HALYQLINE.KZ Көп сөзден, дөп сөздің артық екені баршаға белгілі. Өйткені, қысқа әрі нұсқа нәрсеге көбірек иек артатын жұртшылық ащы ішектей шұбатылған шығармаларды оқи қоймайды. Автор оқырманның талғамына жұмыс істеуі міндетті емес. Әлемде қысқа әңгіме жазудың шеберлері қалыптасқалы қашан? Алыстан орағытпай-ақ, бірнеше беттегі ойды бірнеше сөйлемге ғана сыйдыру да – нағыз шеберлік. Солай шығар. Осы орайда, сайт оқырмандарына «Халық» газетінің тілшісі, «Halyqline.kz» сайтының редакторы Рыскелді Жахманның шығармашылығынан қысқа әңгімелер топтамасын ұсынып отырмыз.
Арықтау үшін ішкен дəрісі шынында, артықтау еді…
* * *
Ермек әйелінің емделіп шығуына орай отырыс ұйымдастырды. Дастарқан басында інісінің есімі бірнеше рет қате айтылды.
* * *
Ол көпшіліктің алдында ең жақсы өлеңімді оқыдым деп ойлады.
* * *
“Еу, бауырым, әмияның түсіп қалды” деп айғайлады да, парызымнан құтылдым дегендей сыңай танытып, теріс қарады. Ал, әлгі жігіт саңырау еді.
* * *
“Ұрлаған адамның қолы кесілсін!” деп қарғағаннан кейін ғана сол іске өзінің қатысы бар екенін түсінді.
* * *
Мәйітханадағы күлкіге бірнеше кісі қатыса алмады.
* * *
“Футболға бара алмаймын” деді күліп. Өйткені, бүгін аяқкиімнің ағасында болатынын жақсы біледі.
* * *
Əкесі ішіп алған, мастықтан жылады. Анасы əкесінің ісіне жылады. Баласы шешесін аяп, əкесінің ішкеніне ашынып жылады. Тағдыр…
* * *
20-қабат. Бойжеткен төменге қарап түкіріп тұр. Тек, төменге емес, өткен өміріне түкіріп тұрған болатын. Сəл уақыттан соң, жерге түкірігінен бұрын топ ете қалды.
Ойлы адамға көп мағына.Бірақ,көп нәрсеге бас қатыра бермейтіндерді де ойға батырады екен.Шебер жазған деуге кеп қалады.