Еркіндігім
Өн бойымнан серпіл бүгін қайғы-мұң,
Қазақ елім, жер кіндігім, байлығым.
Қаншама жыл армандаған бабалар,
Тәуелсіздік, еркіндігім, айбыным!
Қазақстан ғажап бүгін сәнімен,
Батырлардың азат күнім, жанымен.
Аталардың келген мынау қанымен,
Қымбат маған ,азаттығым бәрінен!
Құрып кетсін, алаңдағам аз-ақ күн!
Құрықты ешкім сала алмаған азатпын.
Шекарасын алсадағы құжатпен,
Рухын ешкім ала алмаған қазақтың!
Ағаларым, пәк күнәдан жаны шын,
Желтоқсанда сап құраған бәрі үшін.
Қысымына өзге елдің шыдамай,
Жанартаудай атқылаған намысым!
Шаттанатын келдіме шын тоқ күнің,
Аласарар енді несін шоқтығым.
Елдігімнің белгісі боп әрқашан,
Көк аспанда желбіресін көк туым!
Тәуелсіздік, асқарымның жолында,
Кеткен жоқпыз бос сағымның соңында.
Бабалардың аманатын орындау
Келер ұрпақ, жастарымның қолында.
Батырлардың аттандары жаңғырып,
Санамызда жатталғаны – заңдылық.
Ата берсін арайланып, нұрланып
Азаттықтың ақ таңдары мәңгілік!
Өмірді ғажап сүремін дедің!
Өмірді ғажап сүремін дедің,
Сүйемін дедім, білемін дедің.
Жаныма өзің жақындағанда,
Дүрсілдеп соғар жүрегім менің!
Шынайылыққа таласады үміт,
Көрсетесің-ау тамаша қылық.
Қолыма қолың тиіп кеткенде,
Қалады көңіл балаша күліп.
Жасыра алмаймын күліп тұрамын,
Миымды бір сәт тынықтырамын.
Сәл езу тартып жымиғаныңда,
Ойымнан бәрін ұмыт қыламын!
Бойыңа сезім жиып кеп пе едің,
Өзіңді менен биіктетпедің.
Шығарып салдым, есімнен кетпес,
Бетімнен бір рет сүйіп кеткенің!
Ұялдым қатты есті білгенім,
Келешегімнің кескіні ме едің?
Осының бәрін ойлап отырсам,
Есіме түсер ескі күндерім!
Туған жерім
Сөзімді менің алаласын кім?
Мақтаны болар бар алашымның,
Ынтымағы мен берекесі бар,
Ұлымын жүйрік Жалағашымның!
Отырмын айтып ақбарын бүгін,
Тұлпарын елдің баптадың бұрын.
Кең байтақ жердің біздерге мұра,
Қаншама ғасыр сақтадың сырын.
Қатпарын білер құлагер жолдың,
Иманы кәміл дұғалы ел болдың.
Ғасырды қанша қалдырып артқа,
Тарихқа талай куәгер болдың,
Далама менің тамсанып қарар,
Балаңа елім қанша құт қалар.
Намысын қолдан бермеген ұлың
Сүйеді жерін соншалықты олар.
Қазақтың мынау даласы дархан,
Көз салып қане қарашы қалқам.
Бақ пенен құтты ала келсінші,
Бозарып атқан Алашыма әр таң!
Дидар Өмірзақ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!