Испан суретшісі Пабло Пикассо «Кім адамның жүзін дұрыс көре алады: фотограф па, айна ма, әлде суретші ме?» дейді. Әсте, суретші адам бетіндегі әжімнің сырына да қанығуы мүмкін. Бұл – бейнеге жүрек көзімен қарайтын сурет өнерінің өкілдеріне тән қасиет. Тек қол еңбегі емес, шалқар шабыт пен қиял қиылысы қатысатын тұс. Тынымсыз тіршілік һәм уыста тұрмайтын уақыт бөгелуге де мұрша бермейді. Мұндайда өмір келбетін келістіретін сан түрлі бояу мен көркем картина екені анық. Былайша түрленген табиғатқа мән бермеуіміз мүмкін. Ал, жыл мезгілінің қағаз бетіндегі сұлулығы сүйсіндірмей қоймайды.
Осыншама аяулы сезімдерді қылқаламның ізіне сыйдыру қабілет пен өнерге деген құштарлықтан туады. Әсемдікке әсерлене қарап, таңданысқа толы дүниені тасада тыс қалдырмай, суретті сезініп салатын таланттың бірі – Құндызай Жанабай.
Иә, бейнелеу өнері – бөлек әлем. Әр картинаның санада сайрайтын сыры, тіпті түйсікте түртіліп қалар тарихы бар. Ал, сан түрлі бояудың сиқырлап алатын күшін қайда қоясыз?! Осы бір әлемге енгенде жан тыныштығын табатын Құндызай сурет салудан қол үзбек емес. Өнерді түсінетін өресі биік ару сурет салудың таным шеңберін тар етпейтінін тілге тиек етті. Ақылды арттыратынын және жан-жақты болуға жетелейтінін де жақсы біледі. Мектеп қабырғасында жүргенде шығармашылығымен жұрт назарын аудартып, жетістікке жете білген ол әркез шеберлігін шыңдауда.
– Суретке деген қызығушылығым бала күнімнен қалыптасты. Бейнелеу өнеріне бейім болуыма әкем де ықпал етті. Ол кісі суретті жақсы салады. Қарым-қабілетімді байқаған жетекшілерім мені үйірмеге бірден қабылдап, 2 жыл сонда сабаққа қатыстым. Алғашында сурет салуды хобби ретінде қарастырсам, қазір мамандығыма бағыттап алдым. Сурет салудағы тәжірибем архитектура мамандығына тапсырудағы сыннан сүрінбей өтуіме септігін тигізді. Алдағы уақытта шеберлігім дизайнер саласында да төбе көрсетуіме мол мүмкіндік бермек, – дейді Құндызай Серікқызы.
Қылқалам шеберіне айналу үшін талғампаздық, еңбекқорлық, әрбір детальға ерекше назар аударатын байқампаздық керек. Қанша дегенмен сурет салу айқыш-ұйқыш сызықты сызып, бояумен өңін өңдеп, келістіре салатын жеңіл іс емес. Адам суретке үңілгенде үзік сырды байқап, қағаз бетінде сөйлеген сезім үнін естіп, көрініске таңдай қағуы қажет. Құндызайдың шығармашылығында дәл сондай шынайылық бар. Оның кез келген туындысы таланты мен талпынысын танытып, шабытының шарықтау шегін айшықтап, дарынды екенін дәлелдеп береді. Демек, туынды мен оның иесінде тұтас тамырластық пен бүтін болмыс жатыр.
– Суретте аса қатты мән беретінім – жаны бар адам, жан-жануарларды салғанда көбіне эмоцияны көрсетуге тырысамын. Гүл немесе құмыра секілді суреттерде шынайылық беруге, жаттанды жасандылыққа жуымауға көңіл бөлемін. Иә, суреттерімді сатып алғысы келетіндер бар. Алайда, суретке өзімді арнап, көз майымды тауысып, жаныммен салатындықтан ешкімге қимаймын, өнерімді саудалағым келмейді. Тек сыйлыққа берген кездерім болды, – дейді ол.
Картиналары әлем тізімінде көш бастап, санаға сілкініс жасаған суретші көп. Бұл – өнерге тәнті болған көпшіліктің берген бағасы. Сайып келгенде, салынған бейнеге селт етпейтін адам кемде-кем. Суреттің мәлім де беймәлім мәнін ашуда ынталы болып, таным таразысында талдап алуына да нақ сол себеп. Әлбетте, әр суретшінің өзіне тән ерекшелігі, ғаламды қағаз бетіне сыйдырып әкетер ғажайыбы, тапқыр тәсілдері болатыны анық. Осы ретте, талғампаз Құндызай Висенте Ромероны жанына жақын тұтып, суреттеріне аса назар аударатынын алға тартты. Испандық суретшінің туындысы ерекше ұнайтынын, оның жарықты бейнелеп, бәрін бүкпесіз, ешбір боямасыз қағазға түсіретінін жеткізді.
Кейіпкеріміз дамуда дамыл таппай, үздіксіз ізденістің ізін жалғап жүр. Машақатына мән берместен машықтануын жалғастырып, галереяларға жиі барып, өзге суретшілердің жұмысымен танысады. Бұл қызығушылықтың жоғары, өнерге махаббаттың шексіздігін білдіреді. Бала күнгі арманымен болашағын бекіткен ол биік белесті бағындырары сөзсіз.
Лағыл БАЙМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!