Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бауырына тартып алып, бала бұлтты емізген»

01.06.2020, 15:30 790

HALYQLINE.KZ

Рухани әкем санайтын, ұстазым Зарқын Сыздықұлымен соңғы жылдары жиі кездесіп жүрмін. Әңгімелесемін. Білгім келген әңгімені түртпектеп сұраймын. Білетіні көп, оқығаны мол, тоқығаны одан да көп. Қазір үлкен профессор. Сол кісі айтты деген біраз сөздің басын құрап, жарыққа шығардым. Шықпағандары қанша.

Зарқын СыздықұлыТайшыбай . Фото – nkzu.kz

Қазақтың қазіргі атақты ақындарының қатарында аталатын Тыныштықбек Әбдікәкімовтің талантын ашқан осы Зақаң десем, таңғалмаңыз. Әйтеуір өзім солай санаймын. Дарын мен өнерді Құдай береді. Соларды топырақ астынан томпайып шығып келе жатқан кезінде аялап, қолдап жіберсе ғана өсіп, жетіліп, жеміс бере бастайды ғой. Яғни, «қолдады», «көмектесті» дегенді қалтаңа ақша салып, басыңа шаңырақ көтеріп, дастарқаныңа ас толтырып беру деп түсінбесек керек. Мысқалдай ғана демеу, бір ауыз жылы сөз адамның болашағының қалай болатыны мен бүкіл өмірінің мәніне ұласатынын білеміз бе? Мына естеліктерді сол қатардан көргім келеді.

Зақаң әкем сөйлеп отыр. Мен білдірмей ғана диктофонымды қосып қойдым. Сөзін бөлгем жоқ. Өмір бойы сабақ беріп, дәріс оқып келе жатқан алғыр жан ғой, сол бетінде қағазға түскен жайы осы. Осы нұсқада дайындап, өзіне жібердім. «Жариялаймын» дедім. Өзің біл, «Сары тентек» қалып қоймасын, деп Қарағандыдағы ақын Қуаныш Мақсұтовты тапсырды. Басқа өзгеріс енгізген жоқ, түзеткен жоқ. Ендеше мұны авторлық мәтін деуге де болар.

«1984 жылы болуы керек, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеймін. Бір күні, әдеттегі поштаны ақтарып отырғанда бір өлеңге көзім түсті. Тақырыбы – «Тауық». Таңырқаңқырап отырып, оқып шықтым. Өлеңдік белгілері толық. Қайта оқып көрсем, мүлдем бөлек поэзия. Авторы – Тыныштықбек Әбдікәкімов. Мұндай есім-сойды тұңғыш рет естіп отырмын. Бұрын білмейтін авторым. Хаттың конвертін тексеріп, қай жерден келгенін қарадым. Адресі жоқ. Бұл қалай, ұмытып кеткен ғой деп ойладым. Өлең есімнен кетпей қойды. Мазмұны қарапайым ғана: бүркіт деген құс балапанын ұшыруға баулығанда, ұяның шетіне шығарып апарып, итеріп жібереді екен деседі. Балапан жан-дәрмен талпынып, жерге құламай көтеріліп кетсе, аман қалады. Сол күйі қанат бітіп ұшып кетеді. Ал ұша алмай жерге құласа, жазым болады. Екінің бірі. Басқа таңдау жоқ. Осы сюжетке өлең құраған ақын, бүркіттің орнына тауықты алып, жартастың басынан тауық балапанын құлатпақ болған бір әуесқой баланың әрекетін көрсетеді. Бұл өлең кәдімгі басня – мысал ғой. Әрине, ол балапан тауықтікі, жаратылысы солай болғандықтан, ұша алмайды.

Аңызға негізделген шағын өлеңде таң қаларлық ештеңе жоқ сияқты. Бірақ шығарманың кіріспесінде ақын жартастың биіктігін өзінше суреттегені селт еткізді. «Бауырына тартып алып, бала бұлтты емізген…». Яғни, жартастың ұшар басы көрінбейді, бұлт құшағында. Өте биік. Демек, ондай биіктен құлаған балапан аман қала алмайды. Өлеңнің басқа да қасиеттері болуы мүмкін, бірақ есімде мәңгі қалған осы теңеу мені тәнті етті. Мұндай өлеңді басу керек. Алайда авторының кім екені белгісіз. Өлеңді бөлек қойдым. Көп ұзамай, дәл сондай тағы бір конверт келді. Қолтаңбасы да сол. Ішінде өлеңдер бар, маған арнап жазылған хат бар. Оқыдым. Әлі есімде: «Аға, сіз мені танымайсыз. Мұқышев Құмарбек деген құрдасыңыз әрі туысыңыз сізді сырттай таныстырды. «Өлеңдеріңді жібер, сөз танитын кісі, газетке басады», – деді. Мен жайсыз жерде жатырмын. Өзіңіз түсінерсіз. Ептеп өлең жазатыным бар, өзім үшін. Сіз газетке шығарады деп ойламаймын. Оқып көріңіз. Баспасаңыз өкпелемеймін».

Хош. Жаңа өлеңдерін қарайын. Тамаша. Әсіресе, «Ақ пен қызыл» деген толғау сипатты, бір көлемді шығарманың үзіндісіндей, оншақты шумақ, одан да көп пе… есімде жоқ, 40 жылдай өтіп кетті ғой, тәуір дүние екен. Тыныштықбектің бір-екі өлеңін газетке дайындап, екі-үш өлеңін қолыма алып, жұмыс аяғында редакторға бардым. Оңаша сөйлеспекпін. Тілеухан Жүсіпов деген тілеуқор, түсінік-түйсігі мол жан еді, байыптап отырып, жеткіздім. Партиялық газетке материал басудың жазылмаған тәртібі бар. Көлденең көк аттыны шығара бермейді. «Кім екенін білмеймін. Автор жайсыз жерде отыр. Неге отырғанын да білмеймін. Жас адам ғой, жаңылыс басты ма, әлде. Әйтеуір мықты ақын болғалы тұр. Сөз саптасы кесек. Көріп жүргеніміздің талайынан озық» деп тамсанып, оқып бердім. Тіпті бір шумақты екі қайтара оқыдым. Қатты беріліп кеткенімді байқаған редактор да таңдана қарағандай. Өлеңге емес, менің тебіреністі күйіме.

Не айтар екен деп күткен жоқпын, өзім сөйледім. «Шағындап газетке басайық. Кім екенін біле берейін, өзі де хабарласып қалар» дегендей. Газет редакциясы ақынсыз бола ма, Матай бар, Шайхан бар – олар да жарыса мақтасты…

Осылайша, Т.Әбдікәкімов атымен «Орталық Қазақстанның» бетінен жарқ ете қалған өлеңдер, әдеттегідей, әуелі редакция журналистерін таң қалдырды. Осыдан кейін, кешіккен жоқ, бір-екі айдан кейін кабинетке қаршығадай бір бала жігіт ұяла басып кірді. «Мен Тыныштықбек Әбдікәкімов деген авторыңыз боламын. Рақмет. Мені Семейдің облыстық газеті түгілі Қарауылдың газеті де баспайды», – деді. Іші-бауырым елжіреп кетті десем, артық айтқандық емес. Сентименталь жан едім ғой. Содан бастап, көп сырластық, әңгімелестік. Мәшинеме отырғызып, үйге алып кеттім. Ертіп жүрдім. Өзімше ақыл айтып, тәрбиелеген шығармын. Жас адамға деген ілтипатым. Жанымнан ұзатқан жоқпын. «Осы Қарағандыдан кетпе, келер жылы университетке түсіремін», – дедім. Биылша киномеханик оқытатын орында оқи тұруына келістік. Семей жағына барып келді. Оқыды. Өлеңдері «Орталық Қазақстанға» шығып жатыр. Тағы бір шәкіртім, өлең жазып талпынып жүрген Қуаныш Мақсұтов деген баламен таныстырып, «екеуің дос болыңдар» деп жақындастырдым.

Келер жылы Тыныштықбегім жаз ортасында Қарағандыға келді. Қарағанды университетіне құжат тапсырды. Алғашқы емтиханда жазбаша шығарма жазды. Әлі есімде, «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбындағы өлең-жырлар» деген тақырып болса керек. «Тақырыбы осылай, мен дастан жазып өткіздім», – деп қарап тұр. Ол кезде білім саласындағы саясат бөлек, қатып қалған тәртіп, сенің талантың мен талайыңды не қылады. «Екі» алды да, қайтып кетті.

Содан бері шыны керек, Тыныштықбекті көрген жоқпын. Хабарласпады. Поэзия өлкесіне ол тыныш қана келіп, Бек болып шыға келді. Амандық-саулығына тілектеспін.

 …1985 жыл болса керек, «Қазақ әдебиеті» газеті ашқан ақын деп, атақ даңқы республикаға жайылды. Ал мен не істедім? Кабинеттің бір бұрышында авторларға арналған бос үстел тұратын, соның үстіне Тыныштықбектің өлеңдерін жайып қойдым. Келгендер оқыды. Әлі есімде, бір күні әдебиетші-профессор Задан Тасқалиұлы Жұмағалиев келгенде, сол өлеңдерге көзі түсіп, таң қалсын. Авторы қайда екенін сұрайды. «Былтыр өздерің «екі» қойып жіберген абитуриентіңіз осы», – деп сырттай таныстырдым. Зәкең бар ғой, өтірік айтты демес. Газетке мақаласын бастыратын Бақыт Кәрібаева деген әдебиет сыншысы-доцент те оқып, таң қалды. Оған да соны айттым. «Сендер құлатып жібергенсіңдер», – деп. Өкінген болды. Екінші тірі куәм, елге белгілі айтыс ақыны «қазақтың сары тентегі» атанған Қуаныш Мақсұтов деген ұлым Қарағандыда жүріп жатыр. Қалған әңгімені сол айтады.

Кейін бір кезі келіп, қазақтың құдалығында ананы-мынаны сөз қылып отырғанда, Тыныштықбек туралы Әбіш Кекілбаевқа айттым. Осындай ақын көргенмін деп. Көп әңгіменің арасында ғой, одан әрі дәл не туралы сөз болғаны ұмытылды. Әйтеуір: «Бауырына тартып алып, бала бұлтты емізген… Жартас» деген теңеудегі Оқжетпес көз алдымда, есімде. Нар Кемпірбай нағашымның «Кеудемнен көгала үйрек хош деп ұшты…» дегені сияқты ма, қалай.

Тыныштықбек солай жазса, мен де бүгін: «Бауырыма тартып алып, Бала бұлтты еміздім. Сол бала бұлт қазақ поэзиясының аспанында өз орнын тауып, нөсерлете жыр төккен үлкен ақын болып ер жеткеніне қуанамыз. Тәубә, деймін. Зарқын Тайшыбай. 24.03. 2017», – деп жазып қойғаным, бертінде..

Сол Әбекең – Әбіш Кекілбаев та марқұм болды. Тыныштықбек туралы айтқан мына сөзін жазып қойыппын: Әбіш Кекілбаев: «Тынышбек Әбдікәкімов те біртүрлі ақын. Тек талантты ғана емес… Жә, ар жағын айтпай-ақ қоя тұралық. Әлі жас қой… Әлі жазар… Әлі жарқырар… Айтарымызды айтып үлгерерміз әлі… 

Біртүрлі ақынның біртүрлі кітабы жайындағы пікірімізді осылай біртүрлі аяқтағанды жөн көрдік… Айтпақшы, бар болғаны бес жүз данамен басылып, көп оқырманның көзінен көлеңке қалған кітаптың едәуір бөлігіне «Таң – Шолпан» жуық санында өз бетінен орын бермек.

Оқырманы, ең болмағанда, жиырма есе көбейеді ғой. Жақсылықтары алдарынан шықсын, Алладан қайтсын! 4 қыркүйек, 2001 жыл».

Зақаңның «Қарағандыдағы Сары тентегім қалып қоймасын» дегенін ұмытқам жоқ. …22 жыл бұрынғы бір оқиға есіме түсті. Студенттік шағымыз. Айтыстың ақтаңгері Қуаныш Мақсұтов Қарағандыда «Арша» атты қазақ жастарының интеллектуалды орталығын ашты. Құрылғанына екі-үш ай болмай, мен де мүшелікке өттім. 14 мамыр. 1998 жыл. «Аршаның» кезекті жиыны. Баптап сөйлейтін Қуаныш аға «Орталық Қазақстанға» «Тәкаппар мұңның кербез тамшылары» деген тақырыппен шыққан өлеңдерін көрсетті. Газеттің бір-бір санын бізге сыйлады.

Сол күнгі басқосуымызға (Басқосу «Замандас» облыстық жастар газетінің жаңа редакциясында өтіп жатқан) экономика ғылымдарының докторы, профессор Талғатбек Әбдіразақов келді. Қуаныш аға Тәкеңді күтіпті, іле-шала филфактың 60 жылдығындағы айтыста жүлдегер атанған айтыскерлер – Айтбай Жұмағұлов (10000 теңге) пен Қайрат Асқаровқа (кілем) өзі уәде еткен сыйлықтарын тапсырды. Сол сәтте қазақтың Сары тентегінің мәрттігіне, өнерге деген жанашырлығына тәнті болдым. Жастардың сүйікті әншісіне айналған Сейіл Аяған ағам жиын соңынан әнін әуелетті. Сөйткен, Қуаныш ағамды қазір күллі ел таниды, ұлтшылдығы мен мемлекетшілдігіне деген жұрттың ілтипаты ерек. Ал тілі өткір, азулы да айбарлы «Замандасының» қандай болғанын қарағандылық жастар жақсы біледі.

36 жыл бұрын, шын жүйрікті шабысынан таныған Зақаң қателеспепті.

«О-ооу, балалық шағымның

Дала аңқыған мәңгі мемлекеті,

Бесенесі – сенсің шекемнің.

Байрағың – бұзаутісті бұжыр

қамшысы Әкемнің!

Одан асар айбын бола алмайды еш ұғым!

Әнұраның – Шешемнің Күн нұры

ойнаған әсем әлдиі,

Елтаңбаң – періште аңқыған бесігім!

Мен қазір сорлы елде жүрмін,

Ата Тілі де тұншықтырылып,

Ата Мекені де сатыла бастаған.

Қалатыны, сірә, –

қайғы мүңкіген боқ мыйым.

Қайдан пайда болды бұл әулекіленген

лас қоғам?

Ашынып айтқан ақиқат-сөзімнің

құны – көк тиын», –

деп теңіздің асау толқындарындай буырқанған жыр жазған Тыныштықбек аға поэзияның олимпіне көтерілді. Өткен жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды! Зақаң талантын бір кезде жазбай таныған жас жігіт қазір 60-тан асып, ата болды. Елін сүйіп, бақытты ерге айналды! Тыныш ағаның өмірдегі, поэзиядағы тағдыры да – Тәңір ісі! Олай болса, қазақтың бүгінгі хас зиялысы Зақаң әкемді де, мен тілге тиек еткен алдаспан ақындарды да Тәңір жарылқасын демекпін!

Төлен ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

qazaqadebieti.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: