Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бетсіздердің бетіне түкірігімді де қимаймын

01.08.2024, 9:20 205

ӘР  НӘРСЕНІҢ  ӨЗ  БҰРАУЫ  БАР…

Музыкант сахнаға шығар кезде қолын­дағы музыкалық аспабының бұрауын келтіреді. Әйтпесе, өзі бір жақта, әуені бір жақта қалады. Аспаптың пернесін қатты бұрамайды. Үзіліп кетеді. Басшы да сол сияқты. Ол да – дирижер. Қарамағындағы қызметкерлер – әртүрлі аспап. Олардың да бұрауын дәл келтірсе, жұмысы жамырамай, айғай-шусыз  жақсы  жүреді.

ТАЛАНТСЫЗ  АДАМ  ТУМАЙДЫ

Әр адам дүниеге келгенде оның бойында бір ерекше қасиеттің, болмаса таланттың дәнегі бірге қалыптасады. Ол дән өсіп жетілу үшін оған жеміс ағашын өсіргендей бап қажет. Яғни, отбасында саналы тәрбие, қамқорлық немесе тағы басқалар. Кейбір адамда сол дәнек көктеп өседі. Жеміс береді. Елге әйгілі болып аты шығады. Кейбіреуінде шыққан ортасына байланыс­ты  көктемей  іште  қалып  кетеді.

***

«Өсекші мен өтірікшілер өмірлік ұстанымы бар, үлгі боларлық ұлағатты адамдардың  өскенін  қаламайды».

***

«Айдың арғы беті сияқты, адамның да  көрінбейтін  жақтары  болады».

***

«Менің сыртым – сатира, ішім – лирика».

***

«Сатирадан сұлулық, әзілден әдемі­лік  іздеме».

***

«Мен театрды жақсы көремін және жек көремін».

***

«Қоғам –  сатира жасайтын фабрика».

***

«Әншінің бағы тірі дауыстағы әлем­дік сайыстарда жанады. Бағаланады. Кәсіпқой актерлердің еңбегі киелі сахна­да  өлшенеді.

Ал, әуесқойлық деңгейде өтетін көпшілік іс-шаралар мен театрдың шығармашылық жұмысын салыстыру немесе  баға  беру – үлкен  қателік.

Мұндай қадамға театр әлемінен хаба­ры  жоқ  адамдар  барады».

***

«Мені қызмет аясынан қуса да, өнер әлемінен  ешкім  қуа  алмайды. Өйткені, өмірім  өнермен  байланыс­ты».

***

«Қалтаңда миллион теңге немесе одан да көп болса, басыңда сол қаражаттың мөлшеріндей ми болғаны дұрыс. Әйтпесе, сені  ақша  билеп кетеді».

***

«Өмірде өзіне де, өзгеге де риза емес адамдар болады. Олар біреудің жетістігі мен қуанышын ешқашан бөлісе алмайды. Өйткені, ол адамдар өз ортасында өзінің неге сыйсыз, абыройсыз, болмаса беделсіз екенін мүлдем білмейді. Сезбейді. Тіпті, бұл сұрақты өзіне тура қоя да алмайды. Мұндай адамдар қайта тумаса, ештеңе көмектесе алмайды».

***

«Аузыңнан жүйесі жоқ артық әңгі­мелер айтылған сайын, жүретін жолың мен  тынысың  тарыла  береді».

***

«Сатқындар мен екіжүзділер жайлаған ел ешқашан мәңгілік мемлекет бола  алмайды».

***

«Егер менің айналамда көреалмау­шылар көбейе бастаса, бұл – жақсы жетістіктерге  жеткенімнің  белгісі».

***

«Өнер  әлемінде талантты да, та­лант­сыз да жүреді. Ең сорақысы, өнер­ді талант­сыз адам басқарса, өнер тұншығып  өледі».

***

«Көп жыл бойы әуесқой көркем­өнерпаздар ұйымдарымен жұмыс істеген адам кәсіпқой өнер ұжымдарын басқарса  жүн  етеді».

***

«Өнерді  сүйген  өлмейді».

***

«Дүниеде өзге біреудің аузымен неме­се қолымен артыңнан шұқып, шоқ көсейтіндер көп. Түбінде солар сол  отқа  өздері  түседі».

***

«Өмір  сүру – қауіпті ойын. Алдың­нан  біреу  тұзақ  құрады.  Ор  қазады.  От  жағады.  Жолың  кейде  ашық,  кейде  жабық. Өмір өткелдерінен аман-­есен өту – әр   адам   үшін  ерлік. Өте  алмасаң – қорлық. Кейде тұщы дегенің ащы, ақ дегенің қара, су дегенің у болып шығады. Дос деп жүргенің жылан болып шағады. Бірақ, кімде-кім бұл қиындықтарды айналып өтпей, шешімін тауып жеңіп өтсе, ол адамның алдынан  бақыт  пен  абырой  күтіп  алады».

***

«Түсінбеймін, біреулер айдаһармын деп аузынан от шашады. Біреулер баймын деп басынады. Енді біреулер күштімін  деп  күшенеді.  Әйтеуір, қазір қарапайым  адамдар  азайып  бара­ды».

***

«Құмды електен өткізсе, ішінде грамға жетпейтін алтынның түйіршіктері болады. Еңбекқор адамдар соны күні-түні сумен шайқап алтын жинайды. Табысқа кенеледі. Шындық та алтын сияқты. Өмірден шындықты теру өте қиын. Тек, әділдікті іздеген адам ғана түбінде  шындыққа  жетеді».

***

«Сын көтермейтін адам болаттай морт сынады. Ал, сынық нәрсе іске аспай­ды. Еш  жерге  жарамсыз».

***

«Адам баласы өзінен де мықты күш­тілердің бар екенін үнемі есіне алып жүрсе, сабасына түседі. Сабасына түссе, сабырлы болады. Сабырлы кісі әрқашан  сыйлы».

***

«Егер көршінің баласы сенің отбасың туралы айтып жүрсе, онда сол үйдің иелері сенің отбасың туралы әнгіме қозғайды  екен».

***

«Қазір кім өз орнында отыр дейсің? жұмыстың алға баспауының бас­ты себебі де сол. егер, әркім өз орнын біліп қызметін атқарса, қоғам да, адам да қасірет шекпес еді. қызметте жол таба алмаған адам елсіз далада адасып жүрген­мен  бірдей  екен».

***

«Мал бағушыларды жалпы, малшы дейміз. Бірақ, қойшы түйеші бола алмайды».

***

«Көрермен – көрінгеннің ермегі емес».

***

«Дербес ел болғаннан кейін әр ұлттың өзіне тән тілі, дәстүрі, ұлттық киімі мен талғамы болады. Сол арқылы біз әлемде бір-бірімізді ажырата аламыз. Жер шарының адамдары бәрі бірдей болуы мүмкін емес. Қысқасы, дін мен салт-дәстүрді шатастырып алмағанымыз  жөн сияқты».

***

«Бұрын аяқтан шалып құлату бар еді. Енді  аяқтан  пышақтайтындар бар».

***

«Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Нағыз қазақ домбыра деп бекер айтыл­маса  керек».

***

«Бір адам адасса қиын емес, жол сілтейтін екінші адам табылады. Ал, халық  адасса – қауіп».

***

«Япырай, айналасына мүлдем көзі түспейтін адамдар бола­ды. Түк көрмей қалады. Бірақ, басшыларды алыс­тан танып, сүрініп-қағынып тұра  жүгі­реді».

***

«Танымал тұлғалардың есімі қазақ­тың жүрегінде тасқа қашалып жазылып қалды. Оны өшіру мүмкін емес. Ал, аттары бормен жазылған білгіштер  ертең-­ақ  сүртіліп  қалады».

***

«Концертке билет сатылады. Пойыз бен ұшаққа да табылады. Бірақ, балалық шаққа билет жоқ екен».

***

«Мемлекеттік қызмет ешкімнің меншігі немесе әкесінен қалған мұра емес».

***

«Адамның бетпердесі ортаға ақша түскенде қандай екені айқындала бастайды».

***

«Бетсіздердің бетіне түкірігімді де қимаймын».

***

«Басшы болуды бәрі армандайды. Өзін-өзі басқара алмайтындар да бұл қызметке үйір-ақ. Он екі мүшесіне ие бола алмаған адамннан ел мақтаған адал  басшы  шықпайды».

***

«Қызметке  жаңа  келген  басшылар  екі  түрлі  команда  жинай­ды.  Бірі жұмысты ілгері жүргізу үшін іскерлер, жауапты мамандар іздейді. Бұл – на­ғыз жұмыскер, адал адам. Екінші түрі тума-туыс, таныс-тамырлары мен жақындарын қасына тартады. Бұл – нағыз  туысқаншыл,  бауырмал  адам».

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАНҰЛЫ,

Ақтөбе  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: