Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көңілдің кейбір сәттері

12.02.2026, 6:00 49

Маған   Шерхан   Мұртаза   ағамыздың «Бір кем дүние»,  Г.Бельгердің  «Плетенье  чепухи», Рахымжан  Отарбайдың «Көрген-баққан», Ақылбек  Шаяхметтің  «Оймақтай  ойлар»  деген сияқты  жазылған  дүниелер  ұнайды. Сірә, мұндай  нәрселерді  қалам  ұшына  іліп,  ақ қағаздың бетіне тізетін кісілер көрген-білгенін, өмірден түйгенін жазатын болуы керек. Олай болса осындай жазбалардың ішінде көңілің толатын жайттармен қоса әттеген-ай дейтін тұстар да кездеседі. Тіпті, әттеген-ай дейтін тұстары басымдау сияқты… Бірақ қалай болғанда да, бірі болмаса, бірі кәдеге жарап жатқан болуы да мүмкін. Мені де мазалап жүрген нәрселер бар еді. Соны қағаз бетіне түсіріп, көпшілікке ұсынып отырмын. Оны  әзірше  «Көңілдің  кейбір  сәттері»  деп   атадым.

Жер-су, елді мекен аттары туралы аз  айтылып, аз жазылып жүрген  жоқ. Мені таңғалдыратын  нәрсе  содан  нәтиже  шығып  жатыр  ма? Шыға ма? Елді  мекен аттарынан бастап кө­рейік: Рудный, Риддер, Пет­ропав­ловск, Павлодар, Осакаровка, Черняевка, Степногорск, Булаево, т.б. боп кете береді. Нодар Думбадзе деген грузиннің мықты жазушысы бар. Сол кісінің бір әңгімесінен бір үзінді келтіргім келіп тұр: «Бондисхи­ді шағын селолар қоршап жатыр – Мециети, Квирикети, Чичиети, Букшети, Цкварелети, Укунети, Какабети, Коконети және Ципнагвара». Байқадыңыз ба? Бір орыс тіліндегі атау­ды тауып алыңыз­шы! Мен оқып отырып қызықтым, тіпті қызғандым да. Бізде бәрінен бұрын қозғалыс жоқ. Қозғалыс қана емес, ниет те жоқ. Өкінішті!

***

Ақылбек Шаяхмет замандасымның жазған дүниеле­рінің  ішінде  жарнама туралы айтқан бір пікірін  көзім  шалып  қалғаны бар еді. Онда ол жарнама үшін өз алдына бір арна ашуды ұсыныпты. Мен бұл ұсыныс­ты қос қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Барлық БАҚ-ты алып қара­йық. Газет-­журнал болсын, телеарна неме­се радио болсын, бұлар халыққа қызмет етіп жатыр. Алайда, шыны­мен солай ма? Мысалы, сіз жұмыс­тан келдіңіз, ас-суыңызды ішіп болып теледидардан бір кино немесе концерт, жаңалық немесе спорттың бір түрін көргіңіз келді дейік. Соны дұрыс көре аласыз ба? Бір арнадан келесі арнаға ауыстырсаң – тағы жарнама. Пульттің алға қарай жүргізетін түймесін басып отырып байқап көрдім, құрығанда 8-9 арна бір мезгілде жарнама беріп жатады. Бұл  да халыққа жасаған қызметке жата ма? Осы жарнамалардың кесірінен аздап теледидир көріп, дем алмақ болған үлкен кісілер ұйықтап та қалады. Абай атам адамды адам болуға шақырып еді, енді бір жарнама бар, адамды мысық  болуға шақырады! Бұндай кезде Кеңес үкіметі тұсында Мәскеу мен Алматыдан берілетін жарнамасыз хабарларға зар болып қалады екенсің. Мен де сол, белгілі бір  уақытты белгілеп, бөлек телеарна ашу  керек  деп  ойлаймын.

***

Үндістан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Қазақ­стан, Татарстан. Білетіндердің айтуынша, осындағы «стан»  тірке­сі осы халықтың елі, жері деген мағы­наны білдіреді екен. Жарайды. Дегенмен, мен түсіне алмай жүрген бір жайт бар. Өзбек мақтасы, түркі­меннің ақалтекесі, әзірбайжанның мұнайы деген  сөздерді  кездестіреміз. Бірақ, бұл сөздерде «стан» тіркесі жоқ. Тіпті, әр халықтың валютасын долларға қатысты бағамын көрсететін жарнамада  молдавский лей, грузинский лари, азербайджанский манат, узбекский сум деп жазылып жатады. Ал, дәл сол жарнамада біздің валю­тамыз – «Казахстанский  тенге»! Неге?

Шамамен 5-6-сыныпта оқитын кезім. Сол кезде татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы»  деген  кітабын алып оқығаным бар. Сол оқыған кітабымның соңғы жағын ашып, орысшасын қарай­тын  әдетім болатын. Сол әде­тім бойынша соңғы жағын ашып қара­сам,  орысшасы «Дочь степи» болып жазылыпты. Жастығым болар, аса  мән  бергенім  жоқ, дегенмен біртүрлі болып қалдым. Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдатын» басыма жастанып қойып оқыдым. Кейін сол кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы қолыма түсті. Ол кітап орыс тілінде «Солдат из Казахстана» болып шыға келіпті! Бұл «станның» қазақтардан ғана айырылмайтыны несі? Неге бұлай? Сонда қазақ деген сөзді  қазақ­тың  өзіне  қимай  ма?

***

Әр халықтың бетке ұстар ұл-қыз­дары болады. Бұл – табиғи заңдылық. Олардың ішінде небір даналар, батырлар, ақын-жазушылар, өнертапқыштар, ғалымдар бар. Бұлардың көбі «ұлы» деген түсінікке лайық. Алайда, «аға халық» орыс­тардың ұлылары таза орыс па? Жоқ. Мысалы, ұлы деген Пушкинде арабтың қаны бар. М.Горький – мордвин, Н.Гоголь – украин, тарих­шы Бичурин – чуваш. ХІІІ ғасырда Шотландияда Томас Лермонт деген кісі өмір сүрген. Өзі арфада шебер ойнайтын, ақын әрі көріпкел кісі болып­ты. Бүгінгі біз білетін орыстың ұлы ақыны Михаил Лермонтов осы Томас Лермонттың сегізінші ұрпа­ғы екен. Оны Лермонтовтың өзі де ескертеді. Демек, ол – шотланд. Күн көсем В.И.Лениннің де, Иван Грозныйдың да шикіліктері бар. Тіпті Қажымұқанның жан досы, жаурыны жерге тимеген, біз орыс деп жүрген әйгілі Иван Поддубныйдың шын аты-жөні Хамзатов Ілияс Расулұлы екен. Дағыстандық, авар ұлтынан. Ал, анасы  украиндық еврей көрінеді.

Мәселе  мынада:  осындай  жағ­дай қазақта болса, дәл осы орыс­тар сияқ­ты ішке тартып, иемденген болар ма едік? Әй, қайдам. Тіпті еге бола алсақ та сол-ақ. Мысал керек пе? Мыса­лы, біртуар ұлымыз генерал Сабыр Рахимовтан айырылып қалып, оның да қайтып оралғанына шамалы ғана уақыт болған жоқ па? Онда да марқұм ағамыздың өзінің өлер алдында тапсырып кетуінің арқасында ғана қайтып оралған асылымыз. Алдыңғы ғасырдың аяқ жағында болу керек, Ақмолда деген мықты башқұрт ақыны өмір сүрді. Өлеңдерін башқұрт, қазақ тілдерінде жазды. Білесіз бе? Білмесеңіз, онда оны біз ішке тарта алмағанымыз, яғни орыстар сияқты иемдене алмағанымыз. Әйтпесе, білер едіңіз ғой.

***

Бір нәрсені түсіне алмай жүрмін. «У» әрпімен «Ә» немесе» «А» әрпі орыс тілінде қатар келіп қалса, неге бұлар автоматты түрде «Ва»-ға айналып кетеді? Қараңыз: Чокан Чингизович Валиханов. «Ш» әрпі неғып «Ч» болып жүр? Василий Шукшин, Михаил Шолохов деген әйгілі есімдер бар. Бұлар неге «Чукчин»  немесе «Чолохов» емес? Спортшы Деонтей Уайлдер, әнші Стив Уандер деген атақтылар бар. Бұлар неге біздің Вали­ханов сияқты Деонтей «Вайлдер», Стив «Вандер» болып кетпейді? Біздің Жамбыл орыс басылым­дарында «Джамбул» болып  жүр. Онда неге Жириновский «Джириновский» емес? Орыстар өз басылымдарында Шукшинді «Чукчин» деп, Шолоховты «Чолохов» деп жазып жатқан жоқ қой! Немесе өзіміздің Шу станция­сын алайық. Онымыз «Чу» болып шықты. Сонда бұл «аға» халықтың қазаққа жасап отырған ірілігі ме? Өзге халықтың сөзін, не есімін осылай бұрмалайтын болса, онда Троя қаласын тауып берген әуесқой архео­лог, неміс Генрих Шлиманды неге «Члиман» қылып жазбайды? Мен өз басым Шолохов­тың «Дон хикаяларын», «Тынық Донын», Шукшиннің әңгімелерін, «Қызыл жидесін» сүйіп оқыдым, өздері­не деген құрметім ерекше. Ал қазақтың Шу станциясы «Чу», Шоқаны «Чокан» болып келгені жете­ді. Енді Шәкәрім атамыз «Чакарим» болмай тұрғанда бұл мәселеге нүкте қоятын  уақыт  жеткен  сияқты.

***

Өткен ғасырдың 70-жылдары ауылымыздың тұрғындары жаппай теледидар  ала бастады. Жұрттан қалмай біз де алдық. Тарататын хаба­ры – екі-ақ арна, Мәскеу мен Алматы. Айтайын дегенім, бір дерек­ті фильм есімде қалыпты. Аталуы да мықты: «Мызғымас Одақ» (Нерушимый Союз). Сол кездегі он бес республиканың тыныс-тіршілігін, экономикасын, байлығын, жер­асты байлығын, оқу-білімін, өнерін, халқын, немен айналысатынын қамтып баяндайтын деректі фильм болатын. Сөйтіп, әр республикаға бір күн тағайындалған хабар еді. Сонымен он бес күн бойы бірде-біреуін құр жібермей көріп шықтым. Араға біршама уақыт салып тағы қайталайды. Сол «Мызғымайтын Одақ» қайда? Біз сол Одақтың мызғымайтынына сеніп едік қой. Әлде бұл өмірдің (болмаса қоғамның дейміз бе?) өзінің бұлжымайтын эволюция­лық заңы ма? Мен Кеңес үкіметін аңсап та, табалап та тұрғаным жоқ. Тек  менікі – заңды  сұрақ.

***

Бір жерден оқығаным бар еді. Атақ адамның осал қасиеттерінің бірі деген. Байлық та сондай осал қасиеттердің бірі көрінеді. Әлемнің жеті кереметін білмейтін жан жоқ шығар. Сол кереметтердің бірі де, бірегейі де Артемида ғибадатханасы болатын. Осы ғибадатхананы Герострат деген атағын шығара алмай көзі қарауытқан біреу, түн ішінде ұрланып келіп өртеп жіберді. Бұл біздің заманымызға дейінгі 356-шы жыл болатын. Тек атақ үшін! «Атың шықпаса,  жер  өрте»  деген мақал сол кезден  келе  жатыр  деген  сөз  бар.

Атақ шығарудың тағы бір мысалын келтірейік. Әйгілі «Битлз» тобын кім білмейді? Осы топтың ең мықты мүшесі Джон Леннон болатын. Осы Леннонды 1955 жылы туған Марк Чэпман деген біреу атып өлтірді. Бұл 1980 жыл. Кейін ол сотта: «Егер мен әйтеуір біреуді өлтіре салсам, атым шықпайтын болды» деп жауап берген. О, құдіреті күшті Алла тағалам! Небір кереметті адамның қолымен жасатып, небір керемет дарын иесін дүниеге келтіресің. Бірақ, сол керемет дүниеңді де, сол дарын иесін де басқа бір пендеңнің қолымен жойғызатының  қалай?!.

***

Қазақ туралы жайбасар деген пікір неге әлі күнге дейін қалмай келеді? Әлде бұл сөзде аз да болса жан  бар ма? Жан болу керек. Қазекем барлық мәселеде, барлық сала­да кенже қалып  жүрген сияқ­ты. Әріге  бармай-ақ  қояйық.  Бір  орыс  тұрса,   айнала­сындағы  он  қазақ түгел  орысша  сөйлеп жатады. Мені таңғалды­ратыны – қаншама айты­лып, қаншама жазы­лып  жатса  да, содан қорытынды шығармайтынымыз. Міржақыптың  «Оян қазағы» өткен  ғасырдың  1909 жылы  басылып  шығыпты. Ахмет Байтұрсынов атамыз ұйық­тап жатқан қазағын «маса» боп шақты. Бұл да өткен  ғасыр  болатын.  Оқып  көрелік:

Мысалы  қазақ  малшы  ұйықтап жатқан,

Жыланды  бәле  делік, аңдып  баққан.

Оның  түрін  көрген мен – Сарымаса,

Халықты  оянсын  деп  сөзбен шаққан.

Қазақтың тәуелсіз болғанына отыз бес жыл болыпты. Отыз бес жылда  есімізді  жиып, етек-жеңімізді дұрыстап ел болатын уақыт жетті. Әлде, әлі де не асығыс бар деп, жүре тұрамыз  ба?

***

«Когда мы снова станем рассказывать детям на ночь «Ер Төстік» или «Қаңбақ шал», а не пересказывать сюжеты из «Гарри Поттера», тогда и поговорим о национальной идее. А сейчас, мы к этому разго­вору не готовы». Бұл – Ермек Тұрсыновтың пікірі. Өте орынды пікір. Ақылбек Шаяхмет те теледидардан орыс тілінде «Маша мен аюды» көрсететініне қынжылады. Бұл да – өте дұрыс пікір. Қанқұйлы, Адольф Гитлердің: «Егер, мен жер жүзін жаулап алатын болсам, азаннан кешке дейін өзге тілдегі музыканы қосып қойып, басып алған халықты өз ұлттық болмысынан, ділі мен тілінен, рухынан айырамын. Сонда, ондай халық ешқашан тырп ете алмайтын болады» деген сөзі халықтың жадында шығар. Ендеше, бұл сөздер жоғарыда айтылған Ермектің «Гарри Поттер», Ақылбек айтқан «Маша мен аюды» көрсетіп жатқан мультфильмнің қызметімен үндесіп жатқан жоқ па? «Гарри Поттерді» көріп отырған бала Гарри болғысы келеді. «Маша мен аюды» көріп отырған қыз бала Маша болғысы келеді. Сонда біз қазақты қазақ қылуға әрекет жасап жатырмыз ба, әлде қазақты қазақтан алыстатуға әрекет жасап жатырмыз ба? Сонда, Алдар Көсе, Тазша бала, Керқұла атты Кендебай, тағы басқалары кітап бетінде  қала бермек пе? Яғни, қазақ­тың балақайы оларға еліктемей, басқаға еліктеп өсуі керек екен ғой! Онда, Гитлердің арманын осындай жолмен-ақ орындауға болады екен! Аты дардай «Жібек жолы» арнасының «Маша мен аю» мультфильмін үзбей көрсететініне таңғалатын едім, қазір  таңғалуды  да  қойдым.

***

Бұндай дүниелерді кім жазса да, көлеңкелі жағы басымдау болып келе­ді. Әрине, ол халқына шын жаны ашып, шындықты ғана жазса. Олай болмаса,  бұл  да  өкінішті!

Бахтияр   Мырзаш,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі.

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: