Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басты идея – рухты көтеру

13.03.2025, 10:00 61

HALYQLINE.KZ

«Қазақ кім?» деген сұраққа мен «Абай және қазақ елінің болашағы» (2017ж) деген кітабымда былай жазған едім. Қазақ 3-4 мың жылдық тарихы бар, түркі тегінен тарайтын, РУХЫ күшті, жері бай, дана халық деп. Сол қазақ қайда қазір?

Түркілік тегі мықты қазақ халқы егемендік алғалы 34 жыл өтсе де, РУХЫМЫЗДЫ ЖАҢҒЫРТА алмай келеміз. Мұны мойындау керек. Сондықтан «мына алпауыт заманда жұтылып кетпейміз бе?» деген сұрақ жоқ емес.

Тарихқа қысқаша жүгінсек, біздің күшті рухымызды басқыншылар талай рет сындыруға, тіпті жоқ қылып жіберуге тырысты. Ар жағын айтпағанда Абылайхан заманынан бастап Жоңғар шабуылы, Ресей патшалығындағы бодандық, Алаш күресі, Кеңестер одағындағы ашаршылық, сталиндік репрессия, Ұлы Отан соғысы қаншама халқымызды қырып, оның қаймақтарын әкетті. Бір ашаршылықтың өзі 3 миллион қазақты алып кетті (екі миллионы өлді, қалғаны шетел асты, жолда қырылды). Осының бәрі рухты сындыру, жоқ қылу еді, бірақ қолдарынан келмеді. Тәуелсіз ел, әлем мойындаған жеке мемлекет болдық, нығайып келеміз.

Қазір әлемнің астан-кестен болып жатқаны мынау. Ертең не болатыны белгісіз. Украинаны көріп отырмыз. Айтқан жерден аулақ, ертең басымызға нәубет түссе, қалай төтеп береміз? Онсыз да мына дағдарыстың өзі жегідей жеп барады. Не істеу керек? Бұл орайда мен халықтың әл-ақуатын көтерумен қатар, қазір бізге ең өзектісі халықтың РУХЫН көтеру керек деп айтар едім.

Бұрынғы басшы «алдымен экономика» деді. Ал қазір алға бірінші идеологияны шығару керек болып отыр. Мысалы, Қытай өзінің идеологиясының арқасында жақын арада АҚШ-ты басып озып, әлемде 1-орынға шықпақшы. Қытайдың ФЕНОМЕНІ – ИДЕОЛОГИЯСЫНДА. Сондықтан мен бірінші мәселе етіп халқымыздың РУХЫН көтеруге шақырамын. «Оны қалай жасаймыз?» деген сұраққа жауаптың басын Атыраудағы Құрылтайда Абай ілімі арқылы балабақшадан бастап біртұтас тәрбие беру, оны ұлттық тәрбиеге ұластыру арқылы жетуге болады деген едім. Енді соның жоба ретінде тетігін айтайын. Өткенде Е.Қариннің басшылығымен өткен Оқу-ағарту министрлігінің жиынында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» мектептерде басталды деп айтылды. Енді осыны ары қарай колледж, жоғарғы оқу орындарында ұлттық тәрбие ретінде жалғастыру керек. Оның негізі ретінде Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін алу қажет. Оған қоса ЖОО-ның барлығында оқылатын пәннің атын «Ұлттық руханият және жаңа өркениет» деп атауға болады. Оқытушылар философ, тарихшы, экономист, педагог, филолог, психолог, нумеролог, астролог, жасанды интеллект, т.б. мамандар болуы керек. Жастарды Абай ілімі арқылы ХХІ ғасырдың жаңа өркениетіне дайындау керек. Сонда тегімізді де ұмытпаймыз, жаңа өркениетті де меңгереміз.

Қытай өз идеологиясының басы етіп Конфуцийді алды. Қазақтың рухын көтеретін ғаламат идея етіп біз Ұлы Абай идеясын, оның «Толық адам» ілімін алайық. Себебі тереңіне бойламаса да халық Абайды біледі, ғұламалардың ішінде халыққа жақыны да Ұлы Абай, бірсыпыра болса да Абайды мектепте оқыды.

Менің Құрылтайда айтқан сөзімді жалғастыра келе, беретін ұсынысым мынау. Қазақстанды ізгілендірудегі «Абай халықаралық резиденциясы» дәл осы Бурабайдан ашылуын сұраймын. Резиденцияда Абайтану музейі, Абай театры, Абай электрондық кітапханасы, Абайдың «Толық адам ілімін» меңгертуге арналған дәріс залдары, балалардан бастап әр деңгейдегі адамдар үшін оқу ғимараты, қонақүй, конференция және концерт залдары, стадион, ұлттық ойындар кешендері болу керек. Отандық және шетелдік ғалымдарға Абайтану ғылымын зерттеу мен насихаттауға гранттар бөлініп, мемлекеттік тапсырыстар берілсе дұрыс болар еді.

Еліміздің түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары, студенттер резиденцияда Абайдың «Толық адам» ілімінен жыл он екі ай бойы кезегімен дәріс алса, Абай оқулары барлық деңгейдегі қызметкерлерді қамтыса, көп деңгейлі Абай оқулары үзбей өтіп отырса болар еді. Ал екінші жағынан халықтың, жастардың қолы жете бермейтін Бурабай да керемет демалыс орны бола түсер еді. Сонда А.Байтұрсынұлының «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек» деген арманын орындар едік. Ұлы Абай халықаралық резиденциясының 2025-2029 жылдарға арналған бағдарламасын, іс-шара ережелерін дайындау керек.

Уақыт өте Ұлы Абайдың халықаралық «Рухани кластеріне» әлі шетел қызығатын болады, делегациялар келер, халықаралық конференциялар, форумдар өтер. Келешекте бұл Абай орталығын алыс-жақын шетелдік азаматтар да Ұлы Жібек жолындағы шығыстың рухани білім орталығы ретінде есептеп, қатысатын болар. Егер саяси шешімін тапса, бұл жобаға ғимараттар, саяжайлар табылар еді. Әр облыс асар ретінде Абай резиденциясына көмек берер еді. Облыстардан өздерінің балалары оқиды әрі халық демалатын болады. Осылай ертеден келе жатқан рухани, мәдени-тарихи құндылықтарымызды жаңғырту арқылы рухымызды көтерер едік.

Оразалы  СӘБДЕН,

академик

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: