Жуырда Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында белгілі журналист-публицист, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеушісі, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Әдеби кешке танымал қаламгерлер, журналистер, ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, кітапханашылар, студенттер мен оқушылар қатысты.

Оқырмандарға таныстырылған кітап – автордың алғашқы әдеби-көркем шығармаларының жинағы. Онда «Түлкілітаудың аспаны» повесімен қатар, «Ақбөкен жылаған түн», «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» атты жүрекке жылы әңгімелер топтастырылған. Шығармалар мектеп жасындағы балаларға және жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған. Повестің басты кейіпкері Әмір есімді баланың өмірі, бейнесі арқылы автор балалық шақтың балауса сәттерін бейнелеген. Туынды оқырманға еңбекқорлық, ата-анаға құрмет, табиғатқа деген сүйіспеншілік, арманға адалдық сынды маңызды құндылықтарды насихаттайды.
Таныстырылым барысында ел тарихы мен Ақтоғай өңірінің рухани бай мұрасын насихаттауға үлкен еңбек сіңірген өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, аудармашы-зейнеткер Рымбала Смайылова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының жанындағы ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, балалар жазушысы Жұпар Жақан және басқа да қонақтар сөз сөйлеп, кітаптың мән-маңызына тоқталды. Олар автордың шығармашылығына жоғары баға беріп, бұл туындының жас буынға берер тағылымы мол екенін атап өтті. Рухани кеште Төлен Тілеубайға мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Сәбира Құлпейісова сөз тізгінін алып, автордың жастайынан көркем шығармалар жазуға құштарлығы мен қабілеті болғанын айтып, бүгінгі күндегі қаламгерлік жетістігіне қуанатынын үлкен тебіреніспен жеткізді. Сондай-ақ әсерлі жүздесуде жазушының бірге оқыған сыныптастары балалық шақтың, ауыл өмірінің қызықты сәттерімен бөлісіп, авторға шығармашылық табыс тіледі. Одан әрі Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ студенттері және А. Байтұрсынұлы атындағы гимназияның, «Білім-Инновация» лицей-интернатының, «ДАРЫН» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының, №19 жайлы мектебінің оқушылары жазушыға өзін толғандырған сұрақтарын қойып, повестке қатысты өз ой-пікірін айтты.

Балаларға арналған шығарманың негізгі идеясы – адамгершілік, еңбекқорлық, табиғатқа сүйіспеншілік секілді асыл құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру. Жатық тілмен жазылған туынды балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, ізгілік пен мейірімге баулиды. Бұл миссияның орындалып жатқанын кешке қатысқан кішкентай оқырмандардың әсерлі пікірінен аңғардық. Кішкентай Айша есімді қыз кітапты аса зор сүйіспеншілікпен оқып шыққанын айтып, түсінде өз ауылын көргенін жеткізді. Оның түсі «Түлкілітаудың аспаны» кітабының әсерінен туғандай болды. Айшаның бұл пікірі кітаптың балалардың жан-дүниесіне қалай терең әсер ететінін айқындай түсті. Байтұрсынұлы атындағы гимназияның, «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары да повесть туралы тұшымды ой айтты.
Бұл кеште таныстырылыммен қатар болашақ журналистерге көптеген кеңестер айтылды. Төлен Тілеубай өз сөзінде журналист пен жазушы үнемі ізденісте, ой үстінде жүруі керектігін атап өтті. Өйткені қоғам үнемі өзгеріп отырады, ал жорналшы сол өзгерістердің мәнін терең түсініп, халыққа жеткізуші болуы тиіс. Жаңа кітаптың таныстырылымы еліміздің басқа да аймақтарында, мектептер мен кітапханаларда өтіп жатқанын естіп-білдік. Осындай тағылымы мол әдеби кештер жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттырады. «Түлкілітаудың аспаны» – ойлы оқырманға терең ой салатын, бала жүрегіне мейірім ұялататын, болашаққа сеніммен қарап, үміт сыйлайтын шығарма. Менің ойымша, бұл туынды әрбір қазақ баласының кітап сөресінде тұруға лайықты шығарма.
Ақниет АЛИЗАХ,
№59 мектептің 11-сынып оқушысы,
Қарағанды қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!