Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ізденіс түбі – көп жеңіс

21.03.2021, 14:00 1042

HALYQLINE.KZ Бірде Исландия мектептерінің бірінде мұғалім оқушыларға маймылдар жайлы эссе жазып келуге тапсырма берді. Кішкентай Ханна қиналып, анасынан көмек сұрады. Анасының да маймылдар жайлы білгені шамалы ғой. Бірден Google-ға кіріп, маймылдар жайлы ақпарат іздеп, бір эссенің басын шығарғандай болды.

Ертесіне үй жұмысын тексерген мұғалім Ханнаны мақтап, мән-жайды сұрады. Ханна өзі жазуға қиналғанын, анасы көмектескенін айтты. Сөйтіп мұғалім «Ендеше анаңды мектепке шақыр. Жақында ата-аналар жиналысы болады. Сол жерде анаң маймылдар жайлы қысқаша айтып берсінші. Көп адамға пайдалы әрі қызық болады деп ойлаймын» деді.

«Мынау қызық болды ғой» деп Ханнаның анасы басында қобалжыды. Дегенмен мұғалімнің өтінішін орындайын деп маймылдар тақырыбын тереңірек зерттей бастады. Себебі бұл жолы ата-аналардың алдында сөз сөйлейін деп жатыр. Google, Youtube, BBC, NatGeoWild — бәрін ақтарып, презентация жасап қойды.

Сөйтіп ата-аналар жиналысы басталды. Ханнаның анасы маймылдар жайлы бар білгенін ортаға жайып салды. Жиналғандар таң-тамаша болды. Бұған дейін естімеген тың мәліметтерді естіді. Жиналысқа қатысқан кісілердің бірі жануарларды қорғау ұйымында істейді екен. Ханнаның анасын ел астанасы Рейкъявик қаласында өтетін жануарларды қорғауға арналған үлкен форумда сөз сөйлеуге шақырды. Ханнаның анасы сенімсіздеу үнмен «жарайды» деп қалды.

Содан не керек, кітапханаға барып, маймылдар жайлы 4-5 кітап алып, баяндама қамына кірісті. Күні-түні кітаптарды парақтап, конспект жасап, маймылдар тақырыбына тереңірек кірді. Сөйтіп баяндамасы да дайын болды.

Форум басталды. Ханнаның анасы шықты. Сөйледі. Бұл жолы да жұрт ұйып тыңдады. Баяндама біткенде, бәрі қол шапалақтап, оның маймылдар жайлы біліміне тамсанды. Сөйтіп форум алқасы оны Африкаға жіберуге шешім қабылдайды. Естеріңізге сала кетейін. Ханнаның анасы өмірінде маймылдарды тірідей көрмеген.

Түйін: бір нәрсені оқып, зерттей берсең, түбі соның экспертіне айналасың. Брайан Трейси бір кітабында айтып еді: «Күнделікті 30-60 минут өз салаң бойынша кітап оқып отырсаң, соны қалай тиімді қолданам деп ой жүгіртсең, бір жылдан кейін сол салада эксперт боласың» деп. Ханнаның анасынан қай жеріміз кем?

Д.Жігітбек

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: