгі қарапайым селолардың бірі. Мұндағы мектеп те кәдімгі қатардағы мектеп, оны Икалтай академиясымен салыстырып әуре болудың қажеті жоқ. (Икалтай академиясы – Грузиядағы ХІ-ХІІ ғасырларда салынған жоғарғы мектеп). Кукури мен қарындасы Натела Ципнагварада тұрып жатты.
Сонымен, ақпан айының азанғы бір күні. Әбден жаураған біз жанып жатқан пешті қоршай, грузин тілі пәнінің мұғалімі Джоконда Мелимонадзе апайды күтіп отырдық.
Аударған
Бақтияр МЫРЗАШ,
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы
(Жалғасы бар)
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!