«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 2014 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен құрылды. Негізгі басымдылығы – ауылдық елді мекен кәсіпкерлерінің жобаларын жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні 13 млрд теңгеге 2600-ден аса кәсіпкерлік жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 2800-ге жуық жұмыс орны құрылды. Орталық директоры Мұрат Ибрагимұлымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
Мұрат ИБРАГИМҰЛЫ,
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының директоры:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керектігін айтты, осы ретте орталық қандай жұмыстар атқаруда?
– Бүгінгі күнге дейін бірнеше бағдарлама шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң нәтиже көрсетті. Атап айтар болсақ, «Еңбек» бағдарламасы 2017-2021 жылдар аралығында өңір кәсіпкерлерінің дамуына қолдау көрсету мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына сәтті жұмыс істеді. Бағдарлама шеңберінде 2 млрд 750 млн теңгеге 936 жоба қаржыландырылды.
«Еңбек» бағдарламасы кәсіпкерлерді қолдау, кәсіптерін кеңейту және жаңа бизнесті бастау мақсатында төмен жылдық сыйақы мен ыңғайлы төлем жағдайларымен қаржылық көмек көрсетті. Бұл – Қызылорда облысының шағын және орта бизнес өркендеуіндегі маңызды жетістіктердің бірі. Осы жоба нәтижесінде 1100-ден астам жұмыс орны ашылды.
«Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы өндірістік, қайта өңдеу, қызмет көрсету, креативті экономика бағытындағы бизнестерге қолдау көрсетеді. Бұл бағдарламаның сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызға, несиелеу мерзімі 5 жылға дейін, 20000 АЕК дейін қаржыландырады.
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен бағдарлама өңіріміздің шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиемен ұсынуда. Ең алдымен аймақ экономикасының дамуы мен жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етуде. Бағдарлама жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарға несие берумен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде 1200-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 2018-2021 жылдар аралығында 1 млрд 450 млн теңгеге 158 жоба қаржыландырды. Бағдарлама шағын және орта кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетті. Нәтижесінде 150-ден астам жұмыс орны құрылды. Жоба даму әлеуеті бар шағын және орта бизнестің барлық субьектілеріне қаржыландырудың тұрғындарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталды.
– Орталықтың қолдауымен қаржыландырылған кәсіптердің салалық көрсеткіші қандай?
– Орталықтың басым бағыты ауылдағы кәсіпкерді қолдау болғандықтан, салалар бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласы көш бастап келеді. Өңір бойынша 1600-ден аса мал, егін, құс, балық және ара шаруашылықтарына қаржылай көмек берілді.
Сондай-ақ, қызмет көрсету саласында 570-ке жуық вулканизация, көлік жуу орны, шаштараз, қонақүй, наубайхана, балабақша, жеке клиника және т.б. кәсіпорындар ашылып, қолданысқа берілді.
Өнеркәсіп, өндіріс саласы да қалыс қалып жатқан жоқ. 260-тан аса тігін, шұжық, сабын, құрылысқа арналған құрал-жабдықтарды өндіретін және т.б. үлкенді-кішілі цехтар іске қосылды. Сауда саласында 180-ге жуық жоба қаражатты айналымға салып, кәсіптерін дөңгелетуге қолдау көрсетілді.
– 2023 жылдың аяқталуына да аз қалды. Биылғы нәтиже көңіл көншіте ме?
– Облыс әкімінің қолдауымен 2023 жылы кәсіпкерлерді қаржыландыруға 3 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 1,5 млрд теңге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан тартылған қаражат есебінен «Іскер» және 1,5 млрд теңге «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламалары аясында бөлінді.
Бірінші жартыжылдықта «Іскер» бағдарламасы аясында ауылдық жерде 300 жаңа жоба іске асырылды. Байқағанымыздай ауыл-аймақтарда кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несиеге сұраныс жоғары. «Іскер» бағдарламасы арқылы 250-ге жуық жұмыс орны құрылды.
Қызылорда облысындағы шағын және орта кәсіпкерлердің саны ұлғайып, жұмыспен қамтылғандардың саны артты. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы 70-ке жуық жоба қаржыландырылып, 50 жұмыс орны құрылды. Жыл аяғына дейін қаржыландыру жалғасады.
– Бүгінде өңірге танымал, ерекше жобалар туралы айтып өтсеңіз?
– Әрине, бүгінгі таңда тек облыс көлемінде емес, республикалық деңгейде жұмыс істеп жатқан бірқатар кәсіпорын бар. Орталықтың жұмыс барысы мен қаржыландырылған жобаларды рет-ретімен әлеуметтік желідегі парақшаларымызда көрсетіп келеміз. Солардың бір-екеуіне тоқталып өтейін.
2023 жылы орталықтан қолдау көрсетілген кәсіпкерлердің бірі Исатай Нұржановты атап өтуге болады. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы құрылыс торларын өндіруге 50 млн теңге жеңілдетілген несие алып, үлкен ауқымда жұмыс істейтін жаңа құрал-жабдықтарын сатып алды. Нәтижесінде жаңа орынға көшіп, өнім көлемін арттырды. Бұдан бөлек өңірімізде алғаш іске қосылғалы отырған сендвич-панельдерге де тапсырыстар қабылдайды. Жоба 20 адамға дейін жұмыспен қамтамасыз етеді.
Тағы бір үлкен жобалардың бірі – «Ақсәуле-Мед» емханалар желісі. 20 жылдан астам тәжірибесі бар ЛОР дәрігері Алмат Байнаев 2015 жылы алғашқы емхананы ашу мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 5 млн теңге жеңілдетілген несие алып, ЛОР мүшелерінің ауруларын емдеуге арнайы құрал-жабдықтарды сатып алды.
Алғашында Тасбөгет кентінен ашылған емханада 2 медбикемен бірге жұмыс істеп бастаған. Науқастардың көбеюіне байланысты және ота жасау бөлімдерін іске қосу үшін 2020 жылы «Саяхат» мөлтек ауданында орналасқан емханаға 15 млн теңге қолдау көрсетілді. 2023 жылы Мерей мөлтек ауданынан тағы бір жаңа емхананы заманауи корей техникаларымен қамтамасыз ету мақсатында 25 млн теңгемен қаржыландырылды. Бүгінгі күні «Ақсәуле-Мед» емханалар желісінде 60 қызметкер жұмыс істейді. 1 жылда 120 мыңға дейін науқасқа көмек көрсетілуде. Алдағы уақытта басқа да салаларды дамыту жоспарда бар.
– Жеңілдетілген несиені алу үшін қойылатын талаптарыңыз қандай? Басқа қаржы институттарынан ерекшеліктеріңізді атап өтсеңіз?
– Біздің тараптан қойылатын талаптар тұтынушылар үшін барынша жеңілдетілген. Мысалы, Қазақстан Республикасы аймағының кез келген жерінде орналасқан ескі, каркас, кесек үйлерді кепілге аламыз.
Кәсібін жаңадан бастаған, яғни Start-up жобаларды қаржыландыра береміз. Несиені рәсімдеу барысында қосымша төлемдер, комиссиялар алынбайды. Несиені өтеу кестесі әр кәсіпкер үшін жеке қарастырылады. Яғни, кәсіпкердің бизнес түріне орай икемді етіп, айына, тоқсан сайын немесе жылына бір төлеуге мүмкіндіктер беріледі.
– Жеңілдетілген несие алушының алғашқы қадамы қандай болуы тиіс? Ауыл тұрғыны кәсіп ашу үшін орталықпен қалай байланыса алады?
– Кез келген ауыл-аймақ тұрғыны тікелей Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі, 123 мекенжайы («Бизнеске арналған үкімет» ғимараты, 3-қабат) бойынша келіп, кеңес алып, құжаттарын тапсыра алады немесе әр ауданда аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандары немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы жүгінуге болады.
Сұхбаттасқан Ердәулет ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!