Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дархан Аманжолұлы: «Сені сүймеу – әлемнің ауыр күнәсі»

13.06.2020, 9:30 2638

ЖАРЫҒЫМ

Жарығым, 
Тәңірдің сүріп тағдырлы мынау әлемін,
адамзат күткен бір өлең іздеп келемін…
…Мен сонда сенің жанарыңа мөп-мөлдір 
оқысам нәркес Ерлан Жүністің өлеңін
жүзіңнен, жаным, жұмақтың өзін көремін! 
Періштелер мен перілер кезген ғаламда 
мен саған, қалқам, өзімнен артық сенемін! 
Есімің сенің – киелі ойлар тұмасы; 
О, сені сүймеу – әлемнің ауыр күнәсі; 
Тәңірден менің сұрап алғаным – Сөз және 
жарығым, сенсің – жанымның ғасыл дұғасы…

* * *⠀⠀
Сен мені алдама, сұрарым – бір тілек!
Жарылып кетеді, әйтпесе, бұл жүрек!

Сатқындық жасама, кешпеймін өйткені,
Пенделік еткенше, өлтіріп кет мені!

Сен шексіз маған сен, сенгендей мен саған,
Риза боп ғұмырда өтейін мен соған!

Сүйсең тек шын сүйгін, болмасын бүкірлік!
Жарығым, шын сүймеу – Құдайға күпірлік!

* * *

өз алдына әлем болған жігіттің⠀
қайдан ғана тағдырына іліктің?!⠀
содан кейін не болғаны есте жоқ,⠀
соған дейін не болғанын ұмыттым…⠀

бәрін-бәрін ғафыл етті мына жад!⠀
Құдай иіп, мейірленді сұм ажал;⠀
дұғам – сенсің, таңсәрілік, кешкілік,⠀
есіміңмен басталды шын мінәжат!⠀

мен дегенде сұп-суықсың неге сен: ⠀
нең кетеді жүрегімді жебесең?! ⠀
нең кетеді сұрай салсаң хәлімді,⠀
егер мені өліп қалсын демесең…⠀

амал бар ма, аунап түссе бастан бақ?!⠀
әз атыңды ғазал жырға, дастанға⠀
бір әріп қып жасырғаннан жалықтым,⠀
есіміңді жазар едім аспанға!⠀

түс көремін өзің жайлы ұдайы,⠀
сол түсімді өң қылса егер Құдайым: ⠀
«Ұлым сүйген ару – осы!» деп, сенің⠀
маңдайыңнан сүйер ме еді Ұмайым!⠀
* * *
тысқа шықшы, жұлдызға, Айға қара!
жұлдыз біткен жап-жарық, Ай да жаңа!
«Жаңадан ай туыпты, әдемі, ә?!»
жо-жоқ, қарғам, ешкімді ойлама да,
ойға алма ешнәрсені, ештеңені,
еш керегі жоқ ойдың еш дерегі;
жай ғана Айға қара, тек өтінем,
жыламашы түсіріп еске мені!
қарашы өзің, қарашы, қарашығым!
Отырарда, Яссыда, Баласұғұн,
бәлкім, Сайрам, Таразда, я Құланның
шаһарында, жоқ әлде, қалашығы,
шәрінде ме, білмедім, көне күннің
ғашықтары осы айды көретін-ді;
көретін-ді жаңа айды, ай астында
сосын олар бір-бірін өбетін-ді;
«анау жұлдыз біз!» – дейтін Қорлы-Ғайым,
«анау жұлдыз біз!» – дейтін Мәжнүн-Ләйлі,
сол аспанға Фархад пен Шырын қарап,
Мұңлық-Зарлық жап-жарық жұлдыз санап,
күлісетін, о, сосын, жылайтын да;
кімнің дәті барды екен мұңайтуға
ғашықтарды, әулие, асықтарды?!
тасадан тас ататын пасықтарды
неге ғана жаратты екен, Құдай?!
(көпке созып кетпейін, көкем, бұлай…)
ешнәрсені ойға алма ештеңені,
өткен күннің қалмады еш дерегі;
жай ғана тысқа шықшы, қарашы бір
туған ай түсіреді еске нені?
Шағбан дей ме, бұл айды Сәуір дей ме,
білмеймін ғой, осы айды тәуір дейді ел.
о, не керек, сені ойласам төңкеріліп
көз алдымда кетеді дәуір кейде…
жарығым-ай, жұлдызға, Айға қара!
жұлдыз біткен жап-жарық, Ай да жаңа!
– «Жаңадан Ай туыпты, әдемі, ә?!»
есіміңді бердім мен айға жаңа!





CONSTANT

сен кеткелі бәрі өзгерді…⠀
өзгерді!⠀
ғаламшарға жаңа ұғым, сөз келді,⠀
Жер өсінен жеті мәрте айналды,⠀
жеті күнде бәрі-бәрі өзгерді…⠀
өзгерді бақ, алаңдар мен көшелер,⠀
жазмыш, тағдыр, маңдайдағы пешене,⠀
бәрі өзгерді: он сегіз мың мына әлем,⠀
(өзгеріп те кеткем шығар, сірә, мен.!?)⠀
осы өлеңде ой өзгерді, сөз неше,⠀
жарығым-ай, сен кеткелі өзгеше,⠀
бәрі өзгеше… өзгермеген қалды не?⠀
тұрақтылық – міне, нағыз әңгіме!⠀
кім біледі, өртелді екен қанша альбом,⠀
қоса өртеніп кетті ме екен жан-дене?!⠀
о, қаншама самайларға ақ түсті,⠀
әжім түсті, қанша жүзге дақ түсті,⠀
беймезгілде бір үй шат боп сабылды,⠀
бейуақытта бір үй қара жамылды…⠀
бәрі өзгерді: бәрі-бәрі, қарашы,⠀
өзге әлемде жүрмін жалғыз адасып;⠀
құрып кеткір, мына ессіз ғаламда⠀
өзгермеші, сен, көзімнің қарасы!⠀
кеткім кеп жүр бәрінен де безініп,⠀
бәрі өзгерген, жетер емес төзімім…⠀
Құдай ғана өзгермеді, бір білсем,⠀
менің сосын өзгермеді ⠀
сезімім..!⠀

* * *⠀





ГРАВИТАЦИЯ

Шыдамды ең, о, неткен, сен төзімді ең?!
Мүмкін бе азабын сезінбеу
жүректің?! О, ғашық жүректің
иесін жай ғана: «досым» деу –

ең ауыр күнәсі секілді ғасырдың,
жылдардың, дәуірдің. Жасырдым
мен-дағы, жарығым, сезімді,
сөзімді мерт қылдым. Ғасылдың

арнағам барлығын бағыңа бір сенің;
Жаныңа келгенде жаһанды еңсеріп,
құдай-ау, жанымнан жай басып өткенде,
кетпесін мына әлем теңселіп…





ШЕКСІЗДІК

«Берлиндік шекара-шектеуден» тұратын
шаршатты қоғамның мәні;
Вальспен тыншысын саналар сұрапыл!
–…Билейік, миледи, кәні…

Би – ғажап сылтау ғой айтылар сезім де, тілек те! 
Елемей жүйенің реңін
о, қашан, бүр жарар әр жадау жүректе
сакура гүліндей сенім..?!

Вальс те әз-өлең, таза өнер сыңайлы
шексіздік емес пе тегі..!?
Шегі жоқ иланшы, жарығым, Құдайдың,
сезімнің жоқ және шегі..!

Аяймын қадірсіз сұлуды, өлеңді,
білген ек қадірін ненің?!
Адамзат аңсаған ғажайып әлемді
көзіңнен көрейін сенің..!

Билейік, жақында ең ұлы ақынға:
– …Билейік, миледи, кәні…
Шегі жоқ менің бұл атомдық жадымда
қалса екен ерніңнің дәмі..!

ЕРЕКШЕ

(Ғалымдардың ғылыми зерттеуінше адам біреуді ұнатып қалуы

үшін оған бар болғаны 0.59 миллисекунд жеткілікті екен)

Қалқам, 
сенің, сенің көздеріңнен нұр көрдім…
жарық жылдамдығына тең секундта, 
сені сүйіп үлгердім..! 

Қалқам, 
сені сүйіп қалғанымды аңғардым… 
жарық жылдамдығына тең секундта, 
мына әлемге таңғалдым..!

Қалқам, 
бүгін сені бульвар жақта қарсы алдым… 
жарық жылдамдығына тең секундта, 
адамзатқа жар салдым..! 

Қалқам, 
мұнша ғажап емес еді осы әлем?! 
жарық жылдамдығына тең секундта,
келе қалды осы өлең..! 

Сені көріп…!





САУЫҒУ

Сен бүгін менің хәлімді сұрадың, 
сауығып кеттім мен демде! 
…Әуелі, сені Тәңірден сұрадым, 
өзіңді алғаш көргенде! 

Аманаты деп тағдырдың, еркем, 
қадіріңді ұзақ ойландым! 
«Сенемін Сізге!» дейтұғын көркем 
жүзіңнен сенің айналдым! 

Соғып тұрсыншы жүректе сенім, 
һәм сезім өрде, еңісте… 
Жүзіңе қаяу түсірсем сенің, 
кешірші мені, періштем! 

Кім білген өмір ағып өтпесін, 
батпандай дерттің емі не?! 
Қалқамның жүзі жүдеп кетпесін, 
ауыртпа Тәңір мені де…!

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: