Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлжанат Қадырбекова: «Ең ұлы өлең – дертің»

02.08.2021, 17:10 801

Ауылым

Құшақ жая қарсы алдым таң бесінді,
Жүргендеймін жадырап әр көшінде.
Мамық шіркін көрпемді желге бердім
Ұмытқандай күндегі мәңгі есімді.
Бүгінгі түн қоштасты сағымдардай,
Жаңылғандай, жəудір көз жаңылғандай.
Иығыма асылды, еркеледі,
Құрақ ұшқан күн мені сағынғандай.
Күлімдеуі бөлек қой ойнағаны
Шуағымен оятып сай, даланы.
Терезеден табанын қытықтаған,
Мақпал көзді арулар қайда бәрі?
Көркің гүлдеп жанымды ұрлағаны,
Сезімдерім өзіңе құрбан әлі.
Тіршілігін сағынсам көршілердің
Қаладағы күйбеңдік құр қалады.
Талайларды тоқтаусыз кеше көргем,
Талай дарын жарқырап өсер елден.
Жүрмейтіні белгілі жолдарында,
Жаңа асфальт орнаған көшелермен.
Есті адамға көрінер оғаш бәрі,
Ымырт көші іңірмен таласқаны.
Жұпар исі аңқиды бау-бақшадан,
Жасыл желек жамылған ағаштары.
Тіл қатқанда секемдік құлқы маған
Езудегі күлкімді бұлт ұрлаған.
Тасасында үйлердің пеші сөнген,
Баяғыдай жоқ түтін бұрқыраған.
Кір көңілді көздерім құлыптасын,
Масасын да сүйемін сынық тасын.
Қайда менің балалық махаббатым?
Қайда менің бал дəурен сыныптасым!?
Қиялдарым көкжиек қуса сағым,
Сенделемін, секіріп қырды асамын.
Тұмса табиғатыңда тербелемін,
Шөлдеп тұрып, сімірем жыр тосабын!
Мұңдарымды құмына жаншыдым да,
Ылаң салдым масайған малшы нұрға.
Жасым төккен сүйемін жаңбырымен,
Аяғыма жабысқан балшығында!
Дүбірлеген дүние соңымызда,
Дақ түспесі дəруіш арымызға!
Таңбалы тарих жатыр топырағыңда,
Тектілік табы қалған қанымызда!
5:00

Бөлме іші.
тегеурін тар қамақтай.
құлазуын қоймай түн, таңдар атпай.
мендік ерін дірілін сезермісің
жаңа ғана өшігіп, жанған оттай!
Соңғы рет сүйген едің…
Соңғы демің қалғанша, үн үзіліп
жүрегіме еккенсің қырмызы гүл.
Қараша. Күз.
Сезім вальс биін де билегенім.
Кек алам деп кертиіп күйрегенім,
бəрі де, балаша аңыз!
- ей, ымырт!
"Сүйем" деген сөздерін ысқырып көр.
оны мендік əлемге қыстырып бер.
іңір көші салмақсыз тастан да ауыр,
сенің кеудең секілді-үскірік жел.
Қала. Жарқыраған шамдарға жанар ұдай,
Қандай қайғы білмейді тағатын Ай!
Терезеге қараймын сен келер деп,
көшелері "сағыныш қамалындай!"
Төзгісіз мұң.
Талай кезіп өткенмін мұң шаһарын,
Дегбірсіздеу болар ма мұнша хəлім.
Сұқ көздерім төскейге беттесе егер,
Көкке қарап тағы да мұң шағамын.
Қате-бəлкім, нұр өледі.
мөлдір күн,шырай налып.
тал жаңғырса жапырақ жылайды анық.
сенің мені сүйгенің секілденіп,
келмейді əттең сол кезгі жыл айналып
өкінішті-ақ…

"…Хабарласам" дейсің де жоқ боласың,
Күткен жүрек көңілді отқа орасын!
Серпілтіп, сескендіріп сезімдерді,
Ең әдемі сағыныш боп барасың!
Түсінбеймін: төзім бе, төзбесім бе?
Қызғаныштан қимаймын өзге ешкімге!
Күннің бәрін батырып, келші қарғам,
ең тәтті кездесуге!
Жастығымда жырларым жатыр мұңлы,
Жан жарасын жазатын хатың үлгі.
Астын сызып ағалық айтушы едің,
ең көркем ақылыңды!
Өр ақындар ұлық боп өсер елден,
Талайларды тоқтаусыз кеше көргем!
Баяғыдай есімің естілмейді,
Ең жарық көшелерден!
Өзің ашып берер де өмір көркін,
Күлімсіреп тұрады көгіңде күн!
Баяғыдай бұйығып оқылмайды,
Ең ұлы өлең - дертің!

Гүлжанат Қадырбекова

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: