Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бір түйір қан»

16.01.2021, 18:00 620

HALYQLINE.KZ

Сауық құрып түзден оралғанымда налыған кейіппен: «Қасқырға қарындасыңды емес, сені тастауым керек еді» дегенін түсіне алмап едім. Ендігі әңгімені төсекке таңылған анам көзіне жас алып баяндады.

30 жылдар уағы қалың ашаршылық пен нәубет төнген қилы заманға сайып еді. Сықырлаған қар дыбысы әрбір жүргіншінің қадамынан хабар танытып, төбелеп жауған жапалақтар ескі ізді қаптай берді. Біз жалғызбыз. Жұртшылықты жалмаған дерттен бой тасалау үшін Кемербастаудағы Құрманбек жездеңнің үйіне жол тартып ек. Сен де ашсың. Емшектегі қарындасың да… Екеуіңді қапсыра құшақтап, бірінен соң бірін шырамытқан қалың қыр басынан өте бердім. Ыңырсыған қарындасыңның үні жүйкемді жұқартса да дем қылып, әлденіп алуға жағдай икем бермеді. Ол тұста жүрісімді жылдамдатып, тізеден көмілген қар бетін арши түстім. «Үмітсіз – шайтан» деді. Ал мен сайтан емеспін.

Төзгісіз суық пен екі перзент салмағы денемді қаусатқанымен жанымды бекем еткенін байқадым. Күннің өзі әл-қадарынша қарасып, амалсыздан кешін батырғандай ма, білмедім, шам түскен мезгілде діттегенімізге жетпеп ек. Ал мен алқынған күйі екеуіңді де жерге қойдым да, шалқалай деміктім бе екен, әйтеуір есімді жиғанымда қарындасыңның үнінен бөлек бейтаныс дыбыстың қылаң бергенін ұқтым. Дірілдеп көтерілген басым бір пәлені сезгендей қос перзентімді бауырыма қысып, айналама жүрексіне қарайладым. Бар екен, тәйірі. Әудемнен тарапын танытқан бір үйір қасқырға кезігеміз деп үш ұйықтасам да түсіме кірген емен. Дереу ес жидыртқан хайуандардың қансыз қайтпайтынын жақсы білсем де, жанымда жатқан ағаш кесегін неліктен лақтырып қорқытқанымды түсіне алмадым. Онсыз да достық пиғылмен келмеген олар, одан да өшіге түспей ме?

Өзгенің бұл жағдайда нендей шешім қабылдайтынын білмедім, ал менің мақсатым бір. Әкеңнің соңынан перзент ілесуі тиіс. Сол себепті, бірер сәттік шешімді үсігіс жөнмен қабылдау керек болатын. Сөйттім де қарындасыңа қарадым. Бейкүнәнің бір топ қасқырға таланғандағы үнін әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін. Оларға – бір түйір қан, ал маған – фәнилік сабақ… Тұла бойымды билеген ашу-ыза, нала мен мұң, бәрі-бәрі сені аман жеткізу үшін тәніме Тәңірден берілген қуат болса керек. Ал сен мұны да білмейсің…

Сағым МАТҚАЛИ,

(Тарихшы Мекемтас Мырзахметовтың өміріне құрылған әңгіме)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: