Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағбан шал мен жігіт және қыз

19.06.2025, 6:30 162

HALYQLINE.KZ

Әңгімені сәл әріден бастайын. Жалпы, жер бетіндегі халықтың бәрі де – дана, дара, ұлы халық. Адамзат баласының жаны мен қанының тазалығы арқасында ақыл мен ойдың, сана мен сезімнің, зейін мен зерденің, пайым мен парасаттың және барлық жақсы адами қасиеттердің жетілу сатылары қалыптасатыны белгілі. Қазақта жеті атасын жетік біліп, жеті атасына дейін ерлі-зайыпты болып жұптаспау халқымның АРЫНЫҢ, ЖАНЫНЫҢ, ҚАНЫНЫҢ, ТӘНІНІҢ және ТЕГІНІҢ тазалығына тікелей әсер еткен. Бұл ғылыми түрде дәлелденген де, мойындалған да. Атам қазақта:

Жеті атасын білген ұл,

Жеті жұрттың қамын жер.

Өзін ғана білген ұл,

Құлағы мен жағын жер, — деген даналық сөз бар. Иә, жеті атасын жетесіз ғана білмеуі мүмкін. Оны білдіру, ұғындыру – үлкендердің міндеті.

Бұрынғы өмірден өткен ата-бабаларымыз көріпкел көсем де, сөзге тым шешен де, кісіні жан-жақты сынаудың сайыпқыраны да болған ғой. Ертеректе егде тартқан ел ағасынан естіген мынау бір әңгіме еріксіз ойыма оралды. Сонау ерте заманда су ағып жатқан арықтың бойын жағалап келе жатқан жас жігіт сумен ағып бара жатқан бір алманы алып, бір рет тістейді де ойға қалады. «Бұл алма бір кісінің табан еті, маңдай терімен еңбектеніп өсірген алмасы ғой. Бұл алманың иесі кейін ақыретте кездесіп ақысын сұраса, не айтамын, ұят болды-ау!» деп көп қиналады. Жас жігіт алманың иесі бағбан шалды іздеп табады.

— Ақсақал, сіздің бақшаңызда өскен бір алманы сіздің рұқсатыңызсыз жеп қойдым. Мені кешіріңізші! — деп өтінеді.

Қария кісі жігіттің жүзіне бағдарлай қарап:

— Кешірім бермеймін. Менің еккен бау-бақшамда бір жыл жұмыс істе, сосын белгілі болады, — дейді.

Жігіт қарияның айтқанына көніп, бір жыл бақшада жұмыс істейді. Бір жыл болған соң жігіт:

— Ата, мені кешіріп, ризашылығыңызды беріңізші, — дейді.

— Кешірім де, ризашылық та бере алмаймын. Ол үшін менің қызыма үйленуің керек. Сонда ғана әлгі сұрағаныңды беремін. Қызымның аяғы ақсақ, қолы шолақ, көзі соқыр, тілі мылқау, құлағы керең. Ұнаса үйленесің, ұнамаса өзің біл, жолың анау! — дейді қария.

Жігіт қайткен күнде де қарияның кешірімі мен ризашылығын алу үшін имандылық пен ибалықтан аттамай, келіседі.

— Келіссең қызымды көр, анау отаудың ішінде отыр, — дейді көпті көрген қария.

Жігіт барып отаудың есігін ашып ішке кірсе, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, қаракөз, қиғаш қас, аққу мойын, сүмбіл шаш, бұғы бөксе, бура сан, екі беті алмадай, аяқ-қолы балғадай, саусақтары сүйріктей бір сұлу отыр.

Жігіт қария кісіге келіп:

— Ата, ол отауда тіпті басқа қыз отыр ғой?! — дейді не болғанын білмей.

Сонда көпті көрген көнекөз қария:

— Аяғы ақсақ дегенім – орынсыз жүре бермейтінін, бейтаныс біреулердің көзіне түсе бермейтінін, қолы шолақ дегенім – жолында ат басындай алтын жатса да алмайтынын, көзі соқыр дегенім – басқаның дүние-мүлкіне көз салмайтынын, тілі мылқау дегенім – біреудің сыртынан өсек, өтірік, ғайбат айтпайтынын, құлағы керең дегенім – жаман, әдепсіз сөздерді тыңдамайтынын саған астарлап айтып едім. Сен арықтағы суда ағып бара жатқан алманы бір тістегенің үшін өзіңді кінәлі сезініп, сол алманың иесі мені таптың. Сол кезде сен менің қызыма лайық адал, асыл жар болады деген ойда болдым. Шынында, өзіңдей иманды да, инабатты адал азаматқа қызымды қосқым келіп еді. Міне, бүгін сол маған кездесіп, сынақтан сүрінбей өттің. Енді бұдан былай екеуің бақытты, дәулетті болып, ұзақ ғұмыр кешіңдер! —  деп абыз ақсақал ақ батасын беріпті.

Солай екі жас бақытты өмір сүріп, өмірге үлгілі ұрпақтар әкелген екен.

Шіркін-ай, бүгінде жас жұбайлардың ажырасулары азайып, бағбан абыз ақсақалдай ақылдың кені мен аса имандылық пен обал-сауапты шын сезіне білетін жастардың қатары көбейе бергей.

Қанжығалы  ҚАЗЫБЕК

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: