Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әлішпен бірге аймақтық «Тұран Қазалы» және аудандық «Қазалы» газеттеріне барып, басылымдардың жұмысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің баспаханасында болып, басылымды шығару барысын көзбен көрді. «Тұран–Қазалы» ЖШС директоры Нұрбол Әлмәмбетов пен газеттің бас редакторы Раушанбек Сейтенов баспаханадағы техникалармен таныстырып, олардың атқаратын қызметтері туралы айтып берді. «Тұран Қазалы» газеті 11 мыңнан астам таралыммен облыс аумағына таралатын басылым.
Қазіргі таңда редакцияда ардагер журналист, бас редактор Раушанбек Сейтенов бастаған шығармашылық ұжым еңбек етуде. Аймақтың қоғамдық-мәдени өмірінен сыр шертетін маңызды басылым 2003 жылдан бері жұмыс жасап келеді.
Мұнан кейін аудан әкімі облыстық «Сыр медиа» ЖШС-ға қарасты «Қазалы» газетінің жұмысымен танысты. Аудандық газеттің бас редакторы Есет Табынбаев аудан басшысына редакция жұмысын таныстырды. «Қазалы» газеті – бүгінде еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар қоғамдық-саяси басылым. Таралымы 4353 дананы құрайтын газет аптасына екі рет шығады. Қазіргі таңда газет жанынан «Қазалы» газетінің электронды нұсқасы да жұмыс істеп, жергілікті оқырмандар арасында кеңінен танымал болып отыр. Газетте бүгінде 10 қызметкер еңбек етеді.
Аудан тұрғындарын жедел ақпарат, мазмұнды сұхбаттар, танымдық және сараптамалық материалдармен қамтамасыз етіп жүрген журналистермен жүздескен аудан басшысы алдағы уақытта да халық сүйіп оқитын сапалы мақалалар көп болуына тілектестік білдіріп, ұжым қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Аудан әкімі аудандағы екі басылымның да ғимараттары аумағында көктемгі санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, ғимараттардың аулаларын таза ұстауды тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!