Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Даналық ойдан дән ізде…»

05.09.2024, 9:20 104

Бір  дана  кісі  көлдің  жағасында отырып, суға шөлдеген бір иттің әрекетін бақылапты. Ит қайта-қайта көлге келіп, су ішпекші болған сайын, кенеттен судағы өз бейнесін көріп, шошып, қашып  кетеді  екен. Дана кісі  бұл  жағдайды  ұзақ  уақыт бойы аңдып, иттің шөлдегенін, бірақ өз  бейнесінен қорқып, суды іше алмай жүргенін байқайды. Алайда, шөлге төзе алмаған ит ақыры өзін көлге тастап, судағы өз бейнесін көрмей, суды қанып ішеді. Сол сәтте дана кісі ойланып:

– Мен бұл жағдайдан мынадай сабақ алдым, – дейді. Расында, адамның өз мақсатына жетуіне кедергі  болатын  ең  үлкен    тосқауыл – оның ішіндегі қорқыныштары мен күмәндары.

Егер адам осы ішкі қорқыныштарын жеңсе, ол өз мақсатына жетуі мүмкін. Бірақ дана кісі одан да терең ойға беріліп, шын мәнінде үйренген сабағының басқа екенін түсінеді. Ол адамның, тіпті дана болса да, бір иттен де үйренер нәрсесі бар екенін ұғынады. Сондықтан, өз білгеніңді басқалармен бөліс, өйткені сенен де үйренетін нәрсе бар екенін ұмытпа…

***

Егде жастағы адам мұхит жағалауымен серуендеп келе жатып, асығыс бір нәрселерді суға лақтырып жатқан біреуді көреді. Жақындап барғанда, әлгі адамның жағалаудағы теңіз жұлдыздарын суға қайтарып жатқанын байқайды да, одан:

– Неге бұл теңіз жұлдыздарын суға лақтырып жатырсың? – деп сұрайды.

Теңіз жұлдыздарын суға қайтаруды тоқтатпай жатқан адам:

– Олардың өмір сүруі үшін, – деп жауап береді. Сол кезде адам таңғалып:

– Бірақ мұнда мыңдаған теңіз жұлдызы бар. Олардың бәрін суға қайтара алмайсың. Сенің бұл ісің не өзгертуі мүмкін? – дейді.

Сонда әлгі адам жерде жатқан бір теңіз жұлдызын алып, оны суға лақтырып жатып:

– Мынау теңіз жұлдызы үшін бәрі өзгерді, – деп жауап береді.

Сіздің жақсылыққа жасаған әр шағын амалыңыз келесі күні үлкен өзгерістің бастауы болуы мүмкін. Аз-аздан  үздіксіз,  тоқтамаңыз…

***

Ертеде бір ауылда жаңадан үйленген жас жұбайлар өмір сүріпті. Үйленгендеріне бірнеше ай өткен соң-ақ, олардың некесі арман еткен бақытты өмірге сай келмейтінін түсінеді. Бірін-бірі шын сүйгендерімен, бұрынғыдай жылы сөздер мен мейірім азайып, шағын нәрседен үлкен ұрыс-керістер туындап жатады екен. Қарым-қатынастарының осылай нашарлап бара жатқанын көрген жұбайлар бір кеште отырса, ойларынан ажырасу шықпайды, бірақ екеуі де бұл жолдың түбінде қателікке апаратынын іштей  сезеді.

Сол кезде күйеуі ойланып: «Менің бір ұсынысым бар» дейді. «Бақшаға бір ағаш отырғызайық. Егер бұл ағаш үш ай ішінде қурап қалса, онда біздің ажырасқанымыз дұрыс шығар. Ал егер ағаш жайқалып, өсіп шықса, онда ажырасу жайлы ойды біржола ұмытып, отбасымызды сақтап қалу үшін бар күшімізді салайық. Осы уақытта бөлек бөлмелерде тұрып көрейік», – депті. Күйеуінің бұл ойы әйеліне де ұнап, келесі күні екеуі бірге барып, жеміс ағашының көшетін сатып алып, бақшаға отырғызады.

Уақыт өтіп жатады. Екеуі де іштерінен сол ағаштың тағдырына алаңдап, әр кеш сайын ағашты өздері байқатпай суарып жүріпті. Бір ай өткен соң, бір кеште олар бақшада  кездесіп қалады. Екеуінің де қолында су толы шелек бар екен. Осы сәтте олар бір-біріне қарап, үнсіз күлімсірейді. Бір-бірінің ниетін түсініп, жүректерінде бұрынғыдан да зор сүйіспеншілік пен қамқорлықты сезінеді. Олар бір-бірінің бақшадағы ағаш сияқты, қарым-қатынасын да мәпелеп, суаруға тырысып  жүргендерін  ұғады.

Осылайша, жас жұбайлар неке дегеннің тек сүйіспеншілік қана емес, оны сақтау үшін екеудің де күш-жігерін, ынта-ықыласын талап ететінін түсінеді. Олар енді бұл некенің  фидасын  мұқият  күтумен  өсіріп, гүлдендірмекке  сөз  береді.

Түрік  тілінен  аударған 

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: