Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халің қалай, қазақ киносы?

19.12.2024, 10:00 225

Қазақ кино өнері соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістер мен жетістіктерге қол жеткізу­де. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі, жаңа шығармашылық бастамалар мен халықаралық фестивальдерге қатысу арқылы қазақстандық кинематографтардың жұмыстары әлемдік аренада танымал бола бастады. Сөзімізге қазіргі таңда кинопрокатта кассасы миллиард теңгеге шыққан қазақ фильмдері дәлел. Оның ішінде әртүрлі жанрда жарық көрген танымал шоу-бизнес өкілдерінің фильмдері бар. Әрине, қаралым да туындыны түсірген яки сол туындыға түскен тұлғаның танымалдығымен ұштасып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Ендеше, биыл шыққан кинотуындыларға  тоқталайық.

Қазіргі таңда кино әлемінде, әсіресе қазақ кино­сында жалпақ жұртқа жағымды жанр сол – комедия. Дәріптейтін дүниесі – махаббат, отбасы, келін мен ене тақырыбының төңірегі. Алайда, қуантарлығы әлеуметтік тұрмыстан бөлек, тарихи тамырды тереңі­нен  қозғайтын  туындылар  да  аз еместігі. Ол – кинорежиссер, сценарист  Жандос  Құсайынов­тың  «Жамбыл. Жаңа дәуір» туындысы. Бұл фильм 2024 жылдың  6 маусымында  жарық  көрді. Туынды қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған ұлы ақын өмірінің соңғы 9 жылын суреттейді. Бұл туындыда Жамбыл Жабаевтың өміріне ықпал еткен маңызды оқиғалар көрсетіледі. Атап айтқанда, ақын өлеңдерінің газет пен журналдарда жариялануы, сондай-ақ Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көрнекті қазақ қоғам қайраткерлерімен кездесулері баяндалады. Режиссердің сөзінше, фильм Мәскеу мұрағаттарындағы тарихи деректерге негіз­делген. Сондай-ақ, кинода ақынмен бірге жұмыс  істеген Йосиф Гильманның немересі жинақтаған мәліметтер  кеңінен  пайдаланылған.

Келесі тарихты қайта тудырған туынды – режиссер Данияр Саламаттың 12 қыркүйекте көрерменге жол тартқан «Талақ» фильмі. Кино қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» шығармаларының желісімен түсірілген. XX ғасырдың 20-30-жылдарын бейнелейтін бұл туындыда елді күштеп колхоздастырудың салдары, сол кезеңдегі халықтың тұрмыс мәдениетінің өзекті мәселелері  мен әйел тағдыры арқау болған.

Сонымен қатар, көрермен көзайымына айналып үлгерген, бұрын-соңды елімізде сирек түсірілген туындылардың бірі – хорор жанрындағы, үрейлі сахналар сахналанатын фильмдер. Жалпы, бұл сахна­да ТМД елдері бойынша көрші Қырғыз мемлекеті көш бастап келеді. Көптеген кинотуындылары қазақ тіліне дубляждалып, қазақ көрермендерін тауып үлгерді. Осы тұрғыда, жыл басында еліміздің кинотеатрларында алғаш «қазақстандық хорор фильм» деп танылған, атауы  да  қоғамда резонанс тудырған, режиссер Қуа­ныш Бейсектің «Дәстүр» фильмі көрерменге жол тартқан болатын. Алайда, қоғамдағы зорлық-зомбылық пен дәстүрді сипаттайтын толық­метражды картина халық арасында түрлі сынға ұшыра­ды. Дауға айналған «Дәстүр» фильмі атауы мен драматургиясы қисынсыз деп көптеген кинотанушының наразы­лығын тудырды. Көрермен екі тарапқа бөлініп, бірі қыз зорлап, оны әйелдікке алу дәстүр емес деп сын тақса, енді бірі фильмнің өзгелерден өзгеше сахнасына қызығушылығын білдіруде. Дегенмен де, киноиндустрияда жаңа леп пайда болғандай, әрбір көрсетілімі аншлаг болып, бір аптада 2,2 миллион  теңге  жинап,  кассалық  рекорд  орнатты.

Осы секілді қоғамды қайта шулатқан фильмдердің бірі – драма жанрындағы режиссер Ернат Байұзақтың «Нурикамал» кинотуындысы. 7 қарашада жарыққа шыққан бұл фильм танымал сазгер Тұрдықылыш Ізтаев­тың «Нурикамал» әнінің шығу тарихына негізделген. Фильм желісі көпшіліктің келіспеушілігіне ұшырады. Бұлай деуі­мізге кинода­ғы әйел қызға­нышы мен амалсыз әрекетте­рі арқау. Өмірде болған оқиғалар желісі бо­йынша түсірілген туынды­да марқұм, сазгер Тұрдықылыштың әйелі, танымал ақын Ханби­бі Есқараевамен өткізген отбасы­лық  өмірі  өрнектеледі. 50 жасында жасырын ғашығын кезіктіріп, шығармашы­лық тоқы­рау­ға ұшырап, соңында жұбайының жұбатуы­мен ақын мен сазгерлік табиғат тоғысып, ән әлеміне әдемі туынды дүниеге келеді. Әрине айтуға оңай, алайда бұндай сезімді сезінген  әйелдердің  пікірінше, фильм өте шынайы әрі толғанысқа толы. Осы туындыны сынап, кері  көзқарасын білдіргендер де аз емес. Дені – әйел­дер құқығын қорғаймын дейтін ұранды ұстанатын коуч статусындағы іскер әйелдер. Олардың пікірінше, фильм­де  әйел  намысы тапталып, қазіргі қоғамдағы ерлер  қауымына  үстемдікті  асыра  сілтеп   көрсеткен.

Айталық, қоғамда әркімнің ұстанған ұстанымы, ұраны әртүрлі болғандықтан әр туындыға берер пікірі де, білдірер көзқарасы да әр алуан болмағы – қалыпты  құбылыс.

Ал, енді әлемдік деңгейге көтерілуімізге бірден-бір баспалдақ болып келе жатқан веб-сериалдар жайлы ой өрбітейік. Аты аталғандай, веб, яғни әлеуметтік желідегі веб платформаларға ғана жарияланатын, хронометражы 30 немесе 40 минуттан аспайтын еркін жанрлы сериалдар. 2012 жылға қарай әлемде 200-ге жуық веб-сериал кинонарыққа шыққан. Алғашқылары АҚШ-та сонау 1980 жылдары-ақ белгілі болған. Десе де, фото және бейне мазмұнды қамтитын  «The Spot»  интерактивті веб-сериалы 1995 жылы жарыққа шыққан. Ал, 2019 жылдан бастап қалыпта­са бастаған қазақстандық веб-­сериал индус­триясына деген қызығушылық көрермен тара­пынан, әсіресе, жаһандық пандемия тұсында арта түсті. Бұл жанрдағы алғашқы отандық туындылар қатарына Эльдар Шибановтың «Трезвоз» және Ерден Телемісовтың «Құдіретті» («Всемогущий») авторлық жобалары жатқызылады.  Қазіргі таңда қоғамның ең таңдаулы деген сұранысына айналып үлгерген бұл сериалдардың көрермендер легі – жастар мен жұмысбасты ерлер мен әйелдер қауымы. Сериалда цензурасыз, ұятсыз сахналармен қатар, тілдік лексикондары жалпақ тілге жат, жаргон сөздерді кездестіруге болады. Осы тұста, кей көрермен кері көзқараста. Алайда, соған қарамастан өз көрерменін тапқан бұл веб-сериалдар  әлде  де  қарқын  алып отыр.

Қорыта келе, тақырыпқа тұздық болсын. «Қазіргі қазақ киносының халі қандай?» деген сұраққа кино­сыншы, Өнертану PhD докторы, «Тұран» университе­тінің  профессоры  Гүлзат Көбектен  пікір  сұрадық.

– Қазір қазақ киносында бір-ақ проблема бар. Іскерлікті үйрену! Стратег продюсерлер керек.

Голливуд – тәуелсіз кино өнері ретінде дамыған өндіріс. Іскер продюсерлер масштабты жобалардың идеясына кәсіби мамандардың таланты мен қаржы көздерін ұйымдастыра біледі. Нарықты зерттейді.

Халқың «Моана» сияқты мультфильмге рухани шөлдеп, «Таптым-ау сеніден» әрі қызығып көретін отандық дүние таппаса, қайтпек керек?! Неге прокатта Қазақстанның анимациясы жоқ?!

Кез келген мемлекеттің рухани-мәдени даму бағытын еркін ойлы тұлғалар шешеді. Олар кез келген тығырықтан жол тауып шығады.

Қазір елімізде коммерциялық кино бағытында еркіндік бар. Өз идеяларын өздері инвестор тауып қаржыландырып жатыр. Бірақ, идеялары масштабты емес.

Ақшаң көп болып, талантың жетпесе, потенциалы мықты режиссердің идеясын қаржыландыр! Идеядан тоқырап тұрып, өзіңді көрсету үшін фильм түсірмеуге де құқың  бар.

Кез келген фильм – халыққа сапалы қызмет етсе ғана құнды. Өнер – мемлекеттің мәдени өресі көрінетін сала. Өнердегі таланттардан қаржы аяйтын ел түбінде рухани қайыр­шыға айналады. Басқа диагноз жоқ, – деді  ол.

Жалпы, отандық фильмдерді шығарудың еліміздің әлеуметтік-­мәдени, экономикалық және халық­аралық салаларына әкелетін пайдасы мол. Бұл киноиндустрияның дамуы арқылы халық­тың рухани құндылықтарын сақтау мен нығайтуға, мәдениетімізді дәріптеуге, ұлттық идеяларды  насихаттауға  мүмкіндік  береді.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Ашық дереккөзден алынған суреттерді пайдаланып коллаж жасаған А.Құрманқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: