Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақта бір қыз жылап отыр…

08.04.2026, 11:05 52

HALYQLINE.KZ

Желтоқсан айында кейде Алматыны тұман басады. Самолет ұшпайды. Осындай бір кезде Алматыдан Астанаға бару керек болды. Екі кісілік СВ вагон. Сарт-сұрт, сарт-сұрт… Үйреншікті поездың жүрісі, мазуттың иісі… Қасымдағы жолсерік – әскерден келе жатқан орыс тілді лейтенант… Кіре салып құладым. 2-3 сағаттан соң ояндым… Ұйқым қанып қалған сияқты.

Сыртқа шығып, жуынып-шайынып, купеме кіре бергенде көрші есіктен таныс бейне көрінді… Камераның тұманданған линзасы тұнған бұлақ секілді тоқтағанда таныдым. Шөкең… дұрысы, Шөмішбай көкем…

— Көке…! Сіз қайдан? — деймін сасып, салбырап…

Шөкең де мені құшақтап, бауырына басты. Неге екені белгісіз, Шөкең менің туысым секілді… Ашық-жарқын, ақкөңіл, аузын ашса көмейі көрінетін ағамыздың бірі де бірегейі…

Менің туған нағашым бар еді. Есімқұл деген… Қашан көрсе, бауырына басып, шөлпілдетіп сүйетін… Мен сүйгенін жақтырмай, қашқақтайтынмын… Мына Шөкең дәл солай…

Соғыстан соңғы туғандар… Дұрысы, біздің аға буын… Балалығы тойынып тамақ ішпеген, малынып киім кимеген… Жоқшылық пен өшіретті, жетім мен жесірді көрген, жасыған әке мен бақырған бастықты көрген буын. Және көрген-білгенін, оқыған-тоқығанын өмір өлеңге айналдырған ағалар…

Олар – Оралхан Бөкей, Жарасқан Әбдіреш, Жұматай Жақыпбай, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқай, Марат Қабанбаев, Иран-Ғайып, Кеңшілік Мырзабеков, Смағұл Елубаев, Сайлаубай Жұбатыров, Ибрагим Иса, Дәуітәлі Стамбеков, т.т.

Қай-қайсысы да қазақ әдебиетіне ат ойнатып кіргендер. Және барлығы ауылдан шыққан. Өйткені оларда биік мақсат болатын. Алматыға ару емес, арман іздеп келгендер…

Назым Хикметтің:

«Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап… ол жанбаса лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?» дегенін өмірінің өзегіне айналдырған буын келген ол кезде…

Қазақ тұрмысына сәнді әкелген осы жас. Стилягалар, клещ, нейлон көйлек, балон плащ – осылардан қалған. Бүгінде ол атаулар архаизм.

Қасымдағы серігім вагон-ресторанға кеткен секілді…

Шөкең екеуміз менің купеме кірдік. Мен барып екі стакан шай әкелдім. Әңгіме-дүкен… Және Шөкеңнің бір әңгімесі бітпей жатып екіншісі басталып жатады.

— Көке, айтпақшы, Жапонияға барғанда зоопарктегі біздің барысқа арнаған өлеңіңіз бар емес пе?

Ия… ол Алатаудың барысы… Екі елдің ортасындағы елші барыс.. Баяғыда Жапонияның Премьер-Министрі келгендегі біздің елден кеткен сыйлық осы дүр…

Шөкең қанаттанып арқасы ұстап өлеңін ұзақ оқыды.. Токиодағы барыстың атын Шыңғыс деп қойған екен…

Аң жайлы – жыр жазғаным тұңғыш қадам,

Кеудемді тебірентті бір күш ғалам,

Жанарынан сағыныш мұңды көрдім,

Адамдай елестеді Шыңғыс маған.

Жұмбақ бір дүниенің тылсым алды,

Кәдімгі қаһарлы емес сыңсып алды.

Білмеймін сағынды ма Алатауды,

Дауысымен жалынышты үн шығарды…

Тор ішіндегі Алатаудың Барысы мен ақынның жүрегіндегі жарысы… бірге соғып тұрғандай… Екеуі де елін, жерін сағынған…

Әңгімеміз өлең жайлы, проза, кино туралы… Москваны айтамыз… Минск мен Тбилиси, Стамбул мен Токио, Тегераны тағы бар…

…Таңертең тақылдаған есікті ашсам, Шөмішбай көкем тұр.

— Әй, Талғатжан, мен саған өлең арнадым, тыңда…

Шөкең көсіліп оқыды. Мен тыңдадым. Риза болдым. Бұл ақкөңіл ағаның ақжарма көңілі, құрметі, сыйластығы, махаббаты болатын…

— Рахмет, көке…!

Өкінішке орай, Шөмішбай Сариев – Аралдың арда ақыны – ертелеу кетті… Нағыз бабында кетті… Қоштасып, топырақ салуға да мүмкіндік болмады…

Бүгінде тірі болса, сексенін тойлап, өлең оқып отырар едік…

Әттең, тонның келтесі-ай…

Енді осы өлеңді бөлісетін кез келді… Шөкең бір аунап түсетін шығар…

Сен ТАЛҒАТ!

Қазақтың ТАЛҒАТЫСЫҢ!

Сахнаның сарбазы, солдатысың.

Театрда қолтаңбаңа тәнті болдым,

Бір мен үшін, Астана, Алматысың!

Өнердің әр жолында құт тұнады,

Сахна кім екенін ұқтырады.

Ұлы театр, киноның режиссері,

Қараторы Қазақтан шықты бәрі!

Тербетеді бойыңда әлі де арман,

Талант дедім мен сені танығаннан.

Ұлы Өнердің жолында жолаушысың,

Сені қолдап келеді ТӘҢІР-АЛЛАМ!

Жанады көк аспаннан сонау шырақ,

Өмірдің жанарында толы-ау сұрақ,

ТАЛҒАТ атты режиссер ТЕМЕНОВПЕН,

Сапарлас болдық бірге жолаушылап…

Ақша бұлт көгіміздің бұлты еленіп,

Келеді желтоқсанда күлтеленіп…

Жетпіс төрт елді көрген жолаушы екен,

Қазақтан шыққан талант – бұл ТЕМЕНОВ!

Туған жер!

Қасиеттеп әр тасын да…

Теңіздің толқыны ұрып жартасын да,

Дүние жаһанында біз келеміз,

Тәуелсіз еліміздің арқасында!

Есіме баяғыда Шөмішбай көкем жазған бір өлең түседі…

Сыңсып қайың тіл қатпаған…

Шақта кешкі, күн батпаған,

Бақта бір қыз жылап отыр,

Неге екені жұмбақ маған…

Кешкі шақта ақ көйлекті ару қыз парктегі орындықтың үстінде отыр… Жеңі шолақ гүлді көйлек …қыз бойына жарасқан… Арқасына төгілген қос бұрымнан көктем иісі есе ме? Әлде қайдан шырылдаған торғайлар мен көкек үні бақ ішін Шуберттің серенадасы секілді… күйге бөлейді… Қып-қызыл күн ұясына кірмей мына дүниедегі көз жасын көл қылып жылаған қызды жалғыз қалдыруға қимағандай… Ару үнсіз жылайды …анда санда өкситінін қайтесің? Ұп-ұзын найза кірпіктер аппақ жүзді көлегейлеп тұрғандай… Осыншама көктемеде мұңлы күйге түскен ару неге жылайды??? Неге ғана жалғыз-ды…

Мен бұл өлеңді баяғыдан білем… Жиын-тойда қыз-қырқынның алдында талай-талай оқығаным тағы рас… Алайда қыздың сырын білмейтінмін… Тірлігінде көкемнен осы жайлы сұрамаған екем… Сұрасам… Енді шештім бұл сұрақтың жауабын… Бақтағы ару – ақынды Шөмішбайды жоғалтқан екен… Бұл сұлу ақынның музасы… махаббаттың арқауы… домбыраның шегіндей Шөкеңнің шері екен… Қайран, Шөке… Кім екенін сұрамаппын ешқашан… Әлде мүмкін ұмыттым ба..? Ия … мен бүгін алпыс жыл атын айтпаған аруды таптым… таныдым… Ол бақтағы қыз екен…

Бақта бір қыз жылап отыр… Неге екені жұмбақ маған… Енді маған жұмбақ емес…

Талғат  ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның Халық артисі,

кинорежиссер.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: