Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітапхананың маңызы зор

24.04.2021, 11:00 640

HALYQLINE.KZ Биыл облыс кітапханаларында «Кітап ғажайып әлем» атты кітап оқу марафоны, «Менің ең сүйікті кітабым» оқырмандар арасында кітап талқылау, мемлекеттік қызметшілер арасында «Жылдың үздік оқырманы» байқауы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Жазғы кітапхана», «Отбасымызбен оқимыз» атты сайыс, жергілікті ақын-жазушылармен кездесу кештері ұйымдастырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас мәлімдеді.

– Кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Біз облыс кітапханаларында кітаптар мен авторларды насихаттау, олардың әдеби еңбектерін халық санасына сіңіру мақсатында көптеген шаралар өткізіп келеміз. Алайда бүгінгі күнгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық шараларды онлайн форматта өткізуге мәжбүрміз. Биыл жыл бойы оқырмандарға арналған сайыстар және марафондар өткізбекпіз. Сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Бұл жұмыстар біздің өңірде де өтеді. Бұндай шаралардың ұлт пен ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор, – деді Нұрлыбек Кәрбозұлы.

Бұдан бөлек, облыста жастарды әдебиетке тарту, олардың ақындық және жазушылық қырларын шыңдап, қазақ қаламгерлерінің қатарына қосу бойынша да жұмыстар жүргізіліп келеді.

– Сыр бойы – өнерлі жастардың, ақындар мен жыраулардың қасиетті мекені. Бүгінге дейін сыр топырағынан алдына қара салмайтын небір мықтылар өтті. Қазір солардың ізін жалғаған жастар жетерлік. Бүгінде біз облыс бойынша 40-қа жуық талантымен тәнті еткен жас ақындар мен жазушыларды іріктеп, олардың рухани өсуіне барынша жәрдемдесіп, бағыт-бағдар беріп келеміз. Ол үшін Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада талай шаралар өткізіп, жастардың еңбегін жұртшылыққа көрсетіп әрі насихаттап жатырмыз. Алдағы уақытта олардың кітаптарының шығуына, авторларға қаламақы төленуіне жағдай жасаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстар біртіндеп шешілетін болады, – деді Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: