Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ескі сөз – есті сөз

06.11.2025, 9:40 115

Естілердің сөзін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады. Осындайда «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар?» деген даналық өсиеті ойға оралады. Ел аузынан есітіп, жадымда жаттап жүрген сүбелі сөздерді оқырман олжасына айналдыруды жөн санадым. Мүмкін әркім керегін алар. Болмаса хакім Абайша айтсақ, керегі жоқ десе,  өз  сөзім – өзімдікі.

Тәңірі бойға дарытқан табиғи дарынымен талабын ұштастырып, табыстың төрінен табылған жанды талант иесі деп танимыз. Алайда осы қасиетті әркім өз қажетіне қарай пайдаланады. Сонысы сәл көңілге томпақтау тиеді. Зерделі сөз түйіп, бейнелі ой кестелеген жеткіншектерді көргенде көңіл құсың көкке шарлайды. Талант иесі гүл іспетті, тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалуына мүмкіндік беріп, топырағын құнарландыру қажет. Сонда ғана ол ертеңгі күні саясына ел тынығатын мәуелі баққа айналары  хақ. Бүгінгі  еңбектің  жемісі – ертеңгі  елдің  жеңісі.

Қарт  аттан  түспейді,  баптан  түседі. Шаншу сөз шамға тиеді, қаңқу сөз жанға тиеді. Атақтының мысы, қайраттының күші басатынын күн сайын көріп келеміз. Әсілінде адамзат баласының тағдыр талайында діттегенінен күтпегені көп. Біреу тойыңда, енді біреу ойыңда жүреді. Бірақ екеуінің айырмасы анау айтқандай алшақ емес. Жан-жағыңа бажайлап қарасаң, біреу бос орын, біреу өз орнын таппай дал болып  жүр.  Табалдырықсыз  төр  болмайды. Тереңге  тартқан  тамыры  болмаса  тамаша тақырыптың  өзі  жапырағы  жоқ  жалғыз ағаш кейпінде  қалады.  Әрбір  пенде  үгітке емес, үмітке  сенудің  жарқын  жолы  осы.

Өндіріп  жазу  мен  сендіріп  жазу – екі бөлек  дүние. Қаламгердің үстелі – стилі. Кейбір  сөз  бен  өлең  көлемге  тартады, кейбір  ой  тереңге  тартады. Әріптердің  бәрі бас  әріпке  бағынады. Үтірдің  өзі  үп-үлкен ойды  бөлшектеп  жібереді.

Жастық  шақ – көктем,  ортаңғы жас – жаз, зейнетке шыққан уақыт – күз, қарттық – қыс мезгілі. Адам өмірі жыл мезгілі секілді осылай бөлінеді екен. Махаббат кітап секілді, кіріспесі қызық болып көрінеді. Әрі қарай оқи бастасаң, жай құндылығы жоқ сияқты сезіледі. Жалыққасын көше дүкендерінен  арзанқол газет-жорналдар алып оқи бастайсың. Оның пайдасы жоқ екенін білгесін қайтып кітапқа оралып, әйтеуір оқып бітіресің. Бұл мысал, әрине, тура мағынасында емес. Өмірдің құнды  қазыналарын  шығармашылық   тұлғалардың  еңбектері  құрайды. Руханият  иелері – қоғамдағы  татулықтың,  достықтың  жаршысы.

Жасы  келген  бір  қарт  үйінің  алдында үнемі  арпалысатын  екі  итінен  көз  алмай қарап  отыратын. Күндердің  күнінде немересі: «Ата,  мына  иттердің  үйімізді қорғауға  біреуі  де  жетпей  ме,  неге  екеуін ұстаймыз?», — деп сұрапты. Сонда: «Бұлар мен үшін екі таңба, балам», — дейді  қарт. «Ненің  таңбасы?»  дегенде:  «Жақсылық пен жамандықтың.  Осылар  секілді  ішімде  үнемі  күрес  жүріп  жатады. Бұларға әркез  көзім  түскен  сайын  жақсылық  пен жамандықты  ойлаймын. Сондықтан  екеуін қатар  қасымда  ұстаймын», — депті.

Біздің  де ой  орманымызда  сан  түрлі дүние  сапырылысып  әлек.  Соның жақсысын  алып, сүзгіден өткізіп, өмір өзегіне  айналдыру  үлкен  тәжірибені  талап етеді. Тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  ғана түйіні – осы  оймақтай  ой.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: