Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітапхана қоры М.Шоқайдың еңбектерімен толықты

11.12.2025, 9:10 50

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры 2025 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі шығармаларының екі томдық жинағымен және үш томдық «Яш Түркістан» журналында басылған шығармаларымен толықты.

Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі шығармаларының екі томдық жинағының бірінші томына 1919-1930 жылдар аралығында жазылған, түрлі басылымда жарық көрген француз тіліндегі 53 мақаласы мен құжаттық сипаттағы материалдары енген. Бұл шығармаларда Түркістандағы саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдай, ұлт азаттығы үшін күрес, большевиктердің ұлттық саясаты кеңінен сөз болған.

Екінші томына 1931-1941 жылдар аралығында жазылған, түрлі басылымда жарық көрген француз тіліндегі 77 мақаласы мен құжаттық сипаттағы материалдары енген. Бұл шығармаларда Түркістандағы саяси-әлеуметтік жағдай, ұлттық қозғалыстың мақсаты мен бағыттары, кеңестік биліктің сипаты, т.б. мәселелер сөз болады.

Мұстафа Шоқайдың өзі басшылық жасаған, 1929-1939 жылдары Берлинде шыққан «Яш Түркістан» журналында жарияланған таңдамалы шығармалары үш томдық болып 2007 жылы жарық көрген еді. Оған 224 мақаласы кірген-ді. Журналдағы түрік-шағатай тіліндегі еңбектерді түгел аудару, зерделеу нәтижесінде анықталған, бұрынғы жинаққа енбей қалған 51 мақала осы жинаққа ендіріліп отыр. Бұл еңбектерде де Мұстафа Шоқайдың Кеңес империясының құрсауына түскен ұлттық аймақтардың, әсіресе Түркістанның тәуелсіздігі, бүкіл түркі жұртының тұтастығы мен азаттығы үшін күресі ашыла түскен.

Екінші томға сол кездегі халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері, Кеңес Одағының Түркістан халықтарына озбыр саясаты, ұлт-азаттық қозғалыстардың жайы, Түркиямен қарым-қатынасы, Англия, Жапония, Қытай, Польша, Ресей, Түркия, Франция, т.б. елдердегі саяси жағдайлар туралы мақалалар енді. Бұл томдағы бірқатар шығарма қазақ тіліне алғаш рет аударылған.

Үшінші томға «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» және 1937-1939 жылдары жазылған Кеңес өкіметінің ішкі және сыртқы саясаты, Түркістан халқының ұлт-азаттық пен еркіндікке ұмтылысы, сол кездегі халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері жөніндегі мақалалары енген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: