Эдвард Окунь, «Паганинидің өлімі»
Никколо Паганинидің орындаушылық шеберлігі соншалық, жұрт арасында оның өз талантын ашу үшін жанын шайтанға сатқаны жөнінде әңгіме тарайды. Ең қызығы, атақты скрипкашы бұл қауесеттерді жоққа шығармақ түгіл, керісінше, өзіне деген қызығушылықты арттыру үшін әдейі үдетіп отырған. Музыканттың өзі: «Менің ерекше бір құпиям бар, оны тек өлім аузында ғана ашамын» деп айтқан екен.
Алайда Паганини сол құпиясын ашып үлгермеді. Ал шайтанмен жасалған келісім жайлы аңыз халық санасына әбден сіңіп кеткені сонша, тіпті епископ музыкантқа арнап жаназа дұғасын оқудан бас тартқан.
Паганинидің мәйітін ұзақ уақыт бойы адамша жерлей алмай жүрді. Тіпті ұлы әкесінің денесін біршама уақыт терең жертөледе сақтауға мәжбүр болған. Жерленгеннен кейін де қабір бірнеше мәрте қазылып ашылған, себебі айналадағы адамдар ол жақтан әлдебір дыбыстар естілгенін айтқан. Тек 1896 жылы ғана ұлы скрипкашының сүйегі Италиядағы зиратта біржола тыныштық тапты.
Паганинидің шайтанмен келісімі туралы бұл хикая суретші Эдвард Окуньге ерекше әсер етіп, ол осы оқиғаға негізделген картина салуға бел буады. Суретші кенеп бетінде тылсым күштің музыканттың алдына келіп, өз үлесін талап ететін сәтін бейнелеген.
Джозеф Лейендекер, «Мен анамның Аяз атамен сүйіскенін көрдім»
Бұл картинаның авторы — танымал америкалық суретші Джозеф Лейендекер. Ол өз еңбектерін жиі түрде сол кезеңдегі беделді, кең таралған журналдарда жариялап отырған. «Мен анамның Аяз атаны сүйгенін көрдім» деп аталатын бұл рождестволық картина 1948 жылдың желтоқсан айында АҚШ-тағы белгілі журналдардың бірінің мұқабасына басылып шыққан.
Аталған туынды көпшілік арасында ерекше танымалдыққа ие болып, оның желісімен бірнеше фильм түсіріліп, бірнеше ән жазылды.

Василий Колотев, «Тоғызыншы толқын»
Кеңес дәуірінде көптеген суретші жаңа заманның бақытты тұрғындарын бейнелеген картиналар салып жатқан кезде, Василий Колотев өз шығармаларында билікке ұнай бермейтін, өмірдің ең жүдеу, ең ащы шындығын көрсетуді жөн көрді.
Колотевтің «Тоғызыншы толқын» атты туындысы да осы бағыттан тыс қалған жоқ. Бұл картинада суретші қарапайым кеңестік отбасын бейнелейді. Шын мәнінде, мұндай отбасылар аз болмаған, алайда көптеген әйел ішімдікке салынған күйеулерін жасырып, бәрі жақсы сияқты кейіп танытатын.

Кеңес заманында маскүнемдерге белгілі бір дәрежеде төзімділікпен қарады. Көшелер мен зауыттарда ішімдікке қарсы плакаттар ілініп, кино арқылы маскүнемдер мазақ етіліп, айықтыру орындары жұмыс істегенімен, іс жүзінде ішімдікке салынған адамдарды отбасы да, жұмыс орны да оңайлықпен сыртқа теппейтін. Егер билікке қарсы ой айтқандар түрмеге немесе психиатриялық ауруханаларға қамалса, маскүнемдер «адасып қалған», бірақ бәрібір өзіміздің қарапайым пролетарлар ретінде қабылданды.
Алайда отбасында маскүнемдер үй ішіне ауыртпалық әкелетін. Колотев картинасында әйелдің шыдамы таусылуға жақын қалғаны айқын көрінеді. Суретшінің бұл туындыны «Тоғызыншы толқын» деп атауы да бекер емес – күйеуінің кезекті ішімдікке салынуы бейшара әйелді ажал толқынындай басып қалғандай әсер береді. Асүй қабырғасында Айвазовскийдің дәл осылай аталатын картинасының ілініп тұруы да терең символдық мәнге ие.
Айта кету керек, Василий Иванович халық арасынан шыққан қарапайым адам болған және жазғанының бәрін өз көзімен көріп, өз басынан өткерген. Бұл суретшінің кейіпкерлері – оның көршілері, таныстары және жалпы кеңестік қоғамның қарапайым азаматтары.
Орысшадан аударған А.ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!