Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балкон

19.04.2020, 18:13 982

Жаппар Ие тұрса да бұл сынаққа ап,

Үйге қамап төзімін кім шыдатпақ?

Амалсыздан балконда отырамыз,

Ұлымыз бен екеуміз күншуақтап.

* * *

Қызықтары баланың бар таңданар,

Қол бұлғайды бастарға балкондағы әр…

Дала – көктем. Ағаштар бүршік жарған,

Кезі ме бұл шаруаның арқандалар?

* * *

Көліктер тұр міз бақпай қаңтарылып,

Ұлым қарап қояды аңтарылып.

Былдырлайды «Анау не, мынау не?» деп,

Алдандырған боламын арқаға ұрып:

* * *

Аноооу – менің жұмысым, (санаулы ақшам).

– Мынау – дүкен, ал сенің анау бақшаң,

Ал төменге түсуге болмайды әзір,

«Бабай» кетіп қалғанша жөн-ау тосқан.

* * *

Анау жүрген – полиция бізді ойлаған.

Әткеншегің әне тұр күзде ойнаған,

Асыр салып ойнайсың, Құдай жазса,

Үмітіңді тоса тұр үзбей, балам…

* * *

Ұлым үнсіз кіреді сосын үйге.

(Қайдан ғана тап болдық осы күйге?)

Жүйкемді ме, білмеймін бір жерімді,

Бара жатқан сияқты тесіп ине.

* * *

Тілім қоса өзіммен байланады,

Қылар бұған әкенің қайда амалы?…

Бүгін бір ай болыпты-ау байғұс балам,

Үй ішінде белсебет айдағалы.

Ғабит КӘДІРБАЙ,

ұстаз, ақын

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: