Рахымжан ОТАРБАЕВ
***
Біздің ауылда бір шешеміздің сиыры өрістен қайтпай қалыпты. Іздеп қызыл сирақ боп қыр кезеді. Таптырмайды. Жүре-жүре зираттың тұсынан өтіп бара жатады. Онда жақын аталары жатыр екен. Сонда әлгі шешеміз: – Ата, осыдан сиырымды қасқыр жеп кетсе, менен қайтып дұға дәметпе, – дейтін көрінеді. Қайран, аңқаулық-ай! Өлген атасына сиырын бақтырып қойғандай.
***
Ақжонаста жалғыз үй отырған бір шешеміз: – Заман жаман, пашпұртым жоқ. Басымнан қорқам, – дейтін көрінеді. Ал, ол өңірде ұшқан қарғадан басқа тіршілік иесі жоқ. Жастай сіңген қорқыныш, үрей де адамды құрсаулап алып, өмір бойы босатпайды білем.
***
Тарихқа қиянат жасау Карамзиннен басталды. Оны қазірде Радзинский мен Мұрат Аджи жалғастыруда. Бұлар білімдар тұлғалар. Бәрін біле тұра бір ұлттың иә тұтас қауымдастықтың үстемдігі үшін осындай әділетсіздікке барады.
Ал, біздің тарихшы һәм жазушыларымыз халқымызда қанша Абылай мен Әбілмәмбет, Жәңгір мен Бөгенбай болғанын білмей әлі күнге шалыстырумен келеді. Ақыры біреудің атын біреуге мінгізіп, біреудің шапанын біреуге кигізіп тынады. Бұл әдейі істелген нәрсе емес. Өзімшіл надандықтың кесірі!
***
Той мен садақаның дастарқанында айырма жоққа тән. Той-салтанат, ерекше көңіл күй. Қонағыңды қалай күтіп, сыйласаң да еркің. Ал, садақа… Өлімді жерге кісі ішіп-жеу үшін емес, қайғы түскен шаңыраққа жұбату айту, демеу үшін келеді. Сарылып көп отырмай, дұға қайырып, дәм ауыз тиіп кетеді.
Ендеше алуан түрлі тағамға майысып, қайысып тұрған дастарқанды не үшін жаямыз? Бұл не бәсеке ме? Байлықты көрсету ме? Әлде қара жамылып отырған шаңырақты шығынға батыру ма? Баһи кешкен адамға тиетіні дұға емес пе еді?
***
Махамбеттің руы – Беріш, оның Жайық атасынан. Ұраны – Ағатай. Түбін қазсақ… Парсы патшасы Нәдір шахтан тарайды. Жаугершілік заманда қолға түскен екі бала Мәді мен Мәлі. Мәді Адай руына сіңген. Ұрпағы бар, өркен жайған. Ал, Мәліні Беріштер бауырына басқан. Құлмәлі атандырып, үйлендіріп, отау тігіп алдына мал салған. Махамбет сол Құлмәлінің шөбересі. Анығы сол!
Ана бір жылдары классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов Махамбет Керей руынан деген қағыс сөз айтып қалды. Ол біраз адамға жел берді. Дәлел жоқ, дәйек жоқ, бұл неткен иемдену? Бабасы, атасы, ұрпағы бар бір қауым елдің назарына қаламын деп ойламаған-ау, шамасы.
***
«Мен» деген қуатты сөз тұлпар мініп, ту алған Махамбетке ғана жарасады. Қалғаны – есек мінген ергежейлілер.
***
Студент кезімде Орал облыстық радиосында диктор боп қызмет еттім. Ауласы бар бір қабатты шағын тас үйден хабар таратамыз. Алмагүл Өмірбекова апай, Игор Савиндер алғашқы ұстазым.
Кейін білсем, ол Сақыпжамал апайдың алғашқы жұбайымен тұрған үйі екен. Атақты ақын Қасым Аманжолов пен жазушы Жәрдем Тілеков ағаларымыз сол шаңыраққа жиі келіп жүрген. Содан таныс-білістік басталған. Терезесінің алдында үйелмелі-сүйелмелі қос терек өсіп тұратын.
Сонау бір шетте сонау үй,
Шығар ма сірә көңілден.
Тұрушы ед тартып мені ылғи,
Махаббат, жастық лебімен – деп Қасым ағамыздың шабытын шалқытқан шаңырақ.
Иә, Орал топырағы шежіреге бай мекен ғой.
***
Екі жақсы тауға шықса құдаласып түседі,
Екі жаман тауға шықса қуаласып түседі.
***
Жаны – аманат, демі – нәсіп, екі аяқты, бір басты пендеміз ғой. Артық кеткен жерім болса Алла кешірер.
***
Бір надан Шыңғыс ханды Адай деп дәлел ұсынады. Екіншісі Жалайыр, келесісі Қоңырат деп… Сондағы ойлары не? Әлемде ұлы қаһан жайлы 2700-дей көркем туынды, деректі, зерттеу еңбек жарық көрген. Жаңалық ашылып біткен, жанкешті ағайын!
Бір ұлттың сиынары мен сүйенерінде шаруаларың қандай? Ол сендердің өз ойларыңмен өлшеп-пішкен кішкентай рулық көрпелеріңе сияр тұлға емес!
***
Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін Кетбұға күйші естіртеді деседі. Рас дерек шығар. Өйткені сай-сүйегіңді үккен «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйі қалды.
Мен білсем Кетбұға екеу. Бірі күйші болса, бірі – батыр, қолбасшы. Олай дейтінім қалың моңғол қолы парсы жұртын бағындырып, Мысырға шабуыл бастайтын еді ғой. Сонда әскер басында тағы да Кетбұға жүреді. Бұл – тарихи дерек.
Ал, біздің зерттеушілеріміз осы екі тұлғаны бір адам деп қарастырады. Қиыспайтын тұсы көп.
***
«Қасқыр да қас қылмайды жолдасына». Осы әдемі сөзді қазақ айтқан. Түз тағысының мәрт мінезін, адалдығын дөп басқан. Ал, осыны айтқан қазақтың бір-біріне жасаған қастығы аз емес. Парадокс!
***
Мысырға барғанымда Қайтпай мешітінің бас имамы, діни ғұламаға сауал бердім.
– Ғұлама, көптен көкейімде жүрген бір түйткіл бар. Алланың ризашылығынсыз шөп басы да сынбайды. Рас па? – дедім.
– Дұрыс айтасыз.
– Адамның бар тағдыры Алланың әмірімен туғанда пешенесіне (маңдайына) жазылды дейді.
– Алхамдулла солай.
– Адамзат баласы ол жазудан қия баспайды. Сол сызықпен жүреді ме?
– Расы сол.
– Ендеше, жауап берсеңіз, мен кез келген қылмыс, зорлық-зомбылыққа қарсы адаммын. Бірақ өмірде алуан жайттар жолығып жатады. Мәселен, біреу кісі өлтірді, қан төкті дейік. Оны жазалаймыз. Не үшін? Аллекем о баста оның маңдайына сондай қылмыс жасауды жазған жоқ па? Ол тек соны ғана орындады. Басқа жазығы жоқ. О дүниеде Алла да өз бұйрығына өзі қарсы шығып, ол қылмыскерді тозаққа жібермейтін шығар?..
Ғұлама ұзақ ойланды. Бетіме сынай қарады. Сәлдесін түзеді. Өз сұрағыма өзім қысыла бастадым.
– Әрине жоғарғы, төменгі ақыл иесі дегенді білемін. Біз төменгі сатыдамыз…
– Дұрыс айтасыз, – деді ғұлама күлімсіреп. – Бірақ сауалыңыз орынды. Каирда әлі қанша күн боласыз?
– Екі-ақ күн.
– Әттең, аз екен. Келесі жұма намазда алуан білім иелері осында бас қосады. Жаңағы сауалыңызды соларға бергенде… Бір жауабын алып қалар едіңіз. Айып етпеңіз. Риза көңілмен аттаныңыз.
Осымен хош айтыстық.
***
Қожайынның қолын жалап, қораға үретін төбеттердің дауысы неткен аянышты…
***
Бақытсыз елдің батырлары көп. Олар соны әлі күнге қорғаныш көреді.
***
Қалмақтың тұтқынында екі жыл жатқан Абылай ханды қазақтың билері барып құтқарып алған. Қалдан Серенді сөзден жеңіп, босаттырған дегенді өзге емес, біздің тарихшыларымыз айтады. Адамның беті осындайда қызарады, ұялғаннан. Сонда олар Колесниковтың кітабын оқымаған-ау. Орыс құтқарады, орыс!
***
Абылай ханның Түркістан қабірстанынан таптық деген бас сүйегін Ресей антропологтары қалыптады. Мүсініне қараңызшы. Ауылдың суайт, сумақай шалдары болатын, солардан аумай қалыпты. Мен білсем бұл аты аңызға айналған Абылайдың бас сүйегі емес!
***
Торғайлық Жұматай Сабыржанов деген журналист, жазушы өткен. Жаны жақын, рухы биік азамат еді. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Мынау заманға, қоғамға деген сыни көзқарастары ылғи да жетпей тұрады.
***
Егіздің сыңары қайтыс болған. Біздің ауылдың бір аңқауы көшеде біреуін көріп қалып сұрайды дейді: – Өлген қайсысың? Сен бе, ол ма? – деп.
***
Қаланың баласы ауылға барса күлкі болады, ауылдың баласы қалаға келсе түлкі болады.
***
Аз ми көтеріп жүруге жеңіл. Осы жігіт сосын да басын қайта-қайта қақшаңдата береді білем.
***
Темір мен масты қызған кезде соққан дұрыс.
***
Тас та – таудың туысқаны. Жарайды, болсын. Тау ештеңе емес-ау, тас деген туысқанның көптігі шаршатады екен…
***
Осы жұртқа бәрі керек. Керек десеңіз ышқырыңыздағы битті де санап береді.
***
Мақтау – адамдардың арасында айналыста жүретін жалған ақша сияқты. Жалған болса да алдың екен, кері қайтару керек.
***
Сталинді культке жеткізген, Хрущевқа жүгері ектірген, Бренжневтің төсіне металлом үйдірген осы атың өшкір қошеметшілдік еді ғой. Назарбаев еш мақтауға зәру емес. Бірақ табаны қызып кеткендердің тоқтар түрі көрінбейді. Аламан бәйге дерсің. Культті қолдан жасайтындар жағымпаз ағалар мен жолбике ханымдар!
***
Жағымпаздық – жұқпалы дерт. Оның вирусын жоятын әзірге дәрі жоқ.
***
Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан, Сәкен мен Ільяс, Бейімбеттерді кімдердің сатып, жаналғыштарға кімдердің ұстап бергенін көп жазушы біледі, мен де білемін. Солардың ішінен Әбділда Тәжібаев қана ар алдында ақталды. Мағжанның аруағы алдында кешірім сұрап, алғаш шыққан бір томдығына алғысөз жазды. Өзгелері үнсіз кетті. Бақиға!
О дүниеге барғанда бір-бірінің жүзін қалай көрді екен?..
***
Егер 1937 жыл қайтып келетін болса бұ қазақ тағы да бір-бірін ұстап береді. Заман мен қоғам өзгергенмен адам ниеті өзгермей қалды.
***
Адамды қартайтатын көбіне уақыт емес, оқиғалар.
***
– Осы аталарымыз әйелді жеті қазынаның біріне неге қоспаған? – деп бір құрдасымның үйінде отырып әңгіме бастадым.
– Жоқ, қосуға болмайды, – деп келе жатыр еді, әйелі орысша оқыған неме: – Вечно солай істейсің. Эгоиссің, – деп тұтанып сала берді.
***
Жанымның жетім қоңыраулары сыңғырлап жатыр.
***
Жастай жетім қалғаны рас шығар, темекіні омырау сорғандай еміп тартады екен.
***
Тоқал ешкі өзін лақпын деп ойлайды. Бір ағамды көргенде ылғи да сол ешкі есіме түседі.
***
Арақты адам ішпейді, көңіл ішеді.
***
«Жасқа өлім жоқ, Әзірет Әлінің қылышына өзі барып ұрынады» деген арабтарда мәтел бар. Қазірде сол қылыш – автокөлік апатына айналды. Жасты да, кәріні де жұтып жатыр. Соңғы 10 жылда 40 мыңға жуық адам қаза тапқан. Жарақат алғанның, мүгедек болғанның есебіне жетпессің. Соғыс керек болмай қалды.
***
Халыққа қайырылып қарамайтын, қошеметшіл алақанын кең жайып бата бергіш ағаларым бар. Солар кезінде аттылы адамның өзі ығып тұратын үлкен-үлкен лауазымды қызмет атқарды. Жағымпаз, жөн тапқыш, орта ақыл. Осындайлар басқарған соң біздің ел қайтып оңсын?!
***
– Мені танымай қалай жер басып жүрсің? – дедім біреуге қырсығып. Олигарх деп ойлаған шығар, бетегеден биік, жусаннан аласа бола кетті.
***
Тілін көрсетіп, тісін жасырғандардан қашан құтылар екенбіз?
***
– Төрт жыл немістен қайтпаған жүрегім сенен қайтса көрейін, – деп баяғы бала кезде бір ағамыз келіншегін сабап жататын. Сондай ағалар бар кезде жеңгелеріміз де жіптіктей еді.
***
Бір жазушы кітабын сыйлаған. Әріп сайын мүдіріп, сөйлем сайын сүрініп әрең оқыдым.
***
Кувейт болдық, Эмират болдық, Сингапур болдық, барыс болдық. Енді кім болар екенбіз?..
***
– Шіли кекетесің, мұқатасың, сен осы қазақты неге жек көресің? – деп бір ағам тиіскісі келген, Абай атамның «Қара сөздерін» көп оқып едім, деп құтылдым.
***
– Рахымжан «Халық жауы», жазғанын шығартпау керек. Шет тілдерге аударылмасын. Өйткені кейіпкерлерінің бір оңғаны жоқ. Өзгелер бізді күлкі етеді, – деп бір қаламгер Жазушылар одағының кезекті пленумында зар төгіпті.
«Сүйем» деген тәтті сөзден аузымыз уылып болған жоқ па?
***
Жастық шақ жалын ғой. Жалынға жамылғы жараспайды.
***
Наполен Бонопарт жеңіспен Парижге кеп кіреді. Өзі ат үстінде. Соңында қалың әскері. Халық қуанышты. Жеңімпаздарды қарсы алып у да шу боп, құттықтап жатады. Наполен ат үстінде еңсесін төмен салып, үн-түнсіз өте береді. Шыдай алмаған бір шенді қатарласа беріп, «Халық қуаныш үстінде, бір ризашылығыңызды білдіріп қойсаңызшы» демей ме?
Сонда Наполен «Менің жеңісіме қуанған жұрт ертең мен өлгенде де осылай қуанып шығарып салады» деген. Сосын «Публика – дура!» дегенді де қосып қойған. Айтқаны келді!
***
– Мен ақ байғұс, – деп бір ағамыз әңгіме бастайтын. Соны айтқан сайын ақтығына күмәнмен қарайтын болдым.
***
Қырғыз әдебиетінің патриархы атанған Түгелбай Сыдықбековпен әңгімелесіп отырдым. Естеліктерге ерік берді. Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Саяқбай Қаралаев, Бөлтірік Чормановтар жайлы ұзақ толғады.
– Осының бәрін жырдай ғып жазар ем, мына Паркинсон деген ауру әл беретін емес. Қолым қалтылдап, – деп жасыды.
– Байке, сіздің қолыңыз емес, дүниенің өзі ырғағынан жаңылып қалтылдап тұр. Сол қалтылдап тұрған дүниені аман сақтап қалам деп дирижерлық жасап отырған сіз ұлы адам, – дегенмін. Жиекті тақиясы ақ селеу шашын әрең көмкеріп тұрған қара шал сәбидей шаттанып күлген. Жарықтық кең пішілген тұлға еді.
***
Елшілікте жүргенде «Сендер Кенесарыдан оңай құтылып едіңдер. Шахановтан оңайлықпен құтыла алмассыңдар» – деп қырғыздарды әзілдейтін ем.
***
Қырғыздың әндері сағыныш пен мұңға толы.
***
Нұрлан ағам (Балғымбаев): Үкіметтің қашанда бір оғы артық. Сақ бол, деген.
***
Аспан асты кең дейміз. Жер беті біреулерге тарлық еткен соң аспанның кеңдігінен не пайда?
***
Сайымжан Еркебаев белгілі жазушы, қаламы уытты сатирик еді. «Басы кесілгендердің бәрі Махамбет емес» деген бір ауыз сөзіне риза боп Ғабит Мүсірепов Жазушылар Одағына мүшелікке алған. Адал, аңқау еді. 43 жасында үйленіп, өз тойын өзі басқарған хикаясы трагикомедияға бергісіз. Өзі айтар еді. – Жастау кезімде Алматының бір қызымен таныстым. Сыйласып жүрдік. Жалғыз анасы бар екен. Алып барып таныстырды. Көп отырған жоқпын, сәлемдесіп кіріп шықтым. Арада бір ай өткен. Жұмысқа барғалы таңертең трамвайға міндім. Бір орын бос тұр. Әлгі орынға бір мосқалдау әйелмен таласып қалайын. Ерегесіп, сөзге келіп ақыры өзім отырдым. Екі-үш күн әлгі қыз көрінбей қойды. Үйіне іздеп барсам… әлгі трамвайдағы орынға таласып жүргенім сол қыздың шешесі екен. Ой, масқара-ай! Үйінен түріп айдап, қуып шықты. Алғаш барғанда болашақ енемнің бетіне де дұрыстап қарамағам ғой. Солай, бала, – деп қып-қызыл шиедей боп күлетін жарықтық.
***
Көрші шал қонақтықта қолына қойдың басы тисе, пышақпен қақпағын ашып «Апыр-ай, мына қойда түк ми жоқ, өрістен үйді қалай тауып кеп жүр» деп өп-өтірік таңданып алып, аппақ миды асап отыратын.
***
Біреудің басына қарға саңғып кетсе де, мен ұшырған қарға боп шығатыны несі?
***
Қазірде қай жақтан айқай шығар екен деп құлағын жымырып отырғандар жеткілікті.
***
Тұлпарға мініп, даланың шаңын шүйкедей созып шабар ма еді, шіркін!
***
Кешегі социализм кезінде арманшыл бала едік. Октябрят болдық. Қызыл галстук тағып пионерге өттік. Одан комсомол… Әрқайсысы оқушылық дәуреннің қызықты бір баспалдағы болашаққа тартылған алтын арқау, күміс жалғау сынды еді. Сол сеніммен өсіп, ержеттік. Өзімізге сай әніміз де, сәніміз де болатын. Күшті идеология мықты ұрпақ тәрбиеледі.
Қазір ше? Соның бірі жоқ. Капитализм жас өркеннің арманын тонап жатыр. Қайткенде де ақша табуға, бай болуға ұмтылдырған арман арман емес!
***
Ағып бара жатқан уақыт, қалып бара жатқан бақыт енді соңынан қос атпен қусам да жеткізер ме?
***
Бір келіншек жат ағымға өткен бе, бет-ауызына дейін қымтап, қара киініп алыпты. Өзі кеп атын айтқанда әрең таныдым. Осының бетіне кім зәру боп жүр екен деп тұрдым да: – Сен осы банктегі кредитіңді төлемейін деп қашып жүрген жоқсың ба? – деп әзіл айттым.
***
Түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнде қырық құбылған заманнан да, адамнан да шаршадым.
***
Жауыңды да жақсы көр, мейіріміңді төк, – дейді діни кітап. Олар пышақтаймын деп тұрса, мен қалайша құшақтаймын?
***
Ол – ұялмайтын адам. Беті қызармайды. Анда-санда шапалақтап алмасың.
***
Кавказдықтар көп жасайды дейміз. Олардың қарт адамдары көбіне бір жасты жатырдағы тоғыз айлық өлшеммен есептейтінін ұмытпайық.
***
Атақты сатирик Көпен Әмірбек шығармашылық кешінде «Таспен ұрғанды аспен ұрдым» деп сықақ өлең оқып тұр. – Көпеке, ол ұғым ескірген, архаизм. Қазірде таспен ұрғанды баспен ұрады, – деп ем әзілдеп. Қолма-қол өзгертті.
***
«Өз тағдырың – өз қолыңда» деп бір газет тақырып қойып, мақала басыпты. Сонда Құдай қайда қалады?
***
Алла адамзаттың қолтығына 4 кітап қыстырып кетті. Дінің, иманың, әдебің, жиғаның осы деп. Компьютер, фейсбук, сайт-майт емес.
***
Ырзалықпен-ақ өмір сүрейін дейсің. Ыза қылатындар да аз емес.
***
Сағынатын адамдарым азайып барады. Ол таусылғанда өмір ит те бітетін шығар.
***
Ұлы деген атау Аллаға ғана жарасады. Адамға емес.
***
Алла адамзаттың ақыл-ойына шектеу қойған. Өзіммен таласпасын деп…
***
Көп ақын өлеңді сезіммен бастайды. Сосын сезімді төзім, машық жеңеді. Ол ақынның өлгені!
***
Батар күндей ісініп, өзіне-өзі симай жүрген мынау кім?!
***
Кісіні үндемей өлтіретін адамдардың сорты бар.
***
Берлинде жүргенімде Мюнхенде тұратын немістің үлкен жазушысы Герт Хайденрайх іздеп келіп бір күн жанымда болды. Өзбекстандық ақын Абдолла Шер мен Шолпан Қызайбаева төртеуміз театрға бардық. Әдемі бір спектаклді тамашаладық. Кеште арнайы қонақасы берді. Неміс салтында әркім өзі ішкен тамағына өз қалтасынан төлейді. Герт болса көл-көсір дастарқан жайды. Ол менің әңгімелерімді қызыға тыңдайды. Тіпті шек-сілесі қата күледі. Көп сырластық. Таным-түсінігі мол парасат иесі.
– Сен маған айтпаған боғауызымды айттырдың, – деді бір әңгіме үстінде.
– Қалайша? – деп таңғалдым.
– «Қытайдан жеткен сәлемдемеңді» неміс тілінде оқып отыр ем. Әлгі Өмірбайдың қытай шекарасынан қазақ жеріне өтерде Әсемай мен екі баласынан танып шығатын тұс бар ғой… Соны оқығанда Өмірбайдың дымын қалдырмай балағаттап, орнымнан тұрып кетіппін. Айналамдағы адамдар шошып кетті. Солай, досым, сенің әңгімелеріңді оқығанда күліп иә жылағың келеді. Сосын боқтағың келеді.
***
Бір әйел күйеуін қарғап-сілеп жатыр. «Золотой запасы» неткен бай еді. Тұнып тұрған творчество!
***
«Жемқорларды құртайық!» деген ұран қайта-қайта көтеріледі. Нәтиже кем. Ауызда ерік бар ма, арғы жағында аңырап құлқын тұрса…
***
Темірхан Медетбек қазақ поэзиясына о баста-ақ құбылыс боп келген. Ол өлең өлкесін жаңа түр, жаңаша мазмұнмен байытты. Және оны ешкім қайталай алған жоқ. Жеке қолтаңба деген осы! «Көк түріктер сарыны» – сол жауһарлардың заңды жалғасы. Бағзы бабалардан қалған елдік пен ерліктің ұраны!
Шіркін, Темкең өлеңдерін әлем тілдеріне аударар ма еді? Бар бояуын бетінде ұстап. Алдына қара салмас еді. Амал не…
***
Желдің екпінімен сырғанақ тепкен алашұбар бұлттар аспанды айғыздап болды. Не көлеңкесі немесе жаңбыры жоқ қысыр немелерден қашан құтылар екенбіз?
***
Есептеулі ғұмырдың есептеусіз күндерін босқа шаштық-ау…
***
Өзім шығармашылығын қатты құрметтейтін Дүкенбай ағам (Досжанов) жаңа кітабы шығатын боп фотоға түсіп жатқан. Фотограф Нұрғожа Жұбанов. Аса сабырлы, аяулы ақсақал. Дүкем бір орында байыз таппай «Ана бұрышқа қарайын ба, енді мына жаққа» деп бұрыла береді. Шыдай алмадым.
– Дүке, бұрышқа қарағанша болашаққа қарасаңызшы, – деп қалдым. Жазушы әдемі жымиды. Сол сәтті күткендей Нұрғожа ағам да сырт еткізсін. Қазірде сол суретті көрсем өзім де еріксіз жымиямын.
***
Өтірігіміз жарасқан соң дос болып едік. Ортаға шындық түсіп, ажыратып жіберді.
***
Комиссия мүшелерінен бар-жоғы 3 дауыс алып, Мемлекеттік сыйлық иесі атанған А. деген жазушыны көрсем… Оның да, Мемлекеттік сыйлықтың да бетіне түкіргім келеді.
***
Тоқал алу мәселесі қозғалған тұс-ты. Парламентте отырған кейбір депутат ханымдар: – Ендеше біз де екі күйеуге тиейік, – деп дау көтерді. Тоқалы құрсын! Тек әлгі ханымдарды айтамын-ау… Пайғамбардың өсиет-үрдісіне қарсы шықтым деп ойламады ма?
Ал, олар шындап келгенде кемі екі күйеуге тигендер. Байларына, сосын билікке! Аздық ете ме?..
***
Кезінде демограф Мақаш Тәтімов ағамыз бастаған алкеуде топ әйелдердің ышқыр бауын босатамыз, бала таптырамыз, сөйтіп қазақтың санын өсіреміз деп біраз желеулетті. «Қарадомалақ» деген қор құрып, әр балаға байғазы деп 100 мың теңге ұсынды. Содан біраз еркектің құлағы, біраз әйелдің етегі көтерілген сынды…
Баланы ақ шымылдықтың ішінде, тар төсектің үстінде Алладан тілемес пе?
***
«Это конечно, сукин сын, но он наш сукин сын». Франклин Рузвельттің Никарагуа диктаторы Самос туралы айтқаны.
Бізде де сукин сындар аз емес.
***
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары әлі көз алдымда. Адам ақылмен түсініп болмас аласапыран. Жоқтық, жабайы сауда, алдап-арбау. Сосын бүкіл елді жайлаған рэкеттер…
Тәуелсіздік бізге бандиттің маскасын киіп келген.
***
Из Гурьева городка,
Потекла кровью река. Бұл – Пушкиннің жыры. Қазақ даласынан ғажайып ақынның қасиетті қаламына ілінген жалғыз қала осы. Бүгінгі Атырау.
***
«Вся жизнь передей» деп ән айтып, тарсылдатып билеп жүргенде өмірдің көбі өтіп кетіпті. Оказывается всё позади!
***
Көзде бар, көңілде жоқ көп халыққа менің қолымнан не жақсылық жасау келеді?
***
Аспанның биік болғаны қандай жақсы. Әйтпесе талайлар таңбасын басар еді.
***
Баяғыда ет комбинаты бір-бір семіз серке ұстайтын. Мүйіздерін қызылмен сырлап қоятын. Бәріне бірдей ортақ ат – «Козёл – провокатор!» Аудан шаруашылықтары қора-қора қой айдап әкеледі. Етке өткізеді. Қой деген момын байғұс қан қасап жерге қапелімде кіре алмай үркіп қашады. Ондайда сумаң етіп әлгі семіз серке пайда бола кетеді. Қой алдына түседі. Жол бастайды. Оған сенген момын байғұстар… Қолға үйретілген неме бір бүйірдегі есікке кіріп кетіп, жемін күйсеп тұра береді. Келесі… келесі…
– Ай мүйізді ақ серке қой бастайды, қой алдында жануар ойқастайды, – деген ежелгі жыр еске түседі. Ол бұл серкелер емес шығар?..
Жалпы серкелерге сақтықпен қарайықшы.
***
– Қойдай қоңыр жуас елміз, – деп бір ғалым ағамыз сөз бастады.
Тұтанып кеттім. Халқыңды малға, соның ішінде қойға теңеуге бола ма?
– Өзіңіз «баран» бола беріңіз. Ал, елде шаруаңыз болмасын, – дедім әжептәуір дауыс көтеріп.
– Вечно шатақ шығарасың да отырасың. Саған ештеңе жақпайды, – деп ол да ақырып салды.
– Міне, қой емес екеніміз осыдан көрініп тұр. Әйтпесе екі қазақ бір-біріне арыстан құсап ақыра ма? – дедім.
– Рас-ау, – деп күліп жіберді.
***
Бір бизнесмен інім: – Торғайдың жігіттері кидать етіп кетті, – деп налып тұрды.
– Оларға несіне ренжисің. Көз ашқаннан көргені сол. Үкімет оларды қаншама рет кидать етті, – деп жұбаттым.
***
Азамат баласы жерге басқа планетадан әкелінген сияқты. Жеткізгендер НЛО мінген жатжерліктер. Құдай – солар. Библияда «Құдай адамды өзіне ұқсатып жасады» демеуші ме еді. Жатжерліктер де (гумоноидтар) адам сияқты қалыпта. Демек, ғарыштан келгенбіз. Біздің де космосқа қоймай ұмтылатынымыз сондықтан. Әкеміз сол жақта болса, іздемей қайтеміз?
***
Мақтанғанда бұйра шашы басына симай тұрды.
***
– 48 жыл Лев Николаевичпен бірге өмір сүрдім. Бірақ не адам екенін біле алмай-ақ қойдым, – деп жазған жұбайы Софья Андреевна ұлы қаламгер баһи кешкен соң.
Толстойдың ұлылығының бір тіні сонда жатса керек. Көбіміз неке түнінен кейін-ақ кім екенімізді әйелімізге білдіріп аламыз ғой.
(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!