Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қоры Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында жарық көрген кітаптармен толықты.
Министрліктің жобасы барысында отандық қаламгерлер ТМД елдерінің бірқатар архивтерінде зерттеу жүргізіп, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты тың деректерді жинақтап, 15 ғылыми-шығармашылық еңбек әзірледі.
Мақсат Тәж-Мұраттың «Бабалар атты барған жер: Армения сапары» еңбегі – автордың Арменияға жасаған зерттеу сапарынан туған ғылыми-танымдық жазба. Кітапта жазушы армян архивтері, Матенадаран, ұлттық кітапханалар мен ғылыми орталықтардағы қыпшақтарға қатысты деректерді зерделеп, көне қолжазбалардың жай-күйін қарастырады.
Журналист, зерттеуші Серікбол Хасанның «Уфа. Ғалия. Қазият (әдеби-танымдық зерттеу)» деп аталатын жаңа кітабына Уфадағы «Ғалия» медресесі мен Уфа мүфтилігіндегі Қазақ қазияты (бөлімі) жайлы соны ізденісі топтастырылды.
Белгілі жазушы Елдос Тоқтарбайдың архив құжаттары негізінде деректі һәм хроникалық жанрда жазған «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы…» деген романына қазақтың тұңғыш басылымы саналатын «Қазақстан» газетінің тарихы арқау болған.
Жазушы Серік Сағынтайдың «Қайран менің Еділім…» атты кітабына Алаш арысы Әлімхан Ермековтің 1920 жылы Астрахан облысынан қазақ жерлерін қайтарып алудағы еңбегі, оған жетер жолы, қазақ жерінің тағдыр-таланы арқау болды.
Бауыржан Мырзақұлдың «Еділ, Жайық – екі су…» атты еңбегінде Астрахан өңіріндегі қазақтардың тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен баспасөзіне қатысты тың деректер қамтылған.
Ділдар Мамырбаеваның «Жері жақынның – елі жақын» кітабында туысқан, бауырлас қазақ-өзбек халықтарының әдеби байланыстарының тарихи тамырлары сөз болады.
Алаштанушы ғалым Алтынбек Құмырзақұлының «Науан хазірет – күрескер тұлға» кітабында дін қайраткері, ағартушы, ұстаз Науан (Наурызбай) хазірет Таласұлының өмірі мен қызметі, ататегі мен отбасы, ұрпақтары туралы сөз болады.
Қайырбек Кемеңгердің «Қазақ-татар әдеби байланысы: тарихи ықпалдастық, қазіргі жағдай» атты ғылыми-танымдық еңбегінде қазақ-татар әдеби байланысының тарихи кезеңдері мен қазіргі жағдайы зерттелген.
Өміртай Еділханұлының «Астрахан айшықтары» атты еңбегінде Астарахан өлкесінің бай тарихы мен рухани болмысы архивтік құжаттар мен тың деректер негізінде терең зерттелген.
Жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы Әлібек Байболдың «Тифлистегі қаламгерлер тағдыры» атты еңбегінде Қазақстан мен Грузия арасындағы рухани, мәдени, әдеби, тарихи байланыс турасында сыр шертілген, қос елдің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалары жайында жан-жақты баяндалған.

Жазушы-журналист Қанат Әбілқайырдың «Рудакидан бізге дейін…» атты жинағына бірнеше зерттеу мақалалары топтастырылған. Автор тәжіктердің кеңестік кезеңде жарық көрген көне басылымдарындағы қазақ әдебиетіне қатысты материалдарды саралап, бүгінгі күннің көзқарасымен талдау жасайды.
Қарлығаш Әубәкірдің «Параллель: қазақ-беларус әдебиетіндегі ояну дәуірі» атты еңбегі – қазақ-беларусь әдебиетінің идеялық-эстетикалық бірлігін, рухани үндестігін саралаған әдеби-танымдық еңбек. Сондай-ақ алғаш рет қазақ тілінде оқырманды беларусь әдебиеті классиктерінің өмірі және шығармашылығымен таныстырады.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, зерттеуші Қанат Алтынбектің «Біртұтас Алатау Аспаны» атты еңбегі Түркістан кеңістігіндегі қазақ-қырғыз әдебиетінің рухани тамырларын кешенді түрді зерттейді. Қазақ-қырғыз әдебиеті арасындағы тарихи, рухани және идеялық байланыстар жүйелі түрде талданады.
Ахмер Біржанның «Қажы-Тархан мектептері» (Әліппеден әдебиетке дейін) – Қажы-Тархан (Астрахан, Ресей) өлкесіндегі қазақ ұлтының білім беру, мәдени-ағартушылық дәстүрлерін тарихи, әдеби және рухани сабақтастық тұрғысынан қарастыратын зерттеу кітабы.
Момбек Әбдіәкімұлының еңбегінде 1900-1930 жылдары Ташкент қаласында қазақ тілінде (араб, шағатай емлесімен) шыққан басылымдарда Түркістан аймағында өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан қаламгерлердің маңызды деген жазбалары басылған.
Әдебиет сүйер қауым! «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» сериясымен жарық көрген кітаптармен танысып, оқуға шақырамыз!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!