Рахымжан ОТАРБАЕВ
Адамдардан артист жасап, сол артистен қайтадан адам жасай алмай жүрген режиссерлар да аз емес.
***
Жоңғарияда тақ талас басталғанда Әмірсана жақтас іздеп Қытайға қолқа салады. Бұл – XVIII ғасырда болған оқиға. Қытай көмекке үлкен әскер шығарады. Сөйтіп жер бетінен Жоңғар мемлекетін жойып жіберді. Өз қателігін тым кеш түсінген Әмірсана Қытайға қарсы шыққан. Ақыры қуғынға ұшырады. Жанын аузына тістеп қашып Абылай хан ордасына жетеді. Нағашы жұртын сағалайды. Соңында орыстарға беріліп, Омбыда өкінішпен қаза болды.
Тарих дөңгелегі қайталанып отырады. Талай елдің басшыларына осы оқиға сабақ болса нетті.
***
Он күн Италияда болдым. Милан қаласы. Дүниежүзілік кітапхана басшыларының алқалы жиыны. Түрлі баяндама, алуан пікір жарысы… Бес тілге жедел аударылып, сайрап жатты. Өнеге алатыны аз емес, бос сөз де жетерлік. Астанаға қайтқан соң Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлерімен біраз оң тәжірибені бөлісермін деп ойладым.
Қонақүйдің шағын бағында отырып түнімен әңгіме жазамын. Алдымен «Би», сосын «Моно Лиза». Екеуі де сәтті шыққан сынды. «Моно Лизаны» жазғанда Санта Мария көшесін ұзақ кездім. Неткен сәулет, қандай салтанат! Сосын атақты Ла Скалаға билет тауып, концертке қатыстым. Қазіргі өлшеммен алғанда кішкене ғана өнер ордасы. Ал, даңқы қандай! Бір грузин қызы мен қытайдың жас әншісі шырқап жатты. Ойыма осында екі жыл тәжірибеден өткен Амангелді Сембин досым түсіп, көңілім құлазыды. Есесі кеткен есіл дарын! Шерхан аға айтқандай «Сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Бәріміз жабылып жүріп өшіргенбіз». Қазақ десе, өзіңе тиеді. Бірақ қай бір оңған халықпыз…
Театрдың жанындағы шағын мұражайына бас сұқтым. Амангелді жайлы бір дерек те таппадым. Оларға несіне өкпелейсің. Өзіміз оның концерттері мен бар сұхбатын теледидардың алтын қорына алудың орнына түгін қалдырмай өшіріп, құртып тастасақ.
Ал, мәскеуліктер «Ах, этот серебряный тенор» деп әлі күнге тамсанады.
***
Құрығанда мал құрысын дейтінім бар. Не себеп? Біреулер дау көтереді. Ғасырлар бойы қазақты сол мал асырады. Жесе еті, ішсе сүті, кисе киімі болды деп. Ол рас. Бірақ соны малданып, біздің қазақ ғасырлар бойы надан боп қалған жоқ па? Қарны тоқ, қайғысы жоқ адам өнер, білім, өркениет іздейтін бе еді? Анау заманында түгі жоқ дейтін жапон, қытайларды алыңызшы. Испан, португалдарды алыңызшы. Ашпаған жаңалығы, таппаған өнері жоқ. Тіпті кеме мініп, көк теңізді кешіп жаңа құрлықтарға дейін ашқан жоқ па? Біздің шалдар қара жердің бетіне тіпті дені дұрыс үй де сала алмады. Қысты күні қамсауы аз киіз үйде от жағып, ысқа сүрленіп отырды. Жаз шықса, қызықтайтыны – ойын-той, бәйге, балуан күрес, айтыс, мешкей жарысы, тоқал қызықтау… Бар ғұмырлары осымен өтті. Жарайды, өткеннің бәріне өкпе жапсыра бермейін. Бірақ біз, кейінгі ұрпағы әлемдік даму үрдісіне соншама кенжелеп, жатқа жаутаңкөз боп қосылдық емес пе? Оны ешкім жоққа шығармас. Әй арғымағы ауына симай алшаңдаған көкелерім-ай, тым қамсыз жүріпсіңдер.
***
Әртүрлі деңгейдегі әкімдер мен министрлер, чиновниктер көп. Біразы білімді, парасатты. Ал, біразы… Ішін жарып жіберсең, басы бүтін екі әріп түспейді-ау. Солар халық атынан сөйлегенде қылғынып өлгің келеді.
***
Соңғы он жылда Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық», Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» деген кітабындай ақылды, халыққа соншама шырылдап ара түсер кітапты оқығаным жоқ. Осы екі азаматқа қолымда болса Мемлекеттік сыйлықты ойланбай берер ем.
***
Кейде таң атпаса екен деп жататыным бар. Ешкімді көргім келмейді, сөйлескім келмейді, тыңдағым келмейді. Өзімнен де, өзгеден де қашамын. Тау-тасты кезіп, орман аралап, жападан-жалғыз дорба асынып, бәдәуи боп кетуге бармын. Бәлкім, бұл да емі жоқ ауру шығар.
***
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Соғыс салған жара енді біте келген кез. Десе де қоңторғай тірлік басым. Жалғыздан қалған жалғыз үйленіп, сәби дүниеге келеді. Сонда көрші шешеміз немересін құшақтап отырып армандайды дейді. «Ертең осы қарғам да ер жетіп, ел қатарлы арақ ішіп, үйге бұлғаңдап келер ме екен?» деп. Дүниеде ананың махаббатына жетер ештеңе жоқ қой.
***
Кейде өзіме де, өзгеге де жөнсіз қаталдығым бар. Кейде өзіме де, өзгеге де жөнсіз жұмсақтығым бар. Әшірбек Сығай, ей, жарықтық қандай тұлға еді. «Рахымжан, сенің жазуың да, өзің де біртүрлісің» деуші еді. Жек көріп айтпайтын. Жұмсақ әзілдеп, күліп тұрар еді.
Иә, мені қайбір оңған адам дейсің!
***
Бішкекте жүргенімізде Сауытбек Абдрахманов, Өтеген Оралбаев пен Ұлықбек Есдәулетов мені әзілдеп әрқайсысы бір-бір тармақ өлең айтты.
– Рахымжанның сөзіне қарасаң билер сияқты.
– Пьесасына қарасаң Шиллер сияқты.
– Өзіне қарасаң киллер сияқты, – деп.
***
Биылғы жаздың гүлдері көп. Бәрін бірдей иіскейтін мұрын қайда?..
***
Ақша – қолдың кірі, саясат – беттің кірі… Қанша сабындап жусақ та осы «кір» кетер емес.
***
Бал арасы өзінің бал жинап жүргенін білмейді. Білсе аю мен адамға беріп не жыны бар. Өзі жеп қояр еді.
***
Әдемі қаламсаптар бар. Көргенде көзің, ұстағанда қолың қуанады. Бірақ жазбайды. Сиясы сапасыз иә таусылған. Кей ағаларым сияқты…
***
Біздің елдің саясаты көп байға тиген әйелдің қылығын еске салады.
***
Жорғаның қадірін желгенде білетін, жақсының қадірін өлгенде білетін не деген қасқа халықпыз?!
***
Қонаққа барғанбыз. Ағамыз күндей күркіреп, жеңгеміз найзағай боп ойнап, ғазиз басымызды от пен судың ортасынан әрең алып шықтық.
***
Жүргіштеу қыз екен. Әсіресе шетелден келгендерге әуес. Сонысымен-ақ дәулет жинапты. Бір жолы кітабымды алдыма тосып, қолтаңба сұраған. «Тон кием деп қайыстан, тоғыз түрікпен сайысқан батыр қарындасыма ризалық көңілден» деген тілек жаздым. Қолымды қойдым. Алғыс айтып кетті.
***
Ақсақалдар түшкіріп жіберсе, тау жарылып кетердей боп тұр…
***
Италия сапарында бір топ үндісті кездестірдім. Қала орталығында ән салып, садақа жинап тұрды. Әйел, еркегі, бала-шағасы бәрі, бәрі… Жандарына барып ұзақ тұрдым. Еркін сөйлесер тіл жоқ. Ыммен не айтуға болады? Сосын Ай дедім. Олар да осы сөзді қайталап, сұқ саусағымен аспанды түртті. Ата, алма, балта, қайық, тау деп шұбырта жөнеліп ем. Әлгілер абдырап, у да шу боп мені ортаға алсын. Ағайындарын көргендей аңқылдап әңгіме айтып жатты. Қимай қоштастық.
Түбіміз бір туыс екеніміз рас қой.
***
Тышқан дәнді ініне тасиды, біздің биліктегілер қолына түскен ақшаны шетелге тасиды.
***
Түркімен төрін бермейді деп жатамыз. Жоқ, олай емес. Олар үлкен ғып текемет басқанда бетіне әр рудың таңбасын қоса салады. Мысалы, Теке, сонан соң Жәуміт… осылай кете береді. Келген қонақ сол өз таңбасының үстіне отыруы тиіс. Басқа рудың таңбасына құйрық басуға болмайды. Бұл – жазылмаған заңдылық!
Мәселен, сіз құдайы қонақ боп келе қалдыңыз дейік. Ақбоз үйде өңшең түркімен шалдары отыр. Сізге ешқайсысы да ығысып орын бермейді. Өз таңбасының үстіне отырғызбайды. Ендеше іргеге жайғасыңыз. Ол жерде құлын жарғақ төсеулі жатыр. Міне, әлгі сөздің құпиясы осы!
Бұл да бір тектіліктің көрінісі-ау!
***
«Я, Құдай! Бізді шайтаннан, құйрықты жұлдыздан, түріктерден сақтай гөр!». XIV-XVI ғ. Европа халықтарының дұғасы.
***
Бұл заманда біреудің ойы – Байронда, біреудің ойы – айранда.
***
Иманғали кездесіп хал сұрады.
– Жақсы, – дедім. – Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта.
***
Рулық деңгейдегі ел ұлт болып ұйымайды. Үндістердің де трагедиясы осында!
***
Жан-жағымнан қырық қарға қарқылдады. Орталарына бір тасты жіберейін дегенмін. Олардың басын емес, жазығы жоқ тасты аядым.
***
Бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты, деген бала күнде естіген ертегі бар-ды.
Ертегі де нақты өмірден көрініс табады екен-ау…
***
Кейде-кейде Құрманғазы көкемнің «Сарыарқа» күйіндей жұлқынып, дабылдатып кететінім бар. Адам туған топырағы мен табиғатынан аса алмайтыны рас білем.
***
Сүмелек біреу мен жайлы жазып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығыпты. Мынау шынында да ит екен ғой деп жүдә қуанып қалдым.
***
Түркімендер ұлттық қазынаға аса сақ. Бренд деп күні-түні бірдей күзетеді. Мәселен, сіз қай ұлт болсаңыз да бәрібір, түркіменнің бір күлімкөз гөзаліне ғашық болдыңыз делік. Үйленгіңіз келді. Кешіріңіз, алдымен Үкіметке қалыңмал есебінен 50 мың доллар төлейсіз. Ал, қыздың әке-шешесі, ағайын-тумасымен өзіңіз келісе беріңіз. Әйтпесе қыз жоқ. Шекарадан аттап бастырмайды. Сол сияқты ақалтеке мен алабайы, нәзік ою-өрнекке малынған кілемі де сондай құрметте. Бұл – олардың ұлттық мақтанышы! Жол-жөнекей қолтыққа қысып кете алмайсыз! Міне, өз-өзін құрметтеген елдің көрінісі!
Бізде ше? Қазақта бәрі де бар, бәрі де жоқ!
Әкет, тасы, үйлен, құрт, жой, қызығына бат! Кім қолыңнан қағар екен?! Жалаңаш құйрығыңмен тақырға отырған соң ес жиғаның кімге керек?..
***
Өткен ғасырдың 70-жылдары ноғайдан Қадырия Темірбулатова деген ақын қыз шықты. Аса талантты. Өзі де көрікті, жарқырап туған ару еді. Москвада екі кітабы үсті-үстіне жарық көріп, дүйім елді аузына қаратқан. Әттең… Алыс құрлыққа дүниежүзі жастарының фестиваліне аттанғалы жатқанда қапияда қаза болды. Қалай дейсіз ғой? Түн ішінде Мақашқаладағы үйінің есік, терезесін бітеп, тірілей өртеп жіберді. Куә да, кінәлі де жоқ. Тым-тырыс қалды… Кетті-ау, менің ноғайым!
***
Москвада бір түркімен жігітпен әңгімелесіп қалдым. Ұзын бойлы, көрікті. Ата сақалды бұлар иегіне оздырмай тамақтан қояды. Бәрі-бәрі бойына жарасып тұрды. Кәсіпкер екен. Сөзіміз үйлесіп жүре берді.
– Сен бізге жиен болғанмен, тегің қазақ қой, – деп әңгіме бастады. – Бос сөзге үйір халық екенсіңдер.
Бұлардың уәдешіл, мәрт, ешкімді сатпайтын ел екенін білсем де шамданып қалдым.
– Дәлелмен сөйле.
– Айтайын, – деді нағашым. – Кешегі 2000-жылдары бір қазақ азаматымен бірігіп бизнес жасадым. Қолымыз жүріп берді. Табыс түсіп жатты. Бір принципті мәселеге келгенде екеуміздің ойымыз екіге жарылып, ерегестік те қалдық. Дау қызған сәтте қазағым «Мен сені өлтірем. Қаныңды ішем!» десін. Шошып кеттім. – Өлтір! – деп қарсы алдына тұра қалдым. Жоқ, өлтірер емес. Мен тосып тұрмын. Кейін сабасына түскен соң сұрадым. – Неге айтқаныңды орындамадың? – деп. – Е, жай сені қорқытайын деп айтқанмын, – деп қарап тұр. Сосын қой, мынау маған жолдас болмайды екен деп іргемді аулақ салдым.
– Неге?
– Түркімендер текке сөйлемейді. Қастасқан дұшпанын өлтірем деді ме, өлтіруі тиіс. Оны істемесе ез деген ат алады. Ешкім оны адам қатарына қоспайды. Санаттан шығарады. Тіпті өз ажалы да сол өз сөзінен келуі ғажап емес. Солай, жиен! Сөзге сақ болу керек.
Үнсіз мойындадым.
***
Мақашқалада (Дағыстан) ноғай ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Сражаддин Батыров деген азамат өтті. Жігіттің төресі еді. Өзі әнші, биші әрі ақын. Алматыға келген сапарында танысып, достасып ек.
– Ноғайдың басына нәубет орнады. Санымыз санаулы, бар-жоғы алпыс мың ек. Оның өзі төрт аймақта шашырап жүр. Минвода қаласынан күніне он бес минут ноғай тілінде хабар беріледі. Мектеп жоққа тән. Тіліміз шұбарала. Қыздарымыз кім көрінгенге тиіп кетіп жатыр. Түбіміз бір, тегіміз ортақ, бізді Қазақстанға қосып алсаңдаршы. Құрып бітуге айналдық қой. Жатқа жайған құшақтарың бізге келгенде қусырылып қалатыны несі? Бір туған қазағым-ау…
Жылап отыр екен. Жұбатар сөз таба алмадым.
***
Ғайса пайғамбар: – Мен өлген адамға дем салып, жан кіргізген кезім болған. Бірақ Құдай топас ғып жаратқан адамның ешқайсына ақыл кіргізе алмадым, – деген.
***
Қазірде тасқа емес, оқыған топасқа сүрінетін болдық.
***
Есі бар ел есуасын да түгендейді. Біз қай есепте жүр екенбіз?
***
Бәрі бай-бағланның қолында, ал сенде қара бақыр да болмаса, ол елді Отаным деп есептеуге бола ма?..
***
Халық ақшаның тілін білгенмен, адамның тілін білмейтіндерден шаршады.
***
Ұят – біреу. Бет – екеу. Қалай жеткізерсің?
***
Ұят адаммен бірге туып, бұрын өледі.
***
Ұят – тауар емес. Бірақ дефицит!
***
Көр қазған мен бас жазғанның сауабы бірдей.
***
Қазақ байыса қатын алады деуші еді. Қазіргі жаңа қазақтар қатынды «движимый» деп есептеп, недвижимость алып алды.
***
Әрі қарап жылап, бері қарап күліп, қашанға дейін жүрер екенбіз?!
***
Алдақаш деген ұлттық ойын қызып тұр. Мәресі мен сөресі көрінбейді.
***
Ай шалқасынан туса, күн салқын болады деп жорып: – Мә, саған! – деп қолындағы таяғын соған қарай лақтыратын аңқау шалдардың ұрпағы ек. Заман – түлкі. Біз кім болып шалар екенбіз?!
***
Ит ине жеп өледі, бөрі оқ жеп өледі, ашқарақ бизнесмен кредит жеп өледі.
***
Мысық май тауып алса, қайда барып жерін білмей жүгіретін. Кей министрліктегі клерктер де сол, таңертеңнен кешке дейін қолдарына екі-үш бет қағазды ұстап алып, әр кабинетке бір кіріп жұмыс күнін аяқтайды.
***
Құтылғанмен застойдан, құтылмадық ас-тойдан.
***
Ертеңгі жер құйрықтан бүгінгі өкпені тәтті көріп жүрміз.
***
Өңкей чиновниктермен, көзін шел басқан байшыкештермен, құл-құтанмен, сұрқай базаршылармен қай қақпаға барып тірелер екенбіз?!
***
Шындықтың да бақыт сияқты кеш келетіні-ай!
***
Табынып та, таңырқап та болдым. Өз еркім өзіме тисін. Рұқсат етіңіздер.
***
Ұстазға табына берсең, мәңгүрт боп қалу қиын емес.
***
Ой азаттығын аңсап ем, алдым – жар, артым – өрт екен.
***
Ақсақал адам домбырамен нақыл термені төгіп отыр.
– Біріншіде не жаман…
– Екіншіде не жаман…
– Үшіншіде не жаман…
– Қойшы, көке шаршадым, – дедім. – Жүрегім айниды.
***
Мал бағып, мақал шығарып жүргенде көп жаңалықтан көз жазып қалыппыз.
***
Қазақтың қайғысы қарны тойған жерде қалады.
***
Жолбарыс көрсең құйрығынан ұстап айырылма. Айырылсаң өзіңді жарып тастайды… Жарылып, жайрап қалғандар аз ба?
***
Мені біреулер мінезсіз дейді. Мінез деген айналайын ғой. Мінезі жоқтардан қорқу керек. Олар жол таңдамайды, жағдай таңдайды.
***
Қазақстанның қорасы ашық-тесік жатыр. Кім көрінген кіріп-шығуда. Дауысы жуан бір төбетті байлап қояр ма еді?!
***
1989 жылы «Дүние ғайып» деген повесть жаздым. Сібірді жайлаған эскимостардың өмірінен. Басты кейіпкерім – Айнан мен Емрон. Қақаған қыс іші. Алатаңмен жолға шығып, екі селоның ортасында адасады. Шанаға жеккендері – жеті ит. Топ бастаушы ақ ит. Әбден тарыққан сәтте төбелерінен самолет ұшады. Бұлар «Құтқар, алып кет» деп айқайлап жүгіреді. Қарайды ма? Ақыры Ақ ит өліп, жетек басына Қызыл ит келеді. Ол тіптен адастырады. Айнан мен Емрон төбелесіп жатады…
Оқиғаның бәрін тізіп қайтемін. Кеңес дәуірінің қырағы көзінен осы повестің қалай өтіп кеткеніне таңмын. Сол жазылған жылы «Жалын» журналына жарияланған. Ақ, қызыл ит деп нені меңзегенім түсінікті. Айнан, Емрон – халық. Адасып жүр. Ал, көкте кетіп бара жатқан самолет Орталық Комитеттің Саяси Бюро мүшелері еді ғой. Ойбай қаққан халыққа артындағы қызыл шамын көрсетіп кететін, яғни қолын шығарып бара жатты.
Бір кеште атақты ақын Темірхан Медетбеков кездесіп: – Әбіш ағаң (Кекілбаев) повесіңді оқыпты, мақтады. «Талантты жігіт қой, сақ болсын, айта бар» деді, – деп сәлемін жеткізді. Ішім қылп ете түсті. Сұңғыла ғой, астарын сезген екен. Ол кезде аға Қонаевтың қарауында сектор меңгерушісі.
Өзгелер оқымады иә көзге ұрып тұрған саяси жүйеге қарсылықты жай қарсылық емес-ау, дұшпандық сөзді түсінбеді. Әйтпесе, журналдың бас редакторы Мұхтар Шахановқа да, оны жазған маған да бір сойқан әзір еді. Жай сойқан емес, саяси диссидент боп кете барар ма едім, кім білсін?!
***
«Бас» деген шағын роман жазғанмын. Оқиға жалаугер Махамбет ақынның бас сүйегінен басталады. Ноэль Шаяхметов мүсінін қалыптаймын деп Қаройдағы моладан 1966 жылы қазып алған. Сол бас сүйек 1983 жылға дейін жоғалып, ақыры Фурманов көшесіндегі бір үйдің жертөлесінен табылды. Оқиға қоюлана келе үндіс Апачидің тағдырына ұласады. Одан қуалап Саддам Хусейін мен Муаммар Каддафи, Бен Ладен тіпті Джохар Дудаевтың да шабылған бастары жүйеленеді. Батыс пен Америкаға арнап ащы сөз айтылады. Мұсылманның бас көтерерінің бастарын қанжығаларыңа байлаңдар, ендігі кезекте кім тұр деймін…
Шатағы мол шығарма. Ертеңгі күні соңы дауға ұласуы ғажап емес. Бірақ бұл зәрлі шындықты мен айтпасам, өзге ешкім айтпайды. Сол себепті өзім құрметтейтін екі үлкен тұлғаға оқыттым. Бірі үнсіз қалды. Екіншісі: – Романыңды Қазақстанда басуға болмайды. Тіпті үзіндісін де жариялама. Шетел баспалары шығарамыз десе еркі, – деген кесім айтты.
Әзірге «Бастың» тағдыры осы.
***
Романыма вето қойылған соң үлкен оқиғаның әр жерінен шымшып-шымшып алып «Бас» деген пьеса жаздым. Оны Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры сахналады. Режиссері – Жанат Телтаев.
Соның өзі талай басшы көрерменді шошытты. Өйткені сахнаға оншақты чиновник шығады. Ешқайсында бас жоқ. Қара костюм солай тігілген. Ал, бастарын қолға ұстап жүр. Бір-біріне бас лақтырып, доп ойнап та жатады…
– Бір миллион адам сыйған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады ма? – деген Құрақ шалдың ащы дауысы залды кернеп тұрды.
Артынша бұл пьесаны Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театры сахналады. Қойған талантты режиссер Қуандық Қасымов.
***
Төлен ағаның (Әбдік) «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повестері – қандай ғажайып шығарма. Қазақы тірлік, қазақы мұңды мұнан асырып қалай суреттеуге болады?
***
Алтайға барғанымда Василий Шукшиннің туған селосы Сросткиге ат басын бұрдым. Жасыл желекке жамылып тұрды. Селоның нақ желкесіндегі үлкен төбе басына ескерткіш орнатыпты. Шукшин ойлы қалпы жалаңаяқ, жалаң бас жерлестерін көзбен бағып отыр. Мұндай ескерткіш үлкен халықтың үлкен жүрегімен мүсінделеді! Тірлігінде атағы мен шатағы қатар жарысқан керемет дарын еді. Әйтпесе керзі етікпен барып мәскеуліктерді аузына қарата ала ма? Солардан жерігенде ылғи да өзінің Алтайына қашады екен. Келе достарын жинайды. Әлгі төбенің басына. Ортаға бір жәшік арақты қояды. Ду-ду әңгіме. Естілмеген жаңалық, оқыс оқиға бәрі-бәрін көкірегіне хаттай берген. Титықтап келген. Туған жер түлетті. Рухани байытты. Артынша ойбайын салып іздеп Феодосеева-Шукшина да жетеді дейді… Мұның бәрі жерлестерінің әңгімесі. Сүйіп айтады, сүйсініп айтады. Алтайы бар Шукшин, Шукшині бар Алтай бақытты.
***
Жас кезімде Куприннің «Олеся» повесін оқығанмын. Ұзақ уақыт мұңды бір сезімнен айырыла алмай қойғанмын. Қарапайым ғана баяндау. Бірақ жаныңды қалай толқытады десеңізші! Сиқырлы қалам иесі ойыңды онға бөліп, түн ұйқыңнан бездіреді. Әсіресе, Олесяның тағдыры, трагедиясы!
Жақында осы шығарманы қайтадан оқыдым. Ойладым жас кезде сезім көп. Қазірде көп сезімім өліп қалған. Тек қана төзім бар. Мүмкін баяғыдай әсер етпес деп. Жоқ, одан сайын қызығушылығым мен құмарым артты. Күлбілтесіз классика деген осы!
***
Дүкенбай Досжановтай суреткер жазушы қазақта саусақпен санарлық.
***
Президент Әкімшілігінде қызмет істеп жүргенімде үстімнен арыз түсті. Авторы – А.Еременко деген біреу. Кеңсе басшысы Махмуд аға Қасымбеков өзіне шақырып, арызбен таныстырды. Маңғыстауда облыстық телерадио компаниясында басшы болып жүргендегі іс-әрекетімді жіпке тізіпті. Бақсам, мен аса қатыгез, кісі өлтіруден де тайынбайтын жауыз екенмін. Тура теңіз қарақшысы! Осындай адам қалайша ең мәртебелі мекемеде сектор меңгерушісі болып еңбек етіп жүр дейді арыз иесі.
Махмуд Базарқұлұлы – соншама құрмет тұтатын адамым. Қаламы жүйрік, ізгілікті, ерекше парасат иесі. Мен арызды оқып шыққанша жүзіме қарап, бақты да отырды.
– Маха, – дедім күліп. – Тап осындай кісі болсам, өмір сүрмей-ақ қоюға әзірмін.
– Бұл хат тіркелген. Жауап беруіміз керек. Саған көмегім, осындай адам, мынандай тұрғын үй мен пәтер Ақтау қаласында бар ма, жоқ па, тездетіп анықташы, – деді.
Екі сағатта Маңғыстау ДВД-нан хабар жетті. Облыс көлемінде ондай адам жоқ және көрсетілген адрес те қате, жалған деген.
Мәселе қолма-қол шешімін тапқан. Егер қазақы мінез, қамқор көңіл Махмуд аға болмаса, әуре-сарсаңы аз ба еді?
***
Бір жазушы жаңа жазған романын оқуға берген. Әлі жарық көрмеген. Қолжазба күйінде. Оқыдым. Түк таппадым. Сюжет әлсіз, кейіпкерлер дараланбаған, сөзі дәмсіз, сөйлемі кібіртік… Ең бастысы айтар ой жоқ.
– Талқылау болғалы жатыр. Қатыс, көке. Дұшпаным аз емес. Таба қылма. Сенің сөзің дәрі боп тұр. Бір еркін көсілші, – деп әлгі автор жан-жағымнан көпшік лақтырсын. Қалай еріп кеткенімді білмеймін.
Бір ес жисам, мұндай роман күнде туып жатқан жоқ, деп сайрап отырмын. Ал, керек болса! Алаш деген бе, алаша деген бе, бір түсініксіз сыйлық бар. Кейін әлгі роман сол сыйлықты алыпты. Мейлі ғой.
Тек өз-өзімді жек көріп кеткенім болмаса…
***
Циолковский кешқұрым бақ ішінде бой жазып тұрады. Күн батар кез. Бұлтқа көзі түседі. Қараса бұлт бетінде латын әрпімен жазу тұр. Қызыл бояумен бедерленген. Жай жазу емес, ақырзаманның болатыны күні, айы, жылы анық көрсетіліпті. Ғалым дереу көшіріп алады. Сонан соң ғылыммен айналысуды кілт доғарып, тастап кеткен.
Сол құпия жазу қазірде қай жерде жатыр екен?
***
Толстой мен Достоевскийдің ойлау қабілеті мен дарыны адамға тән емес. Пайғамбармен бәстеседі. Оларға жоғарыдан беймәлім бір күш жаздырып отырған. Ғалымдар осылай деп мәлімдейді.
***
Сөз де су сияқты. Кейде бұрқырап бой бермей кетеді. Кейде ақпай қалады.
***
Ұлы Отан соғысының алдында, одан кейін туғандар аса дарынды толқын. Ақ сөйлеу парыз, қазақ әдебиетінің алтын ғасырын солар жасады. Қай жанрда да! Құрметтеуіміз керек.
Бірақ уызына жарымай өскен соң ба, қатал адамдар еді. Кітаптың қалыңы, ақшаның молы, атақ, абырой, пәтер, көлік бәрі-бәрін солар иемденді. Олар соңымыздан келе жатқан жал-құйрығымыз ғой деп бізге көп ықылас білдірмеді. Өз-өздері болып жатты.
Біздің әлжуаздау боп қалғанымыздың бір себебі осында жатыр деп білемін.
***
Кезінде әлемнің әр тілінде айтылып кеткен «Арал тағдыры – адам тағдыры» менің сөзім еді. «Қазақ әдебиеті» газетіне мақалалар циклын жарияладым. Үлкен қозғалыс тіпті дүрбелең әкелді. Осы мақалалардың негізінде Мұхтар аға Шаханов Аралды экологиялық апаттан құтқару комитетін құрды. Қоғамдық негізде. Қызылсирақ боп қыр кездік. Арал, Аманөткел, Бөген, Қаратерең, Көзжетпес, Баянды, Барсакелмес… Ниетіміз оң еді.
Бір күні Фариза апам Оңғарсынова көшеде көріп қалып ұрысты.
– Шаханов екеуің Аралды сиіп толтырайын деп жүрсіңдер ме? – деп.
Ғазиз бастан талай нәрсе өткен.
***
Жас кезімде қаһарлы сыншы атанып, біраз ағаларымның шығармаларын сойып салғанмын. Мұны хальтурамен күрес деп ойладық. Әдебиетке адалдық деп сендік. Отқа тамыздық тастап, айдап салушылар да болмай қалмаған шығар. Қазірде сол әрекетіме қымсынамын.
***
«Қазақ әдебиеті» газеті 120 мың, ал «Жалын» журналы 115 мың данамен тарайтын. Екеуінде де қызмет атқардым. Бір мақаламыз шықса, бір медаль таққандай қуанушы ек. Ұлы бақыттың ішінде жүріппіз. Әттең, аңдамаппыз.
Шерхан Мұртазадай редактор бұрын-соңды қазақ баспасөзінің маңдайына біткен жоқ. Біз де сол Ағаның шекпеннен шыққанның біріміз.
***
Уақытында Шерхан ағаны, Шахановты, сосын Айтматовты жек көрген қаламдастары маған да жауықты. Әртүрлі сыбыс, өсек өрбітті. Жан-жағымды қазды. Сосын, құрып кетсін, деп қолын бір сілтеп, жайыма қалдырды. Өйткені қысымға шыдай алмай не ішіп кетпедім, немесе жазу-сызуды тастап кетпедім. Бетбақ адамға не істеуге болады?
Мықтыларға іні, дос болудың өзі бір қиямет!
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Басылым ұжымына мың сан рахмет