Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ізі жатыр батыр бабамның!

19.12.2023, 8:45 317

HALYQLINE.KZ

Мұнан біршама уақыт бұрын «Қызылқұм» шекара бекетіне Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыздың есімі берілгенінен көпшілік жақсы хабардар. Сол іс-шарада жиналған қауымды айран-асыр қалдырған көріністің болғанын еске түсірсек.

Ескерткіш тақтаның алдына облыс әкімі мен ҰҚК-нің ықылас гүлі қойылды. Сол тұстағы аймақ басшысы өзінің баспасөз хатшысына қолымен көкті нұсқап, әлденені айтып жатқанын байқадық. Міне, қызық! Ескерткіштің дәл төбесіндегі шырқау биікте қос қыран қалықтап тұр екен. Түр-түсі, тұрпаты біз көріп жүрген қырандардан мүлде өзгеше. Қос қыранның аяқ астынан пайда болып әрі дәл ескерткіштің үстінде қалықтағанына қатты таңданған едік.

Сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзінің құттықтау сөзінде «Жанқожа бабамыздың «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны баршаға мәлім. Әлі күнге дейін батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай әсер етеді. Аспанда самғаған мына қырандар да тегін емес» деп тебіренген еді.

Келесі, яғни, 2024 жылы әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы (Нұрымбетұлы) бабамыздың дүние келгеніне 250 жыл толмақшы. Соған орай батыр бабамыздың есімін ұлықтауда ауқымды іс-шаралар өткізіледі деп күтілуде. Бүгін мен Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы Еркін Сағадинмен тілдесіп, әңгімеге тартқан едім.

– Жанқожа батырдың мазары Қызылқұмдағы Кәукей елді мекенінен батысқа қарай 170 шақырым жерде Өзбекстанмен шекарада орналасқан. Биік төбенің ұшар басындағы мазар кейін силикат кірпішпен өрілген. Ұзындығы алты, ені бес метрді құрайды. Биіктігі 3 метр болса, күмбезделген беті – 5 метр. Түнеухана маңында бұлақ бар. Зират жасаушылар алдымен осы бұлақтың жанына аялдап, жуынып-шайынып, дәрет алып, тазалануға тиісті. Алайда ауызсу, аяқсу мәселесі өте қиын. Өткен ғасырдың 60-жылдарының орта шенінде қазылған бұлақтың жағдайы қазір күрделі күйде. Арада өткен уақыт табының әсерімен су көзі бітелген. Зират етушілер ауызсуды ыдыстарға құйып, өздерімен бірге әкелуге мәжбүр. Бұлақ мәселесі бұған дейін қозғалған болатын. «Құжаттары дайындалу үстінде. Алдағы уақытта бұл мәселелер шешіледі» дегенді естиміз. Тездетіп бітсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Келесі жылы Жанқожа бабамыздың дүниеге келгеніне 250 жыл толатыны белгілі. Соған орай бабамыздың рухына жер-жерден зират жасап келушілер көп болатыны анық. Батыр бабамыздың зираты сырлауды (лефкас) қажет етеді. Зират басындағы түнеухана 1992 жылы шопанның үйі ретінде салынған. Ұзақ жылдар бойы Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы болған марқұм әкем Иманғали Сағадинұлы түнеухана ретінде пайдаланып келді. Жыл сайын қолдан келген жөндеу, әктеу-сырлау жұмыстарын үй ішімізбен жасаймыз. Түнеухананы жөндеуге бару үшін өзім қомақты қаржыға көлік жалдаймын. Осыны ескеріп, мүмкіндігі болса маған техникалық жағдайы жарамды көлік қаралса деген өтінішім бар. Түнеухана үйін күрделі жөндеуден өткізсе, ал жаңадан салынса, тіпті дұрыс болар еді.

Осы ретте мынаны қаперде тұтсақ. Жанқожа бабамыздың рухына тағзым жасаушылардың құжаттары «Қызылқұм» шекара бекетінде тексеруден өтеді. Арнайы рұқсат қағазы болуы қажет. Бұл жұмыстар бір терезе арқылы реттеледі. Кейде бұл жағдайдан хабарсыз сырт жерден келгендер кідіріп қалатын уақыты да болады. Сондықтан тиісті құжаттарды дайындауға ерекше көңіл бөлген ләзім, – дейді Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы Еркін Иманғалиұлы.

Жанқожа батырдың аруағы жар болғай!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: