Рахымжан ОТАРБАЕВ
Шыңғыс ағаға (Айтматов) ылғи да таң қалатын едім. Өте жайлы, салмақты тіпті болбыр, бос деуге келеді. Ал, атақ, абырой қандай! Әлемнің әр түкпірінен құйылып, төгіліп жатады. Әбден еті үйренген. Елең қылмайды.
Алла өзінің жеке қамқорлығына алған тұлға!
***
Горькийдің Октябрь төңкерісіне дейін жазған әңгімелері – теңдесі жоқ классика. Кейіпкердің жан әлемін, қоршаған орта мен табиғаттың бояуын қалай үйлестіріп кестелеген десеңізші! Сөз жетпес сұңғылалық. Кішкентай ғана «Страсти-мордасти» әңгімесін он рет оқыған шығармын. Оқыған сайын жетім бала, жесір де жүргіш әйелдің тағдырын аяп ойға батамын.
Ал, кейінгі жазғандары… Әрине, жақсы-ақ. Бірақ бұрынғыдай емес, бояуы солғын. Демек, революцияны бар болмысымен қабылдай алмаған. Сырты қуаттағанмен ішкі дүниесі қарсыласып жатқан. Әйтпесе көл-көсір талант иесінің алақолдығын немен түсіндіруге болады?
***
Кезінде әжептәуір лауазым иесі атанған бір ақсақал кітап жазыпты. Өз еркі. Оқып шық інім, пікіріңді айт деп алдыма қойды. Және кетіп бара жатып жыныма тиді.
– Зейнетақыға шықтық. Ермек керек. Сосын да жазғаным. Әйтпесе уақыт өтер емес.
Өз басым қырық жыл бойы қара сия, ақ қағазбен айтысып келемін. Шамасы ермек үшін екен ғой. Немесе басқа кәсіп қолымнан келмеген соң…
Араға аз мерзім салып үлкен дәмемен келген. Сөз қысқа қайырылды.
– Ақсақал, мына шатпағыңыздан ештеңе түсінбедім. Пеш түбінде көтеніңізді күлге көміп отырыңыз. Шайға қаныңыз. Ұйықтап алыңыз. Сонда уақытыңыз тез өтер. Хош тұрыңыз.
– Қырсыққа жолықтырған Құдайды айтсаңшы, – деп есігімді тарс жапқан. Икемге келмейтін өзіме де обал жоқ!
***
Ұзын дәме, қысқа қолмен бір ғұмырды тауысар ма екенмін?
***
Баяғы жас кезде бір ағам, көлемді етіп көп жаз, сонда қаламақыны мол аласың, деп ақыл айтқан.
Жақында тағы бір ағам, алысқа шаппай қысқа қайырайық, бәрі бір қаламақы төлеп жатқан жоқ, деп жөн сілтеді.
Сонда ой, қиял, шабыт бәрі-бәрі ақшаға тіреліп тұр ма?
***
Кейде ақшаны судай шашамын. Қалтамда қара бақыр қалмайды. Ондай сәтте өткен шақтың отына жылынып, рақат кешіп отырамын.
***
Арал тағдыры үлкен ауқымда көтерілді. Жыл сайын айдын беті ортайып, негізгі арнасынан 60-80 шақырымға дейін кері шегініп кеткен. Теңіз табанынан көтерілген құм Бөген, Қаратерең сынды ауылдарды басып жатты. Тіпті аты аңызға айналған Барсакелместің өзі Үстіртпен қосылып, құлан біткен қашып жатты. Аралдан ұшқан тұздың Солтүстік мұзды мұхиттан табылғаны және бар. Жергілікті тұрғындар экологиялық апаттың зардабын адам айтқысыз тартты.
Осындай алмағайып шақта шалқар дария Обьтың бір арнасын Есілге бұрайық, Есілді Аралға жеткізейік. Сібір онсызда судың көптігінен зиян шегіп отыр. Сөйтіп тартылған теңізді толтырайық, деген жоба көтерілді.
Сол сол-ақ екен, орыстың зиялы қауымы, әсіресе Залыгин, Распутин сынды жазушылары үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Табиғи үйлесімді бұзуға болмайтынын, ол табиғатқа жасалған қарақшылық екенін дәлелдеп жазды. Аралды құтқарамыз деп ұлан-байтақ Сібірді де құртатынымызды ғылыми дәлелдеді. Алайда шовинистік көзқарас деп оған өзімізше өкпе тақтық.
Қазір ойласам өте дұрыс шешім болған. Адам қолы араласқан табиғаттың бүлінбеген жері қалды ма?
***
Аралдан ел Қапшағайдың жағасына көшіп жатты. «Қашқан жұттан құтылады» деген сол. Алматыға қайтарда аудандық ауруханаға бас сұқтым. Көп сырқаттың ішінде сүйріктей бір балаға көзім түсті. Төсекте таңулы жатыр. 10-класс оқушысы. Қатерлі дерт. Аты жаман ауру желке тұстан жармасыпты. Дәрігерлер үміт үзіп отырды. Бала жанында отырған маған жаутаңдап қарай берді. Кемсеңдеп еді, көзінен жас шықпады.
– Аға, – деді әрі-беріден соң. – Аттестат ала алмаспын. Алсам кетіп қалар ем…
Қапшағайды ма, кім білсін нені меңзегенін. Көзімнен жас бұрқ ете түсті. Көп бөгелмей шығып кеттім.
Әлі күнге сол сөз жадымнан өшер емес.
***
Сол жылдары Сырдарияда жылан балық деген пәлекет пайда болды. Өзге балықтардың уылдырық, шабағымен қоректенетін көрінеді. Жеп түгендей құртуға айналған. Тегі беймәлім. Бұрын қазақ жеріндегі ешбір өзен, көлде болмаған, өспеген мақұлық. Оны мұнда кім әкеліп жіберіп жүр?
***
Қалай десек те, Арал тағдырын Әбдіжәміл Нұрпейісовтей әлем назарына алып шыққан қаламгер жоқ.
***
Желтоқсанның нағыз қаһармандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаев. Қалғандары қолдан жасалғандар…
***
Қазақта өтірік жанашыр, жалған жәдігөй көп. Оны Арал мен Желтоқсан оқиғасы жайлы комиссияның құрамында жүргенде анық байқадым.
***
Жазушылар одағына анда-санда ақбас бурадай желкілдеп Тахауи аға келетін. Өзі мені жақсы көреді. «Қаламгерге» барамыз. Бір ішкенде 4-5 шәшке кофені бір-ақ сіміреді. Әңгіме қызады. Бірде «Боранды», келесіде «Шырағың сөнбесін» романын қалай жазғанын сөз етеді. Замандас қаламгерлердің алуан қызықтарын, оғаш қылықтарын тізбелейді. Жарқылдап сөйлеп, қарқылдап күледі…
Ауырып жатыр деп есітіп, пәтеріне көңілін сұрай бардым. Жазу столы басында отыр екен. Аппақ шаш әдемі ақ сақалмен соншама үйлесіп тұр. Өзі де көрікті адам ғой. Сыр алдырмады. Сыпайы сөйлеп шығарып салды. Артынша қаралы хабар да көп кешікпеді. Айтары жоқ мәрт тұлға еді!
***
Қалихан Ысқақов – қазақ қара сөзінің қаймағын алып, қаспағын қырған қаламгер. Оның қаламынан туған тың тіркестер мен тосын ой, иірімдерді санап шығудың өзі аз шаруа емес. Тәкен Әлімқұлов, Ахан Нұрманов, Тельман Жанұзақов портреттері, Торғай сапары хикаясы, інілері хақындағы толғауы, несін айтасыз, шедевр. Тек осының өзін жоғары оқу орнының журналистика факультетіндегі студенттерге тәжірибе есебінде оқытса, бір жылға азық. Ғұмырлық тағылым!
Бір таңқалатыным, осыншама шаппай бер дарын иесі үлкен шығармаларға келгенде бір ізге түсіп алады да, шиырлап шыға алмай жатады. Кең құлаш жоқ, үлкен ауқымнан ада. Не себеп?
Әсілі Қалағаң – Чехов, О’ Генри, Майлин сынды шағын жанрда жауһар туғызатын жазушы.
***
Москваға жиі барамын. Көбіне кітабымның аудармасы, шығару, тираж жайы. Аудармашым – орыстың үлкен жазушысы, «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин. Ылғи кабинетінде әңгімелесіп отырғанда көңіліме бір сұрақ кептеледі. Не себептен бөлменің обойын жаңартып, жөндеу жүргізбейді. Мынау көне мебель, диван, креслоны ауыстырмайды, деген. Бірінде сұрап та көрдім. Бақсам, бұл Максим Горькийдің өмірінің соңына дейін отырған кабинеті болып шықты. Бәрі-бәрі сол заманнан келе жатқан жәдігер. Ешнәрсе қозғалмаған. Тұнып тұрған тарих, шежіре.
– Жаңамен ауыстыруға қимаймыз. Ұлы қаламгердің рухын сезінген абзал. Осының әрқайсысында оның қолының табы жатыр, – деген Георгий Владимирович тебіреніп.
Үлгі етерлік іс.
***
Шериаздан аға Елеукенов – мемлекет пен қоғамның үлкен қайраткері. Беделді сыншы, аузы дуалы ақсақал. «Литературная газетада» кезекті бір әңгімем жарияланған. «Актриса» деген. Оқыпты. «Қазақ әдебиеті» газетіне қуана хат жазыпты. Әңгімені талдап, сүйіспеншілік сөзін айтыпты.
Ерекше риза болдым. Ағалық, азаматтық деген осы.
***
Мені қолымнан жетектеп Москваға алып барған Әбдіжәміл аға.
– Қатал таңдаудан өттің, бала, – деген бір жолыққанымда. – «Қараша қаздар қайтқанда» деген кітабыңды қолыма карандаш алып отырып, дұшпанның көзімен оқыдым. Мін іздедім. Таптырмай қойдың. Мен де стилист едім. Сен менен де өтіп кеткен оңбағыр екенсің. Жүр кеттік. Ер маған.
Көтеріп сөйлеген де. Әйтпесе Нұрпейісов болу қайда? Алдымнан Европа мен әлемнің кең жазира жазығы осылай ашылған. Бүгіп қажеті не!
***
Әңгімелесіп отырғанымда Шерхан аға:
– Айтматовтың қаншама кітабын аудардым, аға боп бір маңдайымнан сипауды білмеді ғой, – деп наз айтты.
***
Бішкек. Тоголок молда көшесімен төмен түсіп келе жаттым. Қарсы алдымнан Шыңғыс аға кезікті. Сәлемдесіп кідірдік. Денсаулық сақтау министрлігіне бара жатқан беті екен.
– Қайдан келесің, батыр? – дейді ұлы қаламгер әдетінше жылы жымиып.
– Кинофото архивке барып ем. Қырғыз бен қазақ ақын-жазушыларына қатысты көптеген көне кадрлар бар екен. Біразын шығартып алдым. Мынау Жамбыл жәкем, анау Күләш Байсейітова мен Сайра Киізбаева, мына бірі Қажымұқан ағамның белінен ұстамаймын деп күреспей қоятын атақты Қожамқұл балуан… Тізе жөнелдім.
Шыңғыс аға көбін бұрын көрмесе керек, әрқайсысын ілтипатпен қолға алып, асықпай зер салып жатты.
– Аға, мына фотода сіздің жастық шағыңыз бейнеленіпті. Шығартып алдым, – деп ең соңынан өзімше сюрприз ғып және бірін қолына ұстаттым.
– Ой, қоқи! – деді Шыңғыс аға дауысын анық көтеріп. – Мұны қайтіп көрмегенмін. Бұл 1962 жылдың көктемі. Қырғызстанның Ленинградтағы күндерінен көрініс. «Аврораның» үсті. Ортада тұрған республика басшысы Искак Раззаков. Мына тұрған мен. Онда республикалық әдеби журнал «Литературный Киргизстанның» бас редакторымын. Жанымда… жанымда…
Дауысы діріл қаққан ағаның жүзіне қарасам жылап тұр. Шошып кеттім. Байқамаған боп сырт айналдым. Сәлден соң Шыңғыс ағаның дауысы бекіді.
– Ғафу ет. Жанымда тұрған Бүбүсара Бейшеналиева. Алғаш рет тап осы «Аврораның» үстінде танысып, өмір бойы… өмір бойы… Мына фотоң үшін саған алғыс айтамын. Өзіңде сақта. Айырылып қалма. Кейін кітапқа берерде сенен сұрап алармын. Хош!
Ұлы адамның махаббаты да ұлы. КСРО халық артисі, ғажайып биші атанған Бүбүсара ханым мен Шыңғыс ағаның ғашықтық хикаясын бүкіл ел біледі. Оны тәптіштеп қайтеміз.
Кейін диалог кітап «Құз басындағы аңшының зары» шыққанда әлгі фото соған енген.
***
Бішкекте республикалық филормония алдына Манастың ескерткіші тұр. Табаны жер баспай азынай шапқан тұлпар қандай! Қылышын сермей ұмтылған батыр қандай! Көрерге көз керек! Бұл құйылған қола емес. Жанды бейне. Әр қимылы сөйлеп тұр. Мүсіншісі – Тұрғынбек Сыдықов. Осы ескерткіш үшін заманында Лениндік сыйлық алған Бұл – бір елдің қазынасы, тарихы, тағдыры, бүгінгі мен ертеңі.
Қазақстанда да ескерткіш көп. Жаяуы бар, аттылысы да аз емес. Тұщынатының жоққа тән. Образды беру, көркемдік келісім, шеберлік шешім әйтеуір ақсап жатады. Алматы теміржол вокзалының алаңында тұрған Абылай хан ескерткішіне көз салыңыз. Хан ат үстінде. Бәрінен бұрын аттың ұмасы тасырайып көзге ұрады. Хан басына цирк клоунының қалпағын кигізіп, қолына шолақ таяқ қыстырыппыз.
Бар-жоғы сол! Абылайдың жүзінен ерлік, уайым мен үміт шуағы есіп тұрса дейсің ғой. Емге таппассыз!
Жұмекен ағаның өлеңі бар-ды:
Бір ескерткіш қойып едім тіріңде,
Ол да саған ұқсамады қайтейін, – деген.
Ұқсатпауға, оқсатпауға келгенде не деген шебер елміз!
***
Қазақ қаламгерлері өмірбаяндық, естелік кітап жазуға әуес боп алды. Замана келбетін, уақыт лебін сезінуге, тұлғаларды тануға таптырмас дүние. Өркениетті елдердің бәріне тән нәрсе. Оқи бастайсыз. Әдемі-ақ тізбелейді. Өйткені жазып отырғаны – өз өмірбаяны. Алдымен бәсжетпес талантын, сосын жазған шығармасын тәптіштейді. Елдік пен ерлігін де бір қыдыру жырлап өтеді. Қазақта өзінен басқа марқасқа жоқ екенін санаңа сіңірумен болады. Әйелі, бала-шағасы бүкіл ұлтқа өнеге боларлық екен. Ұлы мақсатқа ұмтылған мұның жолына көп кісәпір шөңге шашқан екен. Аққа Құдай жақ. Алысқанын жықты, шабысқаны бұқты… сұңқар да өзі, тұлпар да өзі.
Адам емес, робот па дерсің. Пенде болған соң кемшілігі, қайғы-мұңы, әттеген-айы болмас па? Жо-жоқ, атай көрмеңіз. Періште бітім. Бітті!
– Қойшы, көке, – деп сосын кітапты тастай саласың. – Мен сіздің кім екеніңізді білем ғой. Өтірігіңізге береке берсін!
***
2000 жылдан Москвадан шығатын «Караван историй» журналын алдырып оқимын. Орыстың һәм әлемнің өнер иелерінің өмірбаяндары мен сұхбаттары үзбей жарияланады. Шынайы әр салада еңбек еткен тұлғаның бар бітім-болмысы көз алдыңнан өтеді. Адал әңгімелеріне еріксіз сүйсінесің, әпенді істеріне күлесің, оғаш қылықтарына опынасың…
Жасырын жоқ, жаба тоқу жоқ. Ісіну жоқ, кісімсу жоқ.
Мысалы, олар жанұясы жайлы баяндап отырып, «Білесіз бе, бұл – менің үшінші некем. Бұл әйелім де бұрын бір байға тиіп шыққан. Айтпақшы, екі арада бәленшемен көңілдес болған. Мен де оған үйленгенге дейін түгенше арумен ашыналық қатынаста жүрдім» деп жосылтады. Немесе, «Табыс таппайсың деп әйелім шатақ бастады. Көше кезіп, ұзақ қаңғырдым» деп сыр ашады.
Қарапайым адами тірлік. Жеңісі мен жеңілісі итжығыс түсіп жатқан өмір. Бәрі табиғи. Жаныңа жақын. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып әуреге түспейді. Өйткені, екі аяғымызбен жер басқанмен төбеміз көк тіремеген пендеміз ғой. Ал, пендеге бәрі де тән!
***
Анатолий Кимнің пәтерінде болдым. Бір шынаяқ кофе ішіп біраз әңгімелестік. Шығармашылығын сұрап ем, И.Смоктуновскийдің өмірінен «Гений» атты повесть жазып жатқанын айтты.
– Москвада ұзақ сенделдім. Жазғанымды он жылдап шығара алмадым. Бәлкім оқымайтын да шығар. Мүмкін бойым тәпелтек, көзім қысық кәріс болғаным да әсер етті ме…
Анатолий ағам өткен күндердің елесін қуалағандай біраз ойланып отырып қалды.
– Сондай алқұлым шақта құтқарушым боп Иннокентий Михайлович жеткен. Жай жеткен жоқ, бас-аяғы екі айда «Аврора» журналына екі әңгімемді жарқ еткізген. Бұл 1973 жыл еді. Егер осы ұлы актер болмаса, мен бәріне қолды бір сілтеп, троллейбус жүргізушісі боп кетер ме едім. Менің өмірлік қамқоршым баһи кешті. Оның қандай тұлға болғанын, адами келбетін, қайталанбас талантын баяндап беру – менің парызым.
Ким – үлкен жазушы ғана емес, керемет кісілікті де жан.
***
Жастықтың өзі – жарты мас. Баянғали Әлімжанов екеуміз тау етегіндегі «Шығармашылық үйде» асыр салып жүріп, байқамай Сафуан Шәймерденов ағамның кешкі бір стакан айранын ішіп қойыппын. Жазушы тас-талқан боп ашуланды. Ерегесіп мен де кешірім сұрамадым.
Ертеңіне қас қылғандай «Қазақ әдебиетіне» шыққан әңгімелердің талқылауы өтсін. Сафекең редакция алқасында. Менің жақын әзірде жарық көрген бір әңгімеме құзыры түсті.
– Бұл жас жігіт тіл біледі. Сонысын малданып айна алдында тұрған сұлу қыз құсап ана жерін бояйды, мына жерін бір бояйды дей ме-ау. Түгімді қалдырмады. Шерағаң, Зейнолла Қабдолов, Хамит Ерғалиевтер мені соншама неге төмпештегенін білмей дал. Үнсіз қалды. Бәрін іштей сезіп отырмын. Бір стакан айранның әлегі. Сонымен тарады.
Араға үш-төрт ай салып көшеде Сафуан ағаны кездестірейін. Күлімсіреп қос қолымды ұсындым.
– Айналайын, бақытты бол. Соңғы кезде көрінбей кеттің. Денің сау ма? Қаламың әбден төселген жігітсің. Көптен саған көзім шауып жүр, – деп ағам ақтарылып түсті.
Менің сәл-пәл оғаштығыма өзінің тым қатты кеткеніне қысылған сыңайлы.
– Тағы да айраныңызды ішіп қоям ба деп қорқып жоламай жүрмін, – деуге шақ қалып тілімді тістей алдым.
Әй, ақкөйлек ағаларым-ай!
***
Марат Қабанбаев қандай дарын еді, босқа күйіп кетті.
***
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада басшы кезім. Фариза апаның «Тұмар» журналын ұжымымен қоса қоныс беріп, өзіме алып алдым. Екі күннің бірінде апам кең көсілме кабинетіме келіп шай ішеді. Әңгіме айтамыз. Жөнді-жөнсіз ұрысып та жатады. Үнсіз көтеремін. Бірінде апамның маған кіжінуі тым жиілеп кетті.
– Апа, – дедім сосын. – Сізге бір ұсыныс айтайын. Орындайсыз ба?
– Айт!
– Айтсам сізге әйел алып берейін. Ұрысасыз ба, сабайсыз ба өз еркіңіз. Рақат!
Фариза апам есі ауып қалғандай аңырып біраз отырды. Ой, сосын бір бетін столға төсеп күлді дейсің. Қояр емес. Өзім қорқа бастадым.
– Ой, айналайын, – деді сәл ес жиып. – Маған жетпей жүргені сол еді. Дәл таптың. Сол қатынды сен ал десең аламын…
Қайтып ұрыспайтын болды. Апа! Апа! Апа!
***
Қырғыздың Талас даласында ұлан-асыр той өтті. Манастың 1000 жылдық салтанаты. Әлемнің әр түкпірінен қадірлі қонақтар шақырылған. Ортада – Манас ордасы. Екі қабатты киіз үй. Жан-жағы самсаған ақ отаулар. Мың қаралы. Қызыл тілі таңдайын күйдірген шешендер бірінен соң бірі сөз оздырып жатты. Өз кезегі келгенде мінбеге қалмақтың айтулы ақыны Давид Кугультинов көтерілген. Дәу бас, тұтас дене, дана дидар.
– Сіздер қырғыз бен қазақ халқы қалмаққа қарыздарсыздар. Барлық лиро-эпостық жырдағы батырларың бізбен соғысады. Манас та сол. Қалмақ болмаса, кіммен соғысар едіңдер? Біз соғыспасақ, батырлық жырларың да тумас еді. Манастың 1000 жылдық салтанаты да өтпес еді…
Әңгімесін осылай әзілмен бастаған Давид ақын көсілді дейсіз. Сөз тасқын судай ағып тоқтар емес. Сұңғыла ғой.
***
Біздің үйден Астрахань қаласы тура 120 шақырым. Бала кезімізде таңертең автобуспен кетіп, кешке келе берер ек. Барар жеріміз Кировский көшесіндегі қаз-қатар тұрған дүкен. Сосын «Татар» базары. Асханада, көшеде қалмақ балалары, жігіттері бізді көре қалса, қазақ екенімізді біліп, қалай да ұрынады. Төбелеспей тарқамаған кезіміз жоқ. Таяқ та жедік, жегіздік те.
Жаулық қанға кетеді білем.
***
Қазақтың ішінде жүріп өлу рақат. Тірлігінде естімеген мақтауды есітіп, көрмеген құрметті көресің.
***
Тірлігінде орта есеппен жүз адамға жақсылық жасаған шығармын. Ірілі-кішілі. Есеппен жасаған жақсылық елдікті бұзады. Бұлдамаймын, қайтарым дәметпеймін. Мысалы, біреудің баласын оқуға түсірдім, соттан құтқардым, ақша бердім, үй, жер алуға жәрдемім тиді, әйел әпердім, машина мінгіздім, жыласа, жұбаттым, қуанса, қасында болдым…
Сол жүз адамның оны алғыс айтып, іштей риза көңілде жүрген шығар. Қалғанын білмеймін. Көбі уақыт оза келе сыртымнан өсек өрбітті, ғайбаттады, жазғырды тіпті жауығып кеткені де бар.
Жақсылық жаса да ұмыт деген қағиданы мен де білемін. Ұмытайын десем, өздерінің әлгі әрекеттері қайта-қайта есіме салады.
Иә, олар жаман, жексұрын, иә мен жаманмын.
Жалпы қазаққа жақсылық жасап береке таппайсың-ау, деймін.
***
Әдебиетте Зейнолла Қабдоловтай ғұламаның орнын басатын бірден-бір ғалым, тұлға Мұхтар Құл-Мұхаммед.
***
Талай оғаштық біздің бастан да өткен. Көктем айы еді. Ол кезде Зекең (Қабдолов) Атырауда тұрады. Облыс әкімі Серікбек Дәукеев резиденциясына бір топ азаматқа дастарқан жайғызыпты. Зекең бастап Қабдырахим Жаңбырбаев, Мереке Құлкенов, Асхат Иманғалиев, Ғибатолла Мүрсәлиев, Асқар Харесовтер боп бас қостық. Саунасына да шомылдық. Бата жүрмес көкмойнақтар да әлсін-әлсін босап шығып жатты. Қызықты мәжілісті қиып кете алмай түн ортасына дейін отырдық.
Бір кезде облыс әкімі Дәукеевтен хабар келсін.
– Зекеңнің Ақтауда тұратын апасының уақыты жетіпті. Жедел естіртіңдер де, аэропортқа алып жүріңдер. Вертолет әзір. Мен сонда күтемін, – деген.
Абдырадық та қалдық. Зекең қамсыз, әңгімені әрлеп айтып жатыр. Бір-бірімізге қараймыз. Ешкім батып естірте алар емес. Тіпті аузымызға жөнді аталы сөз түспеді.
– Зеке, – деппін сондай қиналыс шақта. – Шыныңызды айтыңызшы, мынау өмір түкке тұрмай ма?
– Түкке тұрмайды.
– Ит тірлік қой.
– Ит тірлік, – деп ойында дәнеңе жоқ Зекең де қостап жатыр.
– Сіздің Ақтауда апаңыз бар ма еді?
– Иә, туған апам.
– Ауыратын ба еді?
– Сырқат-тын.
– Ендеше сол кісі мына ит тірліктен құтылды. Рақат болды. Ал, киінейік. Аэропортта вертолет күтіп тұр. Тездетіп жетуіміз керек.
– Алла-ай, Рахымжан-ай, не дейсің? – деп Зекең орнынан әзер тұрған.
Пәлсапамның түрін көрдіңіз. Қой, қой!..
***
Қытайдан келіп, тумаса да туған інідей болған Сержан үйленемін деген сөз айтты.
– Аға, орыс қызын алып беремін дейтін едіңіз. «Хорошодан» басқа орысша білмеймін. Асылы маған қол болмас. Одан да өзім танитын, тілін білетін қызға үйленейін. Ата-анасы Құлжаның Мұңғыл – Күре ауданында тұрады. Құда түссеңіз қайтеді, – деп қиылды.
Уәде – Құдай сөзі. Жаныма інімді алып, құда қайдасың? – дейін. Алдымен тау ішіндегі Ақдала ауылына бардым. Әке-шешесіне сәлем бердім. Ертеңіне бір топ боп Мұңғыл – Күреге бет алдық. Жолай тау бөктерінде жалғыз үй тұр.
– Қалмақ жайлауы. Дос-жар адамдар, – деді Сержанның әкесі Сәрсенбай ақсақал.
– Бұрыла кетейік.
Барсақ ат үстінде бір бозбала тұр. Үй-іші қыдырып кеткен. Сәлемдестік.
– Атың кім, інім, – деймін әлгіге.
– Волга.
Қазақша ағып тұр. Таңқалдым. Волгасы несі?
– Атыңды не себептен Волга қойған?
– Білмеймін, – дейді бозбала – Мағынасын да түсінбеймін. Жалпы, бізде мұндай есімдер сирек болса да бар.
Е, түсіндім. 1640 жылы Аюке хан қазақ даласын көктей өтіп Жем бойына жеткен. Жамбастап жатып алған. Кейін Үбіші хан Қошалақ пен Ашақты мекен еткен. Еділ (Волга) суынан дәм татқан. 1771 жылы орыс пен башқұрттың, қазақ қолының қысымына шыдамай 30 мың шаңырақпен Жоңғарияға кері оралған Абылай хан Балқаштың Саяқ өңірінен қоныс берем деп уәде еткен. Бірақ айныды.
Қалың көш Балқашқа кеп тірелгенде алдарынан қытай шеріктері шығып жусатып салады. Тірі қалған 70 мың қалмақ қытайға бодан боп мойынсұнды. Біразы қазақ пен қырғызға сіңіп, елдігінен айырылды.
Демек, бұлар сол дүрбелеңнен аман қалған жұрағат. Арғы аталарының қонысы – Еділ бойы. Тарихи жады өшпейді. Бір жарым ғасырдай кір жуып, кіндік кескен жердің аты кісі есіміне айналған. Сағыныштан…
– Әке-шешеңе сәлем айт. Мен де Волга бойынан келдім. Жерлестеріңмін. Сенің атың – ұлы өзеннің атауы деп қоштастым.
***
– Бір табаққа жетер-жетпес шал қалдық, – деді Қошалаққа барғанымда бір қария. Тек қариялар емес, ел де сиреп тырнауыштың тісіндей шүлдіреп қалыпты.
***
Газеті, радиосы, теледидар, интернеті жоқ маң далаға қой бағып кетуді армандаймын. Шабан атың, шәугім бас итің, біз тығып алсаң да былқ етпес сезімсіз қатының болса. Қойыңды құрттап, қойыртпағыңды ұрттап жатсаң.
Бұйырмаған тірлік!
***
Атан түйе тарта алмас кінәм мен күнәмнен Алланың алдына барғанда не деп ақталар екем?
***
Үлкен жау рақат қой, айқайлап келеді, кішкентай жау – темекіден құтыла алмай-ақ қойдым.
***
Әбдіжәміл аға ұрысты: – Әлі күнге машина айдай алмайсың. Мені көрмейсің бе, тоқсанға келсем де рульден қалғаным жоқ, – деп. Қайтейін, төрт аяқтыны айдау бұйырмаған…
***
Мен өлгенде қанша адам жылап, қаншасы қуанар екен?
***
Білем, менің тірі жүргенімнің өзі талайға жазу жаздырмай қойғанын.
***
Тақыр жерге гүл өсер деп су құйып ем. Ол өзімнің үстімді былғар балшыққа айналды.
***
Президент жолдауын түсіндіреміз деп ел кезіп депутаттар жүр. Осылар халықты топас, миғұла деп ойлайды білем.
***
Алпысыншы жылдардың орта шені. Шәмшінің жаңа әні ауылды шарлап кетті. Келін түсіру, қыз ұзату, тыштырма, сүндет тойларда шырқалатын тек сол ән. «Бақыт құшағында». Шлягер! «Сөзім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды» деп әулетіп жатады. Бәріміз де солай «сөзім» деп айттық. Есейген соң аңдасам «Сезім шіркін…» екен ғой. Сонда біздің ауыл адамдары сезім деген сөзді білмей, жатырқап тұр. Бірақ ғашық боп үйленіп, бала таптырып жатты.
Осы хикаяны 1984 жылы Қазақ радиосында кездесіп қалып Шәмші ағаға айтып ем.
– Сіздің ауылда өте таза адамдар тұрады екен. Бәрін бүлдіретін сезім деген сиқыр ғой, – деп әзілдей күлген. Рас та шығар!
***
Бір балгер әйел: – Алдыңды болжаймын, ашылған артыңды жабамын, – деп басымды қатырды. Алдымда қайбір ұзақ жол қалды дейсің. Көкжиек көз алдымда тұр. Ал, ашылған артымды өзім жаба алмай жүргенде, ол әйел несімен жаппақ?
***
Бір атамыз бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Дауысы жіңішке еді. Кемпірі шалымен қырғиқабақ болып қалған күні: – Осы құбылаға қарап жылайды да жатады. Жасаған күнәсі көп-ау, деймін, – деп ернін шығарып отыратын.
***
Каин өзінің бір туған бауыры Авелді өлтірді. Қызғаныштан, іштарлықтан. Бірақ көмуін білмеді. Оған қарға жөн көрсетті… Содан бері қазақ аспанында қара қарғалар қаптап жүр.
***
Соғыстың соңында «Ойбай, құм арасында қашқын жүр. Қалмақ екен. Шені генерал дейді. Гитлерге тілектес болыпты. Онысы білініп қалыпты. Содан соғыстан қашыпты. Ана ауылдың әйелін ұрлап кетіпті. Мына ауылдың бір қызын зорлап кетіпті» деген сөз желдей есіп тұрған. Содан не керек, жеті-сегіз әйел жүкті боп ұрпақ сүйген. Бәрі де Қашқынбаевтар.
Шындап келгенде қашқын қалмақтың елесі де болмаған. Қашқынбаевтардың барлығы – ауданнан келген уәкілдің, шолақ басқарманың, ақсақ қоймашының балалары.
Ұят қысқанда туған өтірік мұншама өміршең болар ма?
***
Пайғамбар жасына келген соң адам Аллаға мұқтаж болуы керек. Ал, біздің біраз ақсақалдарымыз әлі күнге әкімге мұқтаж боп жүр.
(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!