Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кітап – АМАНАТ»: аудармашымен кездесу өткізілді

24.09.2025, 9:00 164

HALYQLINE.KZ

«AMANAT» партиясының «Кітап – AMANAT» партиялық жобасы аясында және аудандық кітапхананың жоспарына сәйкес Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Бақтияр Мырзашпен кездесу өткізілді. Іс-шараны Сырдария аудандық партия филиалы мен аудандық кітапхананың кітапханашылары бірлесе ұйымдастырды.

Кездесуді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, депутаттық фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізді. Алдымен кеш қонақтары аудармашының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесімен танысты. Кітапханашы Жанар Оразымбетова кітап көрмесіне қойылған автордың кітаптары мен басылымдарда жарияланған мақалалары туралы кеңінен айтып өтті. Әрі қарай іс-шара кітапхананың оқырмандарға арналған үлкен залында аудармашымен кездесумен жалғасты.

– Ең алдымен, Бақтияр Мырзаш ағамызға және бұл кісінің өмірі мен шығармашылығын құрмет тұтатын, аударма саласындағы еңбегін жоғары бағалайтын бүгінгі кештің қатысушыларына біздің ортақ шақыруымызды қабыл алып, алтын уақыттарын арнайы бөліп келгені үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Бүгін біз Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Бақтияр Мырзаш ағамызды жаңа қырынан танып, біліп, шығармашылығы жөнінде шынайы әңгіме өрбітсек, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрсақ, сырласып, сұхбаттассақ, көңілдегі көркем ойды кестелесек, жалпы ағамызды оқырмандарымен жүздестірсек деп мақсат етіп отырмыз. Ендеше, осы іс-шараның өтуіне ұйытқы болған аудандық кітапхананың кітапханашыларына сіздердің аттарыңыздан алғыс айтқанды жөн көріп отырмын. Біз кітапханашылармен ақылдас келе кездесу кешінің атауын «Ауылдан шыққан аудармашы» деп қойдық. Ауыл – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған құт қонып, бақ дарыған мекен. Дара дарын иелерінің бәрі дерлік ауылдан шықты. Ауылдан шығып алты Алашқа танылған азаматтардың санына жете алмасымыз анық. Сол шоқтығы биік азаматтардың сапына біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бақтияр Мырзаш ағамызды да қосуға болады, — деп бастады Ақтөре Ибрагимұлы.

Кездесу барысында қаламгерге бала күнгі арманынан бастап қызығушылықтары, өмір жолы мен еңбек жолындағы қызықты шақтары, ұстаздары, әдеби өмірдегі ізденістері және аударма еңбектері туралы сұрақтар қойылды. Өз кезегінде Н.Ілиясов ауылының кітапханашысы Сәуле Найтазаев мен №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Гүлжанар Әбілова аудармашының еңбектерінен үзінді оқыды. Сондай-ақ айтыскер ақын Мұхамеджан Мансұров арнау жыр айтып, көпшіліктің алғысына бөленді.

Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық газет редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мүсілім Қалмұратұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, сазгер Серік Байдәулетов, ұстаз Серік Есназар және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева сөз сөйлеп, аудармашының өмірі мен шығармашылы туралы жылы лебіздерін айтты.

Кездесу соңында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Бақтияр Мырзаш іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, оқырмандарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.

«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: