Жүректе бір нөсер сел бұлқынғандай,
Шыға алмай, шамырқанып ұмтылғандай.
Дүрлігіп дүние-ғайып у-шу, гуіл,
Қара жер қақ айырылып жыртылғандай.
Үскірік қарлы боран қарш-қарш шайнап,
Қара орман қақ жарылып қырқылғандай.
Күмбезі көк аспанның айырылғандай,
Жез таға құлагерде қайырылғандай.
Аруана алтын өркеш бебеу қағып,
Бауыр ет ботасына қайырыла алмай.
Әлемде ай-күн сөніп, үн тынғандай,
Ширығып кең дүниеге сыймағандай.
Жаныштап, жан тер шықпай қинағандай,
Жандысын, жансызын да байлап-матап,
Қауызына бір тарының жинағандай.
Дөңбекшіп бұйра толқын аунағандай,
Тау-тасты жалмауыздар жалмағандай.
Құм көшіп, аласапыран, алай-дүлей,
Талтүсте шайтан-пері арбағандай.
Үріккен тұлпарлардың дүбіріндей,
Төңіректе кімдер қалды күңіренбей.
Алапат тасыр-тұсыр, астан-кестен,
Күйші-абыз аруақтанар көзін ілмей.
Долы жел үрей беріп ұлығандай,
Құм көшіп, аң-құс жөңкіп дымы қалмай.
Паналап ақтық деммен жыра-сайға,
Қалжырап дел-сал діңке құрығандай.
Долданып асау арна тасығандай,
Жауыздар жан ұшырып жасығандай.
Өнердің құдіретінен құты қашып,
Жым болып жын-перілер басылғандай.
Зілзала – жер сілкініп, аспан ауып,
Алып шың апыр-топыр құлағандай.
Өзен, көл, мұхит тасып, нөсер жауып,
Дүние астан-кестен су алғандай.
Махаббат мастығынан ес жия алмай,
Бойжеткен ағыл-тегіл жылағандай.
Бозбала еміреніп қолын жайып,
Атаның ақ батасын сұрағандай.
Шыңғырып, шиыршық атып сәйгүліктер,
Қылбұрау қара саннан бұрағандай.
Жанартау жанұшырып атылғандай,
Айнала әлем-тапырық, аһ ұрғандай.
Алысу, арпалысу, естен тану,
Жұлдыздар беймәлімге шақырғандай.
Запыран отты таудан төгілгендей,
Балқытып тас-топырақ күйдіргендей.
Нәресте жөргегінде егілгендей,
Аналап жетім сәби езілгендей.
Қазанғап қара нарын идіргендей.
Жас төгіп жетім бота боздағандай,
Тылсымын көкіректің қозғағандай.
Алысқан ауыздықпен сәйгүліктер,
Бұғалық, тұсаусыз-ақ қозғала алмай.
Естілер есебінен жаңылғандай,
Есерлер есеңгіреп жалынғандай.
Ұлылар жалбарынып аруаққа,
Тектілер тәңіріне табынғандай.
Қазақтың Сарыарқасы тебіреніп,
Тау мен тас, орман, дала сабылғандай.
Көз көрмес, құлақ есітпес алақұйын,
Айнала қара мақпал жамылғандай.
Түнеріп аспанда күн тұтылғандай,
Аппақ ай қара бұлтқа жұтылғандай.
Күңіреніп, көбік шашып күнге шапшып,
Жауығып жойқын \Жейхун\ дария жұтынғандай.
Әлемнің алапаты тосын қандай?
Шешендер тіл байланып, тосылғандай.
Барар жер, басар тауы қалмағандай,
Айуандар аласұрып жосылғандай.
Шығып ап шырқау шыңға Құрманғазы,
Заманға зар қақсаған налығандай.
«Асыр, — деп – аруағыңды менен биік»,
Динасын тас қайраққа жанығандай.
Тебіреніп ағылды тер жаны қалмай,
Шәкіртін диірмен таспен жаншығандай.
Күйші-ана енді ұстазын танығандай,
Қанына күй аруағы дарығандай.
Кеудеге қос жанарын шаншығандай,
Шошынып басқа қаны шапшығандай.
Ышқынып, буырқанып жан шығардай,
Алқынып, аңқа кеуіп аласұрып,
Таусылған көк аспанда тамшы қалмай.
Ақжайық адуынды аунап түсіп,
Сайында Сарыарқаның сел тасқандай.
Еңлікгүл, арша, шырша жолын құшып,
Аймағын Алатаудың шөл басқандай.
Асау бұлт асу бермей, есін білмей,
Толассыз нұр нөсері есілгендей.
Зеңгір тау мұнар тартқан күл-талқан боп,
Мезгілсіз көк күмбезі тесілгендей.
Шыжыған құбыланың желі ескендей,
Күй мен жел егіз туып тел өскендей.
Итжығыс бірі жеңіп, бірі жығылып,
Ізгілік ездікпенен егескендей.
Күй әлем оқылмаған жыр дастандай,
Тас түнек күн жанарын шел басқандай.
Аждаһа-айдаһарлар аласұрып,
Құм қауып тынбайтындай жер жастанбай.
Киігі Бетпақдала Тұран асып,
Құланы Құландының адасқандай.
Күйреуік опасызды қара басып,
Өр рух өлерменмен таласқандай.
Қаулаған өрт жалыннан еш жасқанбай,
Айдаһар алты басты зәр шашқандай.
Ышқынып еспе құмды есіп өтіп,
Кісенін қатыгездік кең ашқандай.
Ақ жауын нөсерлетіп сел болғандай,
Айнала топан сумен көл болғандай.
Сахара зобалаңнан буырқанып,
Құйғытып құйын дүлей жел болғандай.
Қара жер көк аспанмен тілдескендей,
Күй-өлең қылыш үні үндескендей.
Исатай – Махамбет пен Құрманғазы.
Күйші – ақын – батыр баба кездескендей.
Күй бітті!..
Әлем-тапырық басылғандай,
Күн шығып, шуақ шапақ шашылғандай.
Қол соғып құдіретке, кереметке,
Риза кәрісі де, жасы қалмай.
Ел қалды есеңгіреп, ес жия алмай,
Үйренген тамұқты да көз қия алмай.
Елес пе, ертегі ме, еліру ме!?
Аласат көргендері бос қиялдай.
Қайран ел мәре-сәре ұлан-асыр,
Ұлылар ұлы тойдан тарасқандай.
Жабылып қасірет-қайғы дарбазасы,
Еркіндік ерлікпенен жарасқандай.
Ақ туы әділдіктің аспан асып,
Тағдыры тылсым дүние шешілгендей.
Ала шаң арасында арқаланып,
Ақанның Құлагері көсілгендей.
Монтана, момын дүние жайма-шуақ,
Аруағын зұлымдардан асырғандай.
Ібіліс, жауыз-пәле омақасып,
Мәңгіге құдірет күйге бас ұрғандай.
Мүлгіген мұңлық дүние дүр сілкініп,
«Сарыарқа» сарынынан балқығандай.
Маң дала маңғаз жатқан күрт оянып,
Пәк пиғыл шалқып көкте қалқығандай.
Толғанып аспан асты, жердің үсті,
Күллі әлем күй құдіретін сезінгендей.
Тамырдан алпыс екі қан жүгіріп,
Иіген ботасына боз інгендей.
Оразбай ҚОСАНОВ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Қызылорда қаласы
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!