Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі тілді қатар қолдану лингвистикалық шизофренияға әкеледі

02.04.2026, 8:00 38

«Халық» газетінің редакциясы тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым Аман Абасиловтың қазақ тілі – ана тіліміз туралы тура ондыққа тигізіп айтқан пікірінің бір парасын жинақтап көрді.

Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының «Лақ құрлы бақырмай өліпті ғой, япырмай» деген сөзі еске түседі. Ғалым-ұстаз Аман Абасиловтың өткір ұстанымы өз-өзін «қазақ тілінің жанашырымыз» деп босқа кеуде керіп жүргендердің бет-жүзін мың мәрте қызарта түспек.

Тіл маманы ой-пікірінде тек ақиқатпен ғана дос болады. Ана тілдің дамуына тежеу болған факторларды тамыршыдай тап басып, шешілуі жолында нақты ұсынысын айтады.

Біздің  қоғамда  қазақ және орыс тілінің қатар қолдануы қазақтардың паралель екі әлемде өмір сүруіне әкеліп отыр. Қазақ тілінде үйде, базарда сөйлеседі, достармен әзілдеседі, мектепте білім алады, т.б. Оны көпшілігі «ана тілі» деп санағанымен, ол ресми және күрделі мәселелерге жарамсыз деп есептейді. Ал орыс тілінде заңдар жазылады, ғылымда қолданады, бизнес-келіссөздер жүргізіледі, т.б. Оны интеллектпен, билікпен және элитарлықпен байланыстыратын құрал деп санайды. Екі тілді қатар қолданудың қаупі неде? Ол санадағы отаршылдықты сақтап қалады. Қазақтар өз ана тілін кванттық физика немесе халықаралық құқық үшін «жеткілікті деңгейде дамымаған» деп сене бастайды. Бұл лингвистикалық шизофренияға әкеледі: қазақтар өзін орыс тілінде сөйлегенде ғана толыққанды боп сезінетіндей күй кешеді. Бұдан арылудың жолы – отарсыздану. Тілдік отарсызданудың мақсаты – Қазақ­станда орыс тілін жою емес, қазақ тілін соның деңгейіне көтеру немесе қазақ тілін бедел­ді  ресми  тілге  айналдыру.

Тілдің беделі – бұл мықты контенттің, заман­ауи технологиялар мен жеке пайданың жиынтығы. Қазақша сөйлеу «сәнді әрі тиімді» болған кезде, танымалдылық мәселесі өздігінен  шешіледі.

Қазақ тілі шын мәнінде беделді тіл болуы үшін, ол тек мәдениеттің немесе парыздың символы ретінде қабылданбауы тиіс. Ол мүмкіндіктердің, қаржының  және  прогрестің  тіліне  айналуы  қажет.

Мемлекеттік мәртебе – қазақ тілінің «қаңқасы немесе тәні» болса, қоғамдық өмір салаларындағы нақты қолданысы – оның «қаны». Біз жоғарыдан бұйрық күтпей-ақ сол қаңқа мен тәндегі бос тұрған тамырларға қан жүгіртуіміз керек. Оған демографиялық мүмкіндігі­міз де, ешбір халықтан кем түспейтін  қабілетіміз  де  жетеді.

Меніңше, біздің елде «мемлекеттік тіл» деген терминді «ресми тіл» деген терминмен ауыстыру керек (әлемдік тәжірибе солай). Өйткені «мемлекеттік тіл» деген – жасанды термин, ол міндетті түрде «ресми тіл» деген терминді қажет етіп тұрады. Біз конституцияға  мың   рет  қазақ     тілі – мемлекеттік тіл деп жазғанмен, ол сонша рет ресми тіл орыс тілі ме дегенді меңзеп тұрады. Сондықтан, Конституциядан бастап барлық құжатта «Қазақстанның ресми тілі – қазақ тілі» деп жазылуы керек. Сосын ресми тілді білу міндеттеледі. Ол міндеттелсе, оны оқыту өзінен-өзі қажеттілікке айналады. Сонда Қазақстанның ресми тілі – қазақ тілін жаппай оқытуға көшу туралы қаулы қабылданып, тұжырымдамалары жасалуы керек. Осы құжаттар негізінде балабақшада, бастауыш сыныпта, орта мектепте, колледждер мен жоғары оқу орындарында және елдің ересек тұрғындарына ресми тілді оқытудың жаңа стандарттары жасалуы қажет.

Тіл – прогресс пен дамудың маркері. Тіл маргиналданса, тілмен бірге автоматты түрде ұлттық әдебиет пен өнер де маргиналдануға ұшырайды.

Елімізде бір әлеуметтік лингвистикалық құбылыс байқалады: қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп заңдастырып қойып, билік пен зиялы қауым орыс тілін белсенді түрде қолдайды. Осыған байланысты қоғамда ерекше субьмәдениеттің өкілдері – еуропаланған жастар мен өздерін «модернизацияланған» немесе дамыған деп санайтын халықтың қабаты пайда бола бастады. Мәдениеттердің бұлайша гибриттенуі  халықты дамыған және артта қалғандар  деп  екі  жікке  жаруға әкелуі мүмкін.

Мемлекеттік тілді оқыту және қолданыс аясын кеңейту мәжбүрлемей, ынталандырылып отыруы керек. Мәжбүрлеу мәселені саясаттандыруға әкеледі. Ал ынталандыру, мотивация беру оқытуда ерекше маңызға ие.

Тіл биліктің меншігі емес. Үкімет тілдерді манипуциялауға және оларды тек жеке мүдделері үшін пайдаланбауы керек.

Қазақстанда  бәріміз  неге  қазақ тілінде сөйлемейміз?

Жауабы: қазақ тілінде сөйлемейтіндердің ком­муникативтік қажеттілігі жоқ немесе шектеу­лі.

Тілдің негізгі және маңызды қызметі – бұл қарым-қатынас, адамдар арасында белгілі бір ақпаратты, білімді, мәліметті, фактілер мен эмоцияларды жеткізу. Мұндай қарым-қатынас болатын бастапқы орта – отбасы. Сондықтан тілімізді дамытамыз десек, отбасында қазақ  тілінде  сөйлеп,  қазақша  тыңдайық!

Қазақ тілі – бұл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мемлекеттің өзі негізделетін құндылықтар  көрінісі. Сондықтан ол мемлекеттік басқарудың  және  білім  берудің  жалғыз  ресми  тілі  болуы  керек.

«Тіл жақсы немесе жаман болмайды. Біз қандай болсақ, ол да сондай. Демек, тілді емес, өзімізді құтқаруымыз керек» деген сөз қазаққа  айтылған  сияқты.

Біз тәуелсіздік алдық деп тоқмейілсінбей, тез арада барлық салада отарсыздан­дыру жолын қарастыруымыз керек. Соның ең маңыздыс­ына лингвистикалық тәуелсіздікке жету  жатады.

Біз және біздің алдымыздағы аға ұрпақ кеңес заманының зардабын әбден тарттық: ашаршылыққа ұшырадық, соғыста қырылдық, бүкіл одақтан жер аударылған аш-жалаңаш­тарды асырадық, тың игеруге келген келімсектердің теперішін көрдік, сөйтіп өз елімізде, туған жерімізде азшылыққа айналып, тілімізден, дінімізден, ділімізден айырыла жаздадық.

Құдайға шүкір, тәуелсіздік алып аман қалдық. Енді сол шұбарланған тілімізді, бүлінген дінімізді, уланған ділімізді, ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді қалпына келтіруге талпынып жатырмыз. Осылардың ішіндегі  ең  бастысы – ана  тіліміз  қазақ  тілінің  амандығы. Қазақтың басын біріктіретін, бірлігін сақтап ел ететін – оның осы қасиетті тілі. Сондықтан  бүгін  қолданыс  аясы тарылып,  қоғам  дамуынан  кешеуілдеп қалған ана тіліміздің әліпбиін, төл емлесін жасап, терминологиясын жүйелеп, заманға икемді тіл етуге бетбұрыс жасап жатырмыз. Осы қасиетті істі аяғына дейін жеткізейік. Әрбір  қазақ  осыған  жауапкершілікпен қарауы  керек,  өз  үлесін  қосуы  тиіс!

Қазақ тілін сақтау, дамыту үшін алдымен оны отарсыздандыру керек. Кеңес заманында орыстандыру бағытында енген кейбір тілдік норма  мен  ережені қайта қарап, тіл табиға­тына қарай дұрыстау керек. Кешенді тіл рефор­масын  жүргізу – кезек  күттірметін  іс.

Тәуелсіздік алғанда қазақ тілінің қызмет аясын кеңейтеміз, кеңес заманында кеткен кемшіліктің орнын толтырамыз, дамымай қалған салаларын дамытамыз деп қуандық. Мемлекеттік тілге қамқорлық керек деп қара­жат бөліп, орыстанып кеткен лексикалық қорымызды қазақшалаймыз, әсіресе ұлттық терминологияны жүйелейміз, жасаймыз деген ИДЕЯ көтерілді. Идея жақсы еді. Көптеген орыс сөзі, орыс тілі термині, тіпті халық­аралық қолданыстағы орыстанған сөздер де қазақ тіліне аударылды. Қазақ тілінің терминжасамы қалпына келіп, жүйленуге бағыт алды. Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды. Қыруар сөздік шықты. Бірақ артынан айтыс-тартыс басталды да, әркім өз терминін енгізуге тырысып, басталған жұмыс ырду-дыр­ду болып, аяқсыз қалды. Мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаражат желге ұшты. Тіл дамымады, қолданыс аясы кеңімеді. Тіпті сол 90-жылдардағы қарқыны кеміп, баяғы таз қалпы­на  қайта  түсті. ИДЕЯ болғанмен, нәтиже  болмады.  Енді  не  істеу  керек?

Қазақ халқының санасын ояту қажет, құлдық санадан арылу керек, бұрынғы ата-бабамыздың жолына түсеміз деп рухани жаңғыру ИДЕЯСЫ басталды. Бұл идея ә дегеннен жалпыхалықтық сипат алып, қолдау тауып, қарқын ала бастады. Әсіресе, рухани жаңғырудың тілден басталатыны қатты қуантты. Орыстанып кеткен фонетикалық жүйемізді қайта қалпына келтіру үшін кірме дыбыстардан құтылып, төл дыбыстарымыздан тұратын әліпби жасаймыз деп талпындық. Оның да басы жақсы басталды да, артының берекесі кетті, айтыс-тартысқа ұласты. Енді міне, әркім бір әліпби ұсынып, түкке тұрмайтын әліпбиді талқылап, басымыз­ды тасқа соғып жүрміз. Жаңғыру қаңғыруға айналып барады. ИДЕЯ жақсы, нәтиже қайда? Енді  не  істеу  керек?

Меніңше, алдымен, осы жақсы басталған істерді аяқсыз қалдыратын факторларды (ЖАУ­ДЫ) анықтауымыз керек. Факторды тапсақ, нәтиже де болады. Екіншіден, қазақ тілі ұлт ретінде сақталуымыздың, мемлекет болып дамуымыздың негізгі тірегі екенін сана­мызға сіңіру керек. Мемлекеттік тілді білуді міндеттеп, қазақ тілін білмейтін адамды жұмыс­қа алмау керек. Үшіншіден, қазақ тілінің дамуын жоспарлайтын, жүзеге асыратын ғылыми орта­лық (академия немесе ҚР Президенті жанындағы ғылыми кеңес) құрып, оның мәртебесін заңмен бекіту керек. Ол тек халыққа және Президентке ғана есеп беруі тиіс. Оның жұмы­сы ашық болып, нәтижесі бақыланып, жауапкершілігі сұралуы керек. Мүмкін сонда тіл дамытуды саналы түрде қолға алатын бола­мыз. Сонда біз қазақ тілінің даму нәтижесін және оған бөлінген қаражатты нақты біреуден сұрай алатын боламыз. Сонда ғана ЖАУДЫҢ да  көзін  жоямыз.

Жинақтаған 

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: