Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірінші орынға қалтаның қамын емес, ұлттың ар-намысын қоялық

29.03.2022, 9:00 620

HALYQLINE.KZ

Бір болайықшы. Бөлінгеннен, бөлініп алып бүлінгеннен, бүлініп алып түңілгеннен мүйіз шығар болса, әрқайсысымызда қарағайдай мүйіз шығар уақыт болды ғой. Әрқайсысымыз сол мүйізбен бір-бірімізді түйреп те болдық. Қазір қажеттісі – бірлік. (Абай хакім) Бірлік болғанда – ақылға бірлік. Біз өзі тарихтан, өткеннен, бүгіннен, көршіден әрі асса дұшпаннан сабақ алатын ұлт едік қой. Украин жұрты сыртқы жауға қалай тойтарыс беруде? Бірлікпен. Кеше жаға жыртысқан, қырқысқан Порошенко мен Зеленский қазір тым тату. Себеп, бұрынғы мен қазіргіге қауіп – Путин. Олар араздығын да, «қораздығын» да доғарып, жауға қасқайып бірге тұр. «Жау жоқ деме, жар астында». Біз емес, бізге дейінгілер айтып кетіпті. Бейбіт өмірдей көрінгенмен бізде де жау көп.

Бірі – ымырасыздық. Ымыраға келуден гөрі араздасқанды құп көреміз. Бастан сөз асырмай, басқаны қор етуге ұмтыламыз. Біреудің сағын сындырып, балағынан тартқанға құмармыз. Себебі бізде сөзге тоқтам, ымыраласу жоқ.

Екінші – жағымпаздық. Табан жалаудан әлемде рекорд енді орнамайды. Себебі біз орнаттық. Енді оны бұза алмайтын еттік. Сынсыз жүрміз. Сын айтылмайды емес, сынның құны жоқ. Бағаланбайды. Бүгін сынағанмен, ертең оны мақтап тұрамыз. Оған Айдос Сарым дәлел. Жағынғаннан жағымыз түседі десе де, қоймайтынымызды былай ысыру керек.

Үшінші – бастан сөз асырмау. Қазір бәрі дана, бәрі данышпан, бәрі хәкім. Сөз құдіреттің кейде бүгінгі аянышты халін көріп жүрек қақ айырылады. Қанша шешен болсаң да, өмір көрген мен жас сыйлаған, бедел мен абыройға құрметпен қараған ұлттың ұрпағымыз. Тілдемейік, тіреп жүрейік. Кімді? Бір-бірімізді.

Төртінші – ұлтты сүйейік. Бір-бірімізге сүйкіміміз болмаса да, ұлт үшін жауласқанның да, дауласқанның да қорғаны болайық. Себебі бір мәселедегі, бәлки тірліктегі уақытша қарсыласымыз – қазақ. Беттен алғанмен, бет тырнап, жаға жыртысқанмен қарсы тараптың қаны мен жаны – қазақ. «ӘР ҚАЗАҚ – МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ». Біздің ұран осы болсыншы.

Айта берсек, тарам көп, тарау көп. Ең бастысы, ұлтты сүйейік, ұлтқа жанашыр болайық. Бірінші орынға қалтаның қамын емес, ұлттың ар-намысын қоялық. Сонда ұтамыз, сонда мақсат-мүддеге бірге жетеміз. «Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден» деген еді қазақтың Әлиханы. Мінезімізді ұлтқа қызмет еткізейік…

Дастанбек  САДЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: