Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел жүрегін жаулатар, Ұран іздеп жүрмін мен!

04.10.2024, 11:15 65

HALYQLINE.KZ

КӘНЕ  ҚАЗАҚ!

Кəне қазақ,

Бірлігіңді сақтаңдар!

Ел сатады,

Кеше жерді сатқандар!

Елді ойлап

Ауыртпайды бастарын,

Елді қанап,

Билік дəмін татқандар!

Кəне қазақ,

Ел мен жерді қорғаңдар!

Қорғалсын ну,

Жасыл тоғай, ормандар.

Аямайды

Ел екен деп біздерді,

Жал-жая жеп,

Майлы жілік сорғандар!

Кəне қазақ,

Сақтаныңдар жебірден!

Елді алдап,

Арам жолмен семірген.

Сақтаныңдар –

Мұнай, көмір, газ түгіл

Жемқорлардан –

Қара тасты кемірген.

Кəне қазақ,

Бірлігіңе берік бол!

Қиналған дос,

Қандасыңа серік бол.

Бір біріңді,

Қиындықта қалдырма,

Қиналғанға –

Көмек жасап беріп қол.

Кəне қазақ,

Бір-біріңді демеңдер.

Билікте жоқ,

Ел басқарар кемеңгер.

Бас құрасып,

Елдесуді ойлаңдар,

Бұл биліктен,

Қайыр болар демеңдер!

Кəне қазақ,

Біріктіріп басыңды,

Тас төбеңе –

Шығартпаңдар қасыңды.

Өсір ұл мен

Ақылды қып қызыңды,

Талапшыл қып,

Тəрбиеле жасыңды!

Кəне қазақ,

Бала өсіріп білімді,

Меңгерт əбден,

Сан салалы ілімді.

Қараша елге,

Теңдік бермес биліктің

Арам ойы

Бүгінде анық білінді.

Кəне қазақ,

Қолға ал ана тіліңді,

Əдет, ғұрып,

Салт, салтанат, діліңді.

Мына билік,

Салған құрық əйтпесе,

Дей беріңдер,

Мəңгілікке ілінді!

Кəне қазақ,

Ояныңдар ойланып,

Қалғып жүріп,

Қапы қалып қоймалық.

Ұйқылы-ояу

Арқамызда біздердің,

Жемқорлардың

Жатыр тойы тойланып.

Кəне қазақ,

Көзді ашып қараңдар,

Не істеп жатыр?

Деп, сұрқия арамдар!

Қарап тұрсаң,

Қазақтың кең даласы,

Тойымы жоқ,

Қарындар мен арандар.

***

Халқымен билік қосылмай,

Жасамақ тағы «тосын жай».

Орысқа елін құл қылу,

Мақсаты билік осындай.

Басқа амал таппай етерге,

Мәжбүр боп елден кетерге.

Отанын тастап босуда,

Отаншыл жастар шетелге.

Қарсы алып «қонақжайлықпен»,

Жарылқап жатты байлықпен.

Өз жұртын қылды қайыршы,

Қарны да тоймас айлықпен.

Деп, билік жатпен біргеміз,

Ашылып жатыр іргеміз.

Көбейіп кетті еліме,

Шыққаннан гөрі, кірген із.

Суытып жаттар түстерін,

Қайрап жүр жұртқа тістерін.

Жасырмай, ашық айтып жүр,

Ол жақ пен бұл жақ бірігіп,

Орыстар бізге не істерін.

Жасамай сақтық шарасын,

Билігім, қайда барасың?

Бөлек боп тілің тұрғанда,

Таппайсың жатпен жарасым.

Бөліп тұрар қамал ол,

Дос пенен қастың арасын!

ІЗДЕП ЖҮРМІН…

Жігерлерді жанитын,

Шарық іздеп жүрмін мен.

Жанарларды қаритын,

Жарық іздеп жүрмін мен.

Қазағымның кеңпейіл

Ақ жүрегін түсінер.

Ішкі жанын танитын

Халық іздеп жүрмін мен.

Жасып қалған ездерді,

Жанымақпын шарықпен.

Тойымы жоқ көздерді,

Қарымақпын жарықпен!

Сұхбаттасып, сырласып,

Пейілі кең халықпен

Дамымақпын ілгері

Түсіністік қалыппен.

Қазақты қайта қалыптар,

Қалып іздеп жүрмін мен.

Орынын басар алыптар

Алып іздеп жүрмін мен.

Космополит, мəңгүрттер,

Еліме зиян етер деп,

Жанталаса, жанымды

Салып іздеп жүрмін мен!

Алысатын сұмдықпен,

Ақын іздеп жүрмін мен.

Əділдікке шындық пен

Жақын іздеп жүрмін мен.

Алысатын сұмдықпен,

Ақын тапсам айтулы.

Үйретер ем шындық пен

Сұмдықты қалай айтуды.

Əділдікке шындық пен

Тапсам егер жақынды.

Елді жеумен шыр біткен

Алар ем иттен ақымды.

Бас ұрмайтын бір жанға,

Батыр іздеп жүрмін мен.

Жалғыз өзі мың жанға

Татыр іздеп жүрмін мен.

Батыр тапсам сенімді,

Үлкен істі жасар ем.

Қорлаушының елімді

Кеудесін бір басар ем!

Жау төбесін оятын,

Шоқпар іздеп жүрмін мен.

Сатқынды жөнге қоятын

«Сотқар» іздеп жүрмін мен.

Гүрзі шоқпар табылса,

Жау төбесін ояр ем.

Арлы «сотқар» табылса,

Уайымды қояр ем!

Құзғындарды аулатар,

Қыран іздеп жүрмін мен.

Ел жүрегін жаулатар

Ұран іздеп жүрмін мен!

Нағыз қыран табылса,

Құзғындарды аулар ем,

Нағыз ұран табылса,

Ел жүрегін жаулар ем!

Қылыш іздеп жүрмін мен,

Қылп еткізіп бас шабар.

Құрыш іздеп жүрмін мен

Қылыш болып тас шабар!

Қылыш тапсам бас шабар,

Жемқор басты шабар ем!

Құрыш тапсам тас шабар

Қылыш жасап бағар ем.

Еліне қорған болатын,

Бала іздеп жүрмін мен.

Көңілге сөзі қонатын

Дана іздеп жүрмін мен.

Бөлек көмер арамды,

Мола іздеп жүрмін мен.

Пəк сақтауға адалды

Бола іздеп жүрмін мен!

Нұрадин  ҚАНТБАЙҰЛЫ.

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: