Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атаусыз… (Видео)

27.04.2023, 9:20 399

Қалқаман  САРИН

QR-код  арқылы  қара  өлең  тыңдаңыз!

Түлкіқұйрық тіршіліктің түбі азап,

Түбі азаптан сақтар мінсіз мінәжат.

Бес күн жалған —

Бесік пен көр арасын

Бір-ақ ауыз сөзбен түйген бұ қазақ!

Ата сөзге тоқтамастың аты — арсыз!

Аты — арсыздың

Зәузаты — тұл

Заты — әлсіз.

Есті сөздің егесі — елім,

Ежелден

Ешнәрсені қалдырмаған атаусыз.

Бір-ақ сәтте суып ыстық құшағы,

Бір-ақ сәтте күйге түсіп құсалы,

Күйеуі өліп, күңіренген әйелді —

«Жесір» дейді, біздің қазақ, мысалы!..

«Жесір» дейді…

Мен білмедім, неліктен?

Қаңғытпаған және еншісін беріп кем.

Жарым көңіл жанға айтылған демесең,

Сөз емес-ау, әсте, әйелді кеміткен.

Өмір — кейде көктем, кейде күзгі жел,

(Ғазиз-ғұмыр үзілгенше үздігер).

Ата-анасыз қалған бейбақ баланы,

«Жетім» деген тағы да осы біздің ел!

«Жетім» дейді…

Қарап барлық көз бөтен,

Өз жаныңа болмас, сірә, өзге тең.

Жүрекке ауыр тигенімен, кім білсін,

«Жетім» деген —

«жетіл» деген сөз бе екен?..

Бір мезетте кешіп солай түрлі ойды,

Көзді байлап, тілді күдік күрмейді.

Әрнәрсенің атауы бар, ал, бірақ,

Баласы өлген Ата-Ананы кім дейді?

Баласы өліп, боздағанды кім дейді?

Білмейді оны, ешбір адам білмейді.

Жауабы жоқ жалғыз осы сұрақтың,

Жыла, мейлі…

Күл, мейлі!..

Жо-жоқ,

Жо-жоқ!..

«Шерменде» емес,

«Шерлі» емес,

«Қубас» та емес,

«Пақыр» да емес,

«Пенде» емес.

Әлем кезіп кетсең-дағы, бәрібір

Әдемі сөз табылмайды елден еш!

Тағдыр деген — тозаңы ұшқан кәрі жол,

Бізді арманға жеткізер ме, тәрізі, ол?

Қазағымның «Аталатсаң аталат,

Боталатпа!» дегенінің мәні зор!

Атам қазақ айтар еді, айт, десе,

Сөз таба алмай қалған жоқ-ау,  әйтпесе.

Қару ұстап,

Қан уыстап шашпай-ақ,

Талай даудан

Талай жаудан қайтты есе!..

Иә, мұнда ғибрат бар ғұмырлық,

Тағдырлы елге таң — несібе, іңір —  құт.

«Ешбір адам баласынан айрылып

Жыламасын» деген шығар, ырым ғып.

Өмір мәнін білмей…

Күндей батарсыз,

(Өлім дәмін сіз де бір күн татарсыз).

«Бар адамның баласы аман болсын»  деп,

Қазақ оны қалдырған-ау, АТАУСЫЗ!

Атауы жоқ,

Атауы жоқ,

Атама!

Атауы оның —

Әке-Шеше!

Ата-Ана!

Он баласы опат болып кетсе де,

Ана — Ана боп қалады екен,  О, Тоба!..

Әке — Әке боп қалады екен,  О, Тоба!..

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: