Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Болса екен ағалардың бәрі осындай…

06.11.2025, 16:25 363

Үзік сыр

Ежелден бері сылаңдап аққан Сыр өңірі – небір саңлақты тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Топырағын түртіп қалсаң, жыр болып төгілетін өнер өлкесі талай тұғырлы тұлғаның өскен өлкесіне айналды.

Сыр деген самұрықтың оң қанаты іспетті өлең мен жырдың кіндігінен байланған жері – қасиетті Қармақшы ауданы. Өнер өрісі Қорқыт атадан бастау алғаны жөнінде әдеби және мәдени естеліктер легі ұдайы айтылып келеді. Одан қала берді Қармақшы ауданы – үш жүзге діндарлығымен танымал Марал баба, Ер Сейтпенбет әулие мен Сыр сүлейлері Тұрмағанбет, Жиенбай, Омар секілді саңлақтардың атақонысы.

Содан да болар мұнда туған презенттің осалы болмайды. Соның бірі де, бірегейі – Серік Ыдырысов. Ақынның туған ауылы – аудан орталығынан сәл тысқарылау орналасқан бұрынғы Жаңақала, қазіргі Т.Көмекбаев ауылы. Құмшауыт жерде тұрғанымен аудан, облыс орталықтарымен қатынасы жақсы. Кеңес уақыты кезінде отар-отар қой бағып, талай еңбек адамын тәрбиелеп өсірген осындағы жанкешті жұрт. Қазірдің өзінде мұндағы халық еңбек майданында шынығып, ауыл балаларының өздері ширығып, тіршілікке төселіп жетіліп келеді.

Біздің кейіпкеріміз де осы өмір мектебінен өтіп, шарболаттай шыңдалып, өнер аламанында алдына қара салмады. Өлең өлкесіне өзіндік соқпағын салып, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды.

«Сырдың серісі» атанған ақынның ел аузында айтылып жүрген қаншама «Деген екендері» әлі күнге насихатталып келеді. Бұл, сірә, әр ақынның арманы десек артық айтқандық емес. Өйткені, айтқан сөзі айтқан жерде қалған қаншама ақын бауырларымыз барын естіп, көріп жүрміз. «Біреулердің артынан сөз ереді, біреулердің артында сөз қалады» деп осындайда айтылса керек-ті.

Жас күнімнен ағаның қасында жиі жүрдім. Аймақ төңірегіндегі сапарларында ертіп жүретін. Жол үсті ішкі сырларын, қуанған, қажыған кездерін айтып бөліседі.

Осы орайда ағаның өз аузынан естіген есті әңгімелерінің бір сыпырасына тоқталайын. Бұл оқырман олжасы боларлық құнды дүние екеніне шүбә жоқ.

«Маңдайынан жұлдыз көрдім»

Даңғайыр жырау Жиенбайдың немересі Көшеней Рүстембеков бірде Серік ағаның әкесі Махмұтпен бірге үйіне келеді. Шай үсті әңгімеде әкесі Махмұт бала Серіктің аузына түкіруді өтінеді.

«Балаңыздың маңдайынан жұлдыз көріп тұрмын. Тілі шұрайлы халықтың ақыны болайын деп тұр» деп маңдайынан иіскеп, арқасынан қағыпты.

– Аузыма түкіргенде мүмкін кім біліпті, мықты жырау болар ма едім?!– дейді сырымен бөлісіп сері Серік.

«Әкемді түсімде көремін»

Өмірінің соңғы жылдарында көп сырқаттанып қалып жүрді. Тіптен үлкен республикалық ретро айтыстардың алдында ауруханаға жатып қалып жүрген кездері көп болды. Сондай сәттерінде жағдайын сұрап, жанынан табылуға тырысамын. Бір күні түске таяу барсам, бесін намазын оқып болып тұрып жатыр екен.

– Қалайсың, балам?! Құдай көңіліңді көтерсін. Үнемі кеп тұрасың. Қасыма отыршы. Айтысқа дайындығым жоқ. Алла аузыма не сөз салады, соны айтармын. Тұраржан, түсімде әкемді көрдім. Жүрегім елжіреп, бала күніме бір сәт оралғандай болып отырмын. Аттың үстінде қырдың басына шығып маған қарап тұр» деді даусы дірілдеп.

Иә, әр адам баласы үшін қанша жасқа келсе де, ата-ананың орны ерекше ғой.

Айтқаны дәл келетін

Ағаны кейде көріпкелдік қасиеті бар ма екен деп қаласың. Сенесіз бе, айтқаны дәлме-дәл келе қалғанда өзің түсінбейсің.

Аралдық Ержеңіс Әбді бауырымызға «Сен келер жылы дәл осы уақытта ұлды боласың. Шаңырағың шаттыққа кенеледі. Жолың ашылып, мерейің өседі» деді бір кездескен сәтінде.

Айтқаны дәл келіп, бір жылдан соң сол мезгілде ақынның отбасында қуаныш болды.

Астанада «Алтын домбыра» айтысы өткелі жатты. Оған шамамен бір апта бұрын қатысушылар анықталып, хабарланып жатты.

– Биылғы «Алтын домбыра» Сыр еліне бұйырады. Оны шынашақтай Мейірбек Сұлтанхан балам ұтып алады, – деді әңгіме үстінде.

Әрине, жақсылыққа тілектестік білдірдік. Ол айтқаны да дәл келді.

Бұл жайында Нұрмат Мансұров үнемі айтып жүреді. Бұдан бөлек талай айтқаны уақытына дейін дәл келіп, естіп таңғалатынбыз.

«Қырық жеті жасыңда жұлдызың жарқырайды»

Маған айтқан ағалық ақылы өте көп. Отбасымда өткен той қуаныштардың төрінде аға отырады. Онсыз отырыстың сәні де, мәні де кіре қоймайды ғой. Қай кезде де әкемдей арқасүйеп, ағамдай еркелеп жүретінмін.

Бір күні жолда келе жатып:

– Саған бір әңгіме айтайын. Дұрыстап тыңда. Қазір нешедесің? Құдай қаласа қырық жеті жасыңда жұлдызың жарқырайды. Сол тойыңнан қалып қоймайын, – деді күліп.

Оны, әрине, уақыт көрсете жатар. Айтпағым, ағаның маған айтқан үлкен сырының бірі осы болатын.

«Сыртымнан қарап тұрғандар бар«

«Қай кезде де айтып  жүремін. Мен ел алдында қалай жүремін. Отбасында да солай жүруім керек. Өйткені, сыртта әдемі болып, үйіңде әлпі-тәлпі жүрсең, өнегең қайда қалады? Қоғамды түзеймін десең, алдымен өзіңді жөнге келтір деген – жөн әңгіме. «Серік қалай» деп сыртымнан қарап тұрғандар бар. Мен не жағдай болсын кеудемді тік көтеріп жүруге міндеттімін», – деп отыратын.

Иә, аға жайлы әлі талай естелік айтыла жатар. Том-том кітаптар да жазылар. Қалай десек те, тағдырлы тарих иесі өз өмір мектебін қалыптастырып кетті.

Фәниден бақиға бет түзегеніне міне, жүз күн уақыт болыпты. Ағаға, ақынға, ұстазға деген сағыныш кеуде қуыста азынап тұр.

Тұрар Бекмырзаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: