Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дін мен дәстүр үндестігі – рухани тұтастықтың негізі

23.07.2025, 15:05 212

HALYQLINE.KZ

Әр ұлттың дүниетанымы, ойлау түрі, темпераменті, ұлттық санасы және т.б. белгілі бір жолмен үйлеседі. Жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттық құндылықтарға да тән орнықтылық және тұрақтылықпен сипатталады. Ұлтқа және жеке тұлғаға қатысты менталитет бастапқыда әдеттегі-эмоционалды түрге ие болды деп айтуға болады, тек экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуға негізделген құндылықтардың пайда болуымен ғана ол көпқырлы дүниетанымдық сипатқа ие болады. Ұлттық менталитет адамның рухани және материалдық құндылықтарын тарихи іріктеу нәтижесінде қоршаған әлемге қарым-қатынас жүйесінде көрініс табады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни және ұлттық құндылықтардың сақталуы мен насихатталуына өзіндік үлесін қосып келеді. Құндылықтардың насихатталуы мен дәріптелуінде көптеген іс пен ауқымды іс-шаралар атқарып келеді.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері – оның ұлттық құндылықтарының маңызды бөлігі. Бұл дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың мәдениетінде, әдет-ғұрыптарында терең із қалдырған. Салт-дәстүрлер қазақ халқының өмір салтын, дүниетанымын, әлеуметтік қатынастарын және рухани байлығын көрсетеді. Салт-дәстүрлердің ішінде отбасылық құндылықтар, қонақжайлылық, батырлық, еңбекқорлық, табиғатпен үйлесімділік ерекше орын алады. Мысалы, «қонаққа төр беру» дәстүрі қазақ халқының қонақжайлылығын, қадір-қасиетін білдіреді. Отбасы және туысқандық байланыстарға ерекше мән беріледі. «Ата-баба дәстүрі» мен «жақсылық жасау» ұғымдары халықтың моральдық-этикалық нормаларын қалыптастырады. Әрбір ел мен халықтың төл тарихына тиесілі қастер тұтатын киелі нысандары мен тұлғаларының болуы – заңдылық. Өз кезегінде олар халықтардың тарихи санасын сергітіп, ұлттың рухын оятады. Сакралды ескерткіштер – тарихи жадыны қалыптастырудың құралы. Киелі орындарға рухани сапарлар ұйымдастыру болашақта да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жіті назарында бола бермек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) – 1990 жылы 12 қаңтарда өз алдына дербес мүфтият ретінде құрылғалы бері қазақ халқының іргелі ұлттық құндылықтарын насихаттап келеді. Басқарма жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыратын дәстүрлі ислам дінін тарату, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар уағыздарының дұрыс насихатталуын қамтамасыз ету, діни рәсімдердің толық әрі дұрыс орындалуын қадағалау (ханафи мәзһабына сай), Қазақстан мұсылмандарының бірлігін сақтау, облыстардағы өкіл имамдар арқылы мұсылман жамағатының діни мәселелерін шешу, республикада ислам дінін оқытып үйрететін мамандар даярлау, сондай-ақ, шетелдік діни 45 ұйыммен, бірлестіктермен, оқу орындарымен қарым-қатынас орнату, діни әдебиеттер, оқулықтар сияқты қажетті басылымдарды әзірлеу және т.б. мақсатты жұмыстарын қазақ тілінде жүргізіп жатқан бірден-бір қоғамдық бірлестік. Өйткені төлтума ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер жүйесін сақтаған халық қана өзінің рухани мәдениеті мен өзіндік діни дүниетанымын таныта алады. Ата-бабадан қалған дәстүрге, мәдени мұра мен рухани құндылықтарға деген немқұрайдылық ассимилияциямен сипатталатын ұлттық трансформацияның келеңсіз құбылыстарына әкеліп соқтырады. Ал мәдени мұраға деген ілтипаттық қатынас пен оны байыту жалпыадамзаттық, әлемдік мәдениетке қосылған үлес саналады. Әлемдік өркениетке ену және өзіндік атсалысу осы ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып дамыту арқылы ғана жүзеге асады.

Ақпараттық технологияның санаулы жылдардың ішінде қарыштап дамып, тіршіліктің күрт өзгеріп кетуі бұрынғы өмір сүру дәстүрлері мен модельдерін дәл сол қалпында ұстануға мүмкіндік бермейді. Тек тарихи қалыптасқан жолды ғана ұстанумен шектеліп, жаңа талаптарға бейімделмеген халықтардың қоғамға ілесе алмай, көптеген қателікке бой алдырып жатқаны белгілі.

Қазақ халқының салт-дәстүрі ғасырлар бойы шариғат амалдарымен астасып кеткен. Мәселен, сәби дүниеге келгенде құлағына азан шақырып ат қою, қалжа сойып ақиқа беру, ер бала жеті жасқа келгенде сүннетке отырғызу, аузы дуалы адамдарға баланың аузына түкірту (тәхник жасау), неке қию, дем салу, ыдыстардың бетін жабу, нанды қадірлеу, ас ішер кезде «бісмілләмен» бастап, шүкірмен аяқтау, ас қайтару, үлкенге дауыстап сәлем беру, жолға шыққанда садақа беру, бейсенбі, жұма күндері аруақтарға Құран бағыштап, жеті шелпек пісіру, көңіл шай, жарамазан айту, құрбан шалу, адам қайтыс болғанда кебіндеп, жаназасын шығарып, арулап жерлеу және т.б. көптеген салт-дәстүрдің барлығы исламнан бастау алады.

Алтын Ордадан бөлініп шыққан Қазақ хандығында ұлыстың діни ұстанымдары сақталды. Ислам-иман-ихсан негіздері хандықтың басты діни тірегіне айналды. Сопылық ілімнің нәтижесінде бабалар басына зиярат етудің, қайтқан адамның артынан ас берудің өзіндік әдептері мен жөн-жоралғылары жасалды. Дін мен дәстүр сабақтасып, қазақ даласына негізделген дәстүрлі танымның негіздері қалыптасты. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында діни-ағартушылық бағытта қалам тербеген «кітаби ақындар» мен Сыр сүлейлері исламның асыл қасиеттерін өлең сөзбен өрнектеп, көпшілікті имандылыққа шақырды. Абай, Шәкәрім, Шәді төре, Майлы қожа, Қалжан ахун, Аппақ ишан, Марал ишан секілді сөз зергерлері иман негіздерін жырлауда дәстүрлі жолға арқа сүйеді.

Бабалардан қалған жолды қайта жаңғыртып, ғасырлар бойына жинақталған қазақтың бай рухани мұрасы мен ислам дінінің асыл қасиеттерін ұштастырып, қайырымды һәм ізгі қоғам жасау жолында игі істерге бастамашы болу да – Мүфтияттың басты мақсаты.

Адам баласы жоғары адамгершілік құндылықтарды өмірінің өзегіне айналдыру арқылы қоғамды жамандықтардан, азғындықтан қорғайды. Діни-рухани құндылықтар адамды жаратылу мақсатына сай өмір сүруіне жетелеп, кемелдену жолына бастайды.

Әкімжан  НҰРЛАНҰЛЫ,

Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінің наиб имамы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: